Айман Байтұрсынова – кәсіби доула. Ол болашақ аналарға арналған курстар жүргізеді, босанар алдындағы түрлі қорқынышпен күресуге, дені сау баланы дүниеге алып келуге көмектеседі. 30 жыл бұрын перзентхана қабырғасында жұмыс істеп бастаған акушер жүкті әйелдерге адам баласының қолдауы мен махаббаты, бұдан бөлек жүктілікке қатысты білімін арттыру аса маңызды екенін айтады. Осы орайда ол доула қызметі және оның босануды жеңілдетуге қандай қатысы бар екені туралы әңгімеледі.
– Доула деген кім және оның қызметіне не кіреді?
– Доула – жүкті келіншектерді жүрегімен қабылдап, оларға сәбиін барынша қиналмай осы дүниеге алып келуге көмектесетін тәжірибелі, сертификаты бар маман. Доула әйелдерді жүктілікке дайындап қана қоймай, босанған сәтінде қасынан табылады. Жүкті әйелдің физиологиясы мен психологиясынан хабардар болу үшін әртүрлі салада білім алады. Біздің елде ол соңғы 6-7 жыл көлемінде асқан танымалдылыққа ие.
Нақты қандай көмек көрсететінімізге келетін болсақ – бұл болашақ ананың көкейіндегі жүктілікке қатысты сұрақтарға жауап беру және денесінде болып жатқан процестерді түсіндіру. Толғақтың қалай өтетінін, босану кезінде қандай позалар болатынын айтып көрсетеміз, перзентханада киініп, жуынуға көмектесеміз. Сондай-ақ, басты міндетіміз – толғақ басталған сәтте хабарласып жатса, тәуліктің қай уақыты екеніне қарамастан тұтқаны көтеріп, перзентханаға келу. Бұдан бөлек, босанғаннан кейін де әйелдің қасында болып, шай-тамағын беріп, баланы қалай шомылдыру, массаж жасау және жөргекке орау керектігін көрсетеміз.
– Бұл мамандық туралы қайдан білдіңіз және оны таңдауға не себеп болды?
– Бірінші мамандығым – акушер, №5 перзентхананың босану бөлімінде жұмыс істедім. Сол кезде қасында көмек беретін арнайы адам болмаса, әйелдердің босанғанда қалай қатты қиналатынын көріп жүрдім. Кейін осы бағытта білімімді жетілдіру үшін Алматы қаласында Олеся Ливоренконың курсынан өттім. Ол кісі Мәскеуде оқып келген еді. Әйелдердің туу психологиясы мен физилогиясымен етене таныс болғандықтан, доула болу аса қиынға соқпады. 30 жылдық тәжірибемде доуланың көмегіне жүгінген болашақ аналарға кесарь тілігін жасау көрсеткіші төмен екеніне көзім жетті.
– Доулалардың медицина тұрғысынан босандыру процесіне араласпайтыны рас па?
– Доула медицина маманы емес, босандыру процесінде қатаң түрде әдептілік сақтай білуі шарт – диагноз қоймайды, қан қысымын өлшемейді, анализ тапсыруына араласпайды. Ал толғақ басталған сәтте керісінше барынша белсенді болып, массаж жасап, тыныс алу техникасын еске салады. Осылайша, босандырып жатқан акушер мен дәрігердің жұмысына кедергі келтірмеуі, керісінше дәрігер мен ана арасында көпір болғаны абзал.
Оқи отырыңыз: Дененің ісінуі, шаштың түсуі және ұйқысыздықтың себебі не? Фармацевт-нутрициолог түсіндірді
– Доуламен босанардан қанша уақыт бұрын кездескен жөн?
