Тікелей эфир

Лобби және ақпараттық күрес. Майкл Блумбергтің темекімен күресі неге сынға ұшырады

Майкл Блумберг. Фото: Politico
Майкл Блумберг. Фото: Politico
Сарапшылар ДДСҰ Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясы миллиардер Майкл Блумбергтің ықпалынан шыға алмай отыр деп айыптады.

2023 жылғы қарашада Stopping Tobacco Organizations and Products (STOP) үкіметтік емес ұйымының ұсыныстары негізінде әзірленген Global Tobacco Industry Interference Index құжаты жария болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қуаттаған және ұйымның ресми сайтында көпшілік назарына ұсынылған бұл құжат негізгі 9 кеңестен тұрады. Тоғыздың тоғызы да – тыйым салулар.

Атап айтқанда, темекі индустриясының қайырымдылықпен, демеушілікпен айналысуына, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында шаралар ұйымдастыруына, тіпті мемлекеттік билік өкілдерімен іскерлік байланысқа түсуіне де тыйым салу көзделген. Ал бұл ұсыныстар Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясына қосылған елдердің бәріне ортақ екенін ескерсек, олардың Қазақстанға да тікелей қатысы бар. 

Айта кетерлігі, құжаттағы тыйымдар тізімінің жасақталуына негіз болған Stopping Tobacco Organizations and Products ұйымы Bloomberg Philanthropies қорының қаржысына құрылған болатын және соның қаржыландыруымен қызмет етеді. Ал бірнеше ондаған жылдардан бері темекімен күреспен шұғылданып келе жатқан АҚШ миллиардері Майкл Блумбергтің ұстанымы бойынша, құрамында никотині бар өнімдердің кез-келген түріне толық тыйым салынуы қажет. 

Бұл ретте биылғы 5 ақпаннан бері Панамада өтіп жатқан COP 10-сессиясының тасасында және Taxpayers Protection Alliance қауымдастығының "Good COP/Bad COP" шарасы аясында өткен панельдік сессия "Майкл Блумбергтің ДДСҰ Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясына ықпалы қандай?" деген тақырыпқа арналды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан Панамада өтіп жатқан COP10 жиынында мәлімдеме жасады


Taxpayers Protection Alliance қауымдастығының президенті Дэвид Уильямс Майкл Блумберг қаражатын тұтынушылардың таңдауын қысқарту үшін жұмсап жатқанына тоқталды. 

"Майкл Блумберг өзін мықты қайырымдылық жасаушымын деп біледі. Балаларға, үлкендерге көмектесіп жатырмын деп ойлайды – бірақ, ол олай емес. Шектеу енгізу арқылы ол басқа біреуге емес, тек өзіне ғана қызмет етеді", – деді Дэвид Уильямс. 

Айта кетейік, панельдік сессияның ағылшын тіліндегі видео нұсқасын осы сілтеме арқылы өтіп тамашалауға болады:

Шарада Ұлыбритания, Канада, Оңтүстік Африка және Аргентинадан келген сарапшылар өз ойын айтты. 

Айталық, ұлыбританиялық сарапшы Джинни Кэмерон миллиардер Майкл Блумбергтің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімдеріне ықпалы өте зор екеніне назар аударды. 

"Кім ақша төлесе, сол музыкаға тапсырыс береді. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын айыптаймыз, бірақ оның артында тұрған біреу бар ма?" деп, Майкл Блумбергтің қорын меңзеп өтті. 

Сарапшылардың ортақ пікірі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы конвенцияға мүше елдерге ортақ ұсыныстарының бәрі бірдей олардың ұлттық заңнамаларына және халқының әлеуметтік тұрмыс жағдайына сай келе бермейді. Одан қалды, балалар арасындағы темекі не темекі өнімдерін тұтынушылықпен күресу жолында әлемдегі 1,3 миллиардтан астам ересек адамдардың тұтынушылық құқығын аяқасты етуге болмайды деген пікір айтылды. 

Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шектеулеріне қарамастан, әлемде темекі тартатындардың үлесі жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады. Бұл планета тұрғындары санының өсуімен де байланысты. Әлемде 1990 жылы темекі тартатындардың саны 0,99 млрд болса, 2019 жылы олардың саны 1,14 миллиардқа жеткен (дереккөз: Lancet журналы).


