Тікелей эфир

Қазақстан Панамада өтіп жатқан COP10 жиынында мәлімдеме жасады

Журналистер шараны ұйымдастыру тәртібінің өрескел бұзылғанын байқады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясы Тараптар конференциясының 10-сессиясының екінші күнінде Қазақстанның ресми делегациясының жетекшісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов мәлімдеме жасады.

Анығында, бұл мәлімдеме жиынның алғашқы күні жасалуы тиіс болатын, алайда сессияның аяқталуына байланысты мәлімдеме екінші күнге шегерілді. Осы ретте журналистер жиынды өткізу тәртібінің өрескел бұзылғанын байқады. Мемлекеттік орган өкілдерінен ғана құралатын ресми делегация отыратын залда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де жайғасты. Атап айтқанда, қазақстандық "Темекісіз Қазақстан" қоғамдық қорының жетекшісі Жәмилә Садықованың ресми делегация мүшелерімен қатар отырғаны және үнемі олармен байланыста болғаны байқалды. Мұндай әрекет COP10 ұйымдастыру хаттамасы бойынша, "мемлекеттік органдардың ісіне араласу" ретінде бағаланады.

Еске салайық, қазақстандық белсенді бұған дейінгі COP отырыстарында да осы тектес әрекетке барып, ешбір заңды талапқа сай келмесе де, Қазақстан атынан мәлімдеме жасаған болатын.


Оқи отырыңыз: COP10 алғашқы күні Латын Америкасының темекі өсірушілері ереуілге шықты


COP10 конференциясының 10-сессиясының екінші күнінде ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов ресми мәлімдеме жасады.

"Біз темекі өнімдерін тұтыну – денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мәселе екенін мойындаймыз. Ол әрбір адамның денсаулығына әсерін тигізетіндіктен, кең ауқымдағы халықаралық әріптестікті талап етеді. Бұл орайда біз Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясына қосылдық және конвенцияның ұсыныстарын өз еліміздің ұлттық заңнамасы аясында жүзеге асырамыз. Мысалы, біз салық саясатымызға өзгерістер енгізіп, акциз құнын өсірдік. Темекі қорабына қойылатын талаптарды күшейттік", – деді Азамат Дүйсенов.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда жастар мен жасөспірімдер арасында вейп қолдану мәселесінің өзекті болып отырғанына да тоқталды.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстандағы жасөспірімдердің 18 пайызы вейп қолданады. Осы орайда вейп өнімдерін қолдануға мүлде тыйым салу және вейп сатушыларға қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасын Қазақстан үкіметі қолдап, ал биыл Парламент депутаттарының басым бөлігі оны жақтап дауыс берді. Қазіргі таңда оның стандарттары талқыланып жатыр", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Біз бұған дейін Қазақстан COP10 конференциясына өзінің мемлекеттік позициясын белгілегенін жазған едік. Бұл позиция 2023 жылғы қыркүйек-қазанда ҚР Сыртқы істер министрлігінің алаңында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулерде айқындалған болатын. Ол туралы төмендегі сілтеме арқылы өтіп оқуға болады:


Оқи отырыңыз: Панамада бүгін темекіге қарсы күрес бойынша ДДСҰ жиыны басталады. Қазақстанның ұстанымы қандай


Еске салайық, Панамада басталған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясы Тараптар конференциясының 10-сессиясы 10 ақпанға дейін жалғасады. Оған Қазақстаннан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдерінен құралған ресми делегация қатысып жатыр.

Сондай-ақ, журналистер шараға қазақстандық белсенді, "Темекісіз Қазақстан" қоғамдық қорының жетекшісі Жәмилә Садықованың да қатысып жатқанын байқады.

Жәмилә Садықова қоғамдық денсаулық сақтау проблемаларын көтеріп жүрген белгілі қоғам белсендісі. Ол темекі және темекі өнімдеріне қарсы белсенді қызметімен танымал. Ал соңғы уақытта оған бірнеше рет Майкл Блумберг қорынан қаржы алды деген айып тағылған болатын. Оның аясында Жәмилә Садықова жетекшілік ететін "Темекісіз Қазақстан" қоғамдық қорының жылдық кірісі 2021 жылы 119,8 млн, 2022 жылы 148,6 млн, ал 2023 жылы 86 млн теңгені құрады деген ақпарат тарады.

Бұл туралы Информбюроның Қазақстандағы вейпке қарсы кампания туралы зерттеу материалынан толығырақ оқуға болады. 

Айта кету керек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2014 жылдан бері қолға алған қатаң шараларға қарамастан, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда шылымқорлар саны өскені байқалады. Мысалы, 2023 жылдың соңыңдағы мәлімет бойынша Қазақстанда темекі тартатындар саны 3,9 миллионды немесе жалпы Қазақстан халқының 19,4 пайыз үлесін құрайды. 2019 жылдан бері шылымқорлар саны 1 миллионға артқан. 

Серіктестер жаңалықтары