– Доуланы таңдаған кезде әлеуметтік желідегі парақшасы мен алған біліміне, босандырған әйелдердің пікіріне назар аударған жақсы. Барлығын ақылмен тексеріп алған соң іштегі түйсіктің көмегіне жүгінген абзал, өйткені доула мен болашақ ана арасында эмпатияның болуы маңызды. Бастапқыда екеуі екі рет кездесіп, 3 сағатқа дейін туу психологиясы және физиологиясымен танысады. Кейін біртіндеп практикалық жұмыстарға көшеді. Бастысы – доулаға 34 аптадан кеш жолықпау.
– Қазақстанда доула қызметіне жүгіну қанша тұрады? Негізінен жас аналар жүгіне ме әлде керісінше?
– Қатып қалған қағида жоқ. Ең алдымен, әйелдің нешінші жүктілігі екеніне қараймын. Себебі бірінші рет босанатындарға уақыт пен энергия көп кетеді. Кейде аналар жағдайын айтып түсіндіріп жатады, сол кезде бағасын түсіріп, адамгершілік танытамын. Жалпы доулалар қызметінің құны қазір 100-200 мың теңге арасында болып жатыр. Қуантатыны доулалардың қызметіне жүгінетін орта көбейіп жатыр. Әйелдер бірінші жүктілігі болмаса да, доула көмегіне жүгінуді жөн көреді.
– Бірінші көмектескен әйелдің нәрестесі есіңізде ме? Бірінші тәжірибеңіз қандай болған еді?
– 1993 жылы перзентханада акушер болып жұмыс істеп жүргенімде таныс, әпке-жеңгелерімнің қасында 5-10 сағат бірге болып көмек көрсететінмін. Ол кезде акушер болып жүрсем де, барынша моральдық, физикалық тұрғыдан қолдау көрсетуге тырысатынмын. Өзім мақсатты түрде көмек көрсетемін деп жолыққан әйел ұл бала босанды. Нәрестенің сол сәттегі түрі есімде болмаса да, араға 5-10 жыл салып сол ұл баланы көріп, желіде хат алмасып тұрамын.
– Егіз немесе үшемді босануға көмектескен кезіңіз болды ма?
– Екі рет егіз босануға көмектескенім есімде. Егіз немесе үшем босанатын әйелдердің жүрек түкпіріндегі қорқынышы басым болады. Қазір оларды тәуекел тобына кіргізді.
Оқи отырыңыз: Қалқанша безі ауруы іштегі баланың миына қалай әсер етеді? Дәрігер түсіндірді
– Жалпы қанша босану процесіне қатыстыңыз? Қай перзентханаларда болдыңыз? Олардың қайсысы жоғары сұранысқа ие?
– Акушерлікті қоспағанда доула болу қызметінде 350-ге жуық ананың жанында болып, қуанышын бөлістім. Алматы қаласында № 1, 2, 3, 4, 5 перзентханалары, Измир және өзге ақылы перзентханаларда болдым. Әйелдер босанатын перзентханаларды әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қарай таңдайтындықтан, оларды жаман-жақсы деп бөлмейміз. Дегенмен бірінші, екінші деңгейлі деп бөлінетіндіктен, №3 және Бәсенов көшесінің бойында орналасқан перзентханаға сұраныс жоғары.
– Ер адамның босанарда әйеліне серік болуына көмектескен, олардың талып қалған кездері болды ма?
– Алматы қаласындағы мемлекеттік перзентханаларда әйелмен бірге бір ғана адам кіре алады. Ал жекеменшік перзентханаларда доула да, жолдасы да кіре алады. Ер адамның кинодағыдай талып жатқан кездері болмады, олар алдын ала серіктес болу курсын оқыды. Қазір ер азаматтардың көбісі саналы түрде әйеліне қолғабыс етуге тырысады.
– Өзіңіз босанарда доула көмегіне жүгіндіңіз бе?
– 1998 жылы және 2004 жылы егізімді босанатын кезде Қазақстанда доула деген маман болмады. Алайда америкалық әдіс деп 2000 жылдан бастап перзентханаларда босану процесіне серіктестердің кіруіне рұқсат берді. Өзім акушер болғандықтан, туу психологиясы мен физиологиясын жақсы білгендіктен, босануға жаныма адам алмадым.