Оқи отырыңыз: Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?


Темекі тартатындардың үлесі Қазақстанда да өсіп келе жатыр. 2023 жылдың соңыңдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда темекі тартатындар саны 3,9 миллионды немесе жалпы Қазақстан халқының 19,4 пайыз үлесін құрайды. 2019 жылдан бері шылымқорлар саны 1 миллионға артқан

Good COP/Bad COP сарапшылары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, Майкл Блумбергтің қоры да темекімен күресте мүлде қате жолды таңдап отырғанын алға тартады. Олардың тұжырымынша, бұл мәселеде саяси шешімдер емес, ғылыми шешімдер алға шығуы қажет. Ал ғылыми зерттеулер жоқ емес, бар және мұндай зерттеулерді қолданысқа енгізу арқылы жақсы нәтижелерге жеткен елдер де бар. Оның мысалын төмендегі инфографикадан айқын көруге болады. Онда тек ДДСҰ ұсыныстарына сүйенген және темекі зиянын азайту бағытын ұстанған елдердегі темекі тартатындар санының азаю динамикасы берілген. 

Ғылыми шешімдердің негізгілері – жанбайтын, түтінсіз, кәдімгі темекіге қарағанда зияны әлдеқайда азырақ балама түрлерін ұсынуға негізделген. Яғни, мүлде зиянсыз емес, бірақ, адам ағзасына никотинді балама тәсілдермен жеткізу жолдары болып саналады. Оған снюс, электронды темекілер, вейптер мысал бола алады. 

Алайда, көптеген елдер ДДСҰ ұсыныстарының шеңберінен шыға алмай келеді. 

"Біздің Оңтүстік Африкада сала басшылары тым әлсіз деп деп есептеймін. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтқанын шіркеуден уағыз айтылып жатқандай ұйып тыңдайды. Ал олардың ұсыныстарын біздің елдің жағдайында тексеріп көруге мүмкіндіктері жоқ", – деп атап өтті оңтүстікафрикалық сарапшы Курт Йео. 

Ал халықаралық ұйымның ықпалын күшейтуге жалған және жаңсақ ақпараттың кеңінен таралуы да өзінің үлкен үлесін қосады. Бұған да медиамагнат Майкл Блумберг қорының ықпалы жоғары, дейді сарапшылар. 

"Бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ойға қонымсыз мәлімдемелер тарап жатыр. Дәрігерлердің өзінің арасында "никотин өздігінен зиян және өкпе обырын тудырады" деген түсінік болса, онда қарапайым адамдардың мұндайға неліктен сеніп жүргеніне таң қалуға болмайды", – деп атап өтті ұлыбританиялық Крис Сноуден. 


Оқи отырыңыз: COP10 алғашқы күні Латын Америкасының темекі өсірушілері ереуілге шықты


Панельдік сессияның түйінінде сарапшылар Блумберг пен COP10 конвенциясына қатысушыларға өз үндеуін жасады. Бұл үндеу балалар арасындағы шылымқорлықпен күресте ересектердің құқықтарын назардан тыс қалдырмауға негізделген. 

"Бүкіл әлемнің елдерінің үкіметтері бір адамның ықпалынан шығып, шынайы ақпарат таратуға және балама өнімдерге қолжетімділікті арттыруға жол ашуы қажет". Сарапшылар осы қорытынды үндеумен тарқасты. 

Еске салайық, Қазақстанда миллиардер Майкл Блумбергтің қорынан қаржы алды деп қазақстандық белсенді, "Темекісіз Қазақстан" қоғамдық қорының жетекшісі Жәмилә Садықоваға да айып тағылған болатын. Алайда, оның өзі бұл ақпараттың жалған екенін айтып, растаған жоқ. Дегенмен, Жәмилә Садықова жетекшілік ететін "Темекісіз Қазақстан" қоғамдық қорының жылдық кірісі 2021 жылы 119,8 млн, 2022 жылы 148,6 млн, ал 2023 жылы 86 млн теңгені құрады деген ақпарат бар. 

Серіктестер жаңалықтары