Панамада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Темекіге қарсы күрес бойынша шекті конвенциясы Тараптар конференциясының 10-сессиясы басталды.
Шараға темекі өндіруші компаниялардан бөлек, темекі өсіруші шаруалардың өкілдерінің де қатысуына шектеу қойылған. Соған орай, Панама, Гондурас, Колумбия, Никарагуа және өзге де жақын елдерден келген шаруалар наразылық танытып, бейбіт ереуіл ұйымдастырды.
Ереуілшілердің айтуынша, олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекі өнімдерінің барлық түрін теңестіру туралы идеясына қарсы.
Оқи отырыңыз: Панамада бүгін темекіге қарсы күрес бойынша ДДСҰ жиыны басталады. Қазақстанның ұстанымы қандай
Латын және Оңтүстік Америка темекі шаруаларының өкілі Энрике Руиз темекі өсіру – шаруалардың табысының жалғыз көзі екенін және одан айыру олардың өмір салтын түбегейлі бұзуына әкелетінін айтады.
"Біз бұл жерге өз мүддемізді жеткізіп, қарсылығымызды таныту үшін жиналдық. Темекі шаруашылығы Панама, Гондурас, Никарагуа, Колумбия сияқты осы шаруашылықпен өте көп жылдардан бері айналысатын шаруалар үшін мұра болып есептеледі. Рас, біз темекінің зиянын түсінеміз. Бірақ, сонымен қатар, темекі жапырақтарынан алынатын өнімдерінің бәрінің зиянының деңгейі бірдей емес екенін айтқымыз келеді", – деді Энрике Руиз.
Оның түсіндіруінше, Латын Америкасына жататын елдердің біразы үшін темекі шаруашылығы – тек ауыл шаруашылығының бір түрі ғана емес, сонымен қатар, бір жағынан ұрпақтан ұрпаққа берілетін дәстүрлі мұра болса, екінші жағынан отбасын асыраудың жалғыз жолы.
Панама тұрғыны, темекі жапырағын өсірумен айналысатын шаруалардың бірі бұл іспен өзінің әулеті 250 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, шаруалардың бір күнгі орташа жалақысы шамамен 13 доллар ғана шамасында.
Ереуілге шыққан шаруалар өз мұң-мұқтажын арнайы плакаттар арқылы да жеткізген. Бірінде: "ДДСҰ назарына! Сіздердің шешімдеріңіз темекі өсірушілердің өміріне ықпал етеді. Шешім қабылдамас бұрын біздің елді мекендерді аралап көріңіз" деп жазылса, тағы бірінде "1 миллион сигара = 1300 жұмыс орны. Басқа шешім қажет" делінген.
Премиум санатына жататын сигараларды өндіретін зауыттарға темекі жапырақтарын өткізетін шаруалар өздерінің балаларға зияны жоқ екенін алға тартады. "Қатпарлы бәліштер балаларға арналған, ал сигаралар – жоқ" деп жеткізді олар бұл ойын.