Оқи отырыңыз: Жүйелі қызыл жегі дертіне шалдыққан әйелдерге бала көтеруге бола ма?
– Қызметіңізге жүгінген әйелдер қандай қызық өтініштер айтатын еді?
– Әйелдердің барлығы дерлік бірінші кезекте нәрестесі үшін қатты алаңдайды. Яғни "Босанған соң баламды түсіріп алмасын, ар жақта дұрыстап қарасын" деп өтініш айтады. Дәрігерлердің артық дәрі салмауын қадағалауды сұрайды. Мен оларды түсінемін. Бұл ананың баласы алдында жауапкершілігін сезінетінін білдіреді.
– Босанған соң әйел және оның нәрестесімен кездесесіз бе? Аналарға босанғаннан кейінгі депрессия кезінде көмектескен кезіңіз болды ма?
– Босанған соң әйел адам қалап, қосымша ақысын төлеп жатса, міндетті түрде барып көмектесеміз. Үйінде көмектесетін жақыны болмаса, баланы қалай жөргекке орау, шомылдыру және қалай емізу керектігін үйретеміз. Мұның барлығын босанғанға дейін айтсақ та, босанғаннан кейін практика жүзінде үйретеміз. Аналарда болатын күйзеліс пен депрессия босана салып бір күнде басталып кетпейді. Кез келген жаңа босанған келіншек 1-2 апта көлемінде қатты қиналады. Егер осы күйі 40 күннен асып кетсе, жағдайын асқындырып алуы мүмкін. Оларды перинаталдық психологқа бағыттайтын кездеріміз болады. Дегенмен үйінде азаматы немесе қос анасы ерекше қолдау білдіріп жатса, депрессияны дер кезінде емдеп алады.
– Әйелдерге қазір жүктілік және босануға қатысты қандай білім жетіспейді? Бірінші рет ана атануға дайындалып жүрген әйелдерге қандай кеңес бересіз?
– Қазір жас қыз-келіншектер өте ізденімпаз, олар қалай босану керегін және босанған соң не істеу керегін теория жүзінде біліп келеді. Әрине, әлеуметтік жағдайына байланысты білімін жетілдіре алмағандар да бар. Ең басты кеңес – жүктілікті жоспарлау. Әке мен шешенің денсаулығы жақсы болса, сау баланы дүниеге алып келеді. Осы үшін алдын ала анализ тапсырып, денсаулықтарын қалыпқа келтіргендері абзал. Кейін жүктілікке дайындалу курстарына бірге барғандары пайдалы.
– Қазір Қазақстанда доулалар саны қанша? Араларыңызда бәсекелестік, тәжірибе алмасу деген бар ма?
– Нақты доулалар санына қатысты статистикалық ақпарат жоқ. Доулалар бас қосқан чатта 215 маман бар. Арамызда бәсекелестік болмайды, әрдайым кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасып отырамыз. Сұрақ-жауаппен шектеліп қана қоймай, әйелдің босануын жеңілдетуге көмектесетін қосымша салаларды игеруге тырысамыз. Мысалы, кәсіби түрде массаж жасай білу – бұл әйелдің қан айналым жүйесін жақсартады. Босанғаннан кейін әйелге денесін қалпына келтіруге көмектесу үшін йоганы да меңгердім. Салауатты өмір салтын ұстанатын әйелдердің жеңіл босанатынын байқадым. Болашақ аналарға 9 ай 9 күн бойы аналық махаббатыңызды сыйлап, сәбиіңізді аман-есен құшағыңызға алғыңыз келсе, мен сіздерге қызмет етуге дайынмын деп айтқым келеді.
Оқи отырыңыз: Баланы неше айға дейін емізуден шығаруға болмайды? Психолог кеңесі