Тікелей эфир

Баланы неше айға дейін емізуден шығаруға болмайды? Психолог кеңесі

Сәби өмірге физикалық тұрғыда келгенмен, оның психикасы бірден қалыптаспайды. Ол психологиялық тұрғыда тууы үшін кемінде 8 ай уақыт қажет.

"Балам 1 жастан асты. Жұмысқа шығуыма байланысты емізуді тоқтатпақ едім, бірақ психологиялық тұрғыда ол қаншалықты дұрыс шешім екенін білгім келеді. Жалпы, сәбиді неше жасқа дейін емізген дұрыс?" деген оқырман сұрағына Орталық Азия психоанализ институтының мамандары жауап берді.

Сәбиді 8 айда емізуден шығарудың салдары

Жалпы, психоанализ тұрғысынан қарағанда да, ислам діні тұрғысынан қарағанда да баланы 2 жасқа дейін емізген абзал. Психологиялық тұрғыдан қарағанда сәби 3 жасқа келгенше анасы барынша қасына болғаны дұрыс, бірақ әлеуметтік жағдайға байланысты сәбиді емізуден ерте шығаратын жағдайлар болады. Мұндай кезде сәбиді емізуден неше айда шығару керектігі емес, неше айында емізуден шығаруға болмайтынына баса назар аудару қажет. Өмірге келген сәттен бастап 8 айға дейінгі кезең – сәбидің өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Сәби физикалық тұрғыда өмірге келгенмен, оның психикасының "дүниеге келуіне" кемінде 8 ай қажет болады. 

Психологиялық тұрғыда туылу – тән мен жанның үйлесім табуы. Туған сәттен бастап 8 айға дейін анасынан махаббат, жылу, мейірім алмаған бала болашақта жаны жаралы адам болады. Тіпті, ерте жастан шизофрения дертіне шалдығуы мүмкін.

8 айлық сәбиде шекара қалыптасады

8 айға дейін сәби мен қоршаған ортада шекара болмайды. Сәби өзі мен анасын біртұтас әлем деп қабылдайды. Мұны психоанализ тілінде "симбиоз" деп атайды. Бұл кезеңде сіздің ана ретінде міндетіңіз – сәбиіңіз бен қоршаған ортасындағы шекараны белгілеп беру. 

Жан-жануарлардың төлдері туа салып, ойнақтап, жүгіріп кетеді. Ал адам баласының жаратылысы бөлек. Ол туа салып жүріп, жүгіріп кете алмайды. Айналасы түгіл, өз бойында не болып жатқанын түсінбейді. "Піш" етіп қойса да, қозғалып кетсе де, қарны ашса да – қорқады. Туған сәтінен бастап адам қатарына қосылып кетуі үшін мәпелеп, бағып-қағуыңыз керек.

Сәбиіңізді әлдилеп, мәпелеген кезде оның жүрегіне тыныштық орнап, қорқыныш сезімі басылады. Осыны баланың миы "ләззат алу" деп қабылдайды. Осылайша оның миында жаңа нейрондар қалыптаса бастайды. "Піш" етіп қойғанда – астын құрғатқаныңызды, қарны ашқанда – емізгеніңізді ол бірден бейсанасында сақтап отырады. Осы кездегі ең маңыздысы – тұрақтылық. Бір жылағанда емізіп, екінші жылаған кезде емізуге уақыт таппай, үй шаруасымен айналысып кетсеңіз – оның психикасы қай кезде қандай әрекет жасау керектігін, қай кезде қандай көмек болатынын түсінбей қалады. Дәл осы кезде оның бойында шекара пайда болып жатыр: жылаған – мен, емізген – басқа адам. Жылаған сәтінде қасында бірде бар, бірде жоқ болсаңыз – бала ересек өмірінде шынайы болып жатқан оқиғалар мен галлюцинацияны ажырата алмайтын болады. Жылаған кезде бірден емізсеңіз – сәбиіңіз үшін әлем жақсы, ал емізбей, жылатып қойсаңыз –сәбиіңіз үшін әлем жаман. Сәбиіңіз әлемді Сіздің әрекетіңіз арқылы таниды. Осы кезеңде сәбиіңіз бен оның қоршаған ортасында шекара дұрыс қалыптаспаса, ересек өмірінде қиындыққа сынып кететін адамға айналады. 

8 айға дейін сәбидің жанында тек анасы болуы керек

Тағы бір ескеретін жайт – сәби 8 айға толғанша жанында тек анасы болуы керек. Бұл кезеңде сәбиге анасынан басқа ешкім керек емес. Жоғарыда жазып өткендей, ол осы кезеңде анасымен біртұтас әлем. Осы кезеңде келіннің ата-енесі, туған-туысқаны көмектескісі келсе – сәбиді көтеріп, қолына алып, бауырына басып емес, яғни сәбидің тікелей өзіне емес, оның анасына көмектесуі керек. Мысалы, сәбидің анасына тамағын пісіріп, кірін жуып, үйін жинап көмектесу қажет. Осылайша анасы баласының қасында барынша көбірек болуына жағдай жасалуы керек.

Сәбиіңіз 8 айға толғанша күйзелісте, жанжал, ұрыс-керісте жүрсеңіз, оған жан жылуыңызды беретін мүмкіндігіңіз болмаса – ол ересек өмірінде соның салдарын көреді: алтынмен апталып, күміспен қапталса да бір нәрсе жетіспей тұрғандай, бұл әлемге керексіз сезімде жүретін, қуыс кеуде адамға айналады. Ал 8 айға дейін сүтпен бірге күйзелісіңізді емес, мейіріміңізді емізсеңіз – оның ересек өмірінде қандай қиындық болса да, қанша сүрінсе де қайта тұрып кететін ерік-жігерлі, іші махаббатқа толы адамға айналады.

Сәбиіңізді 8 айға дейін жұмақта жүргендей күйге бөлеңіз

Қорыта айтқанда: сәбиіңізді 8 айға дейін жұмақта жүргендей күйге бөлеңіз. Жыласа – бірден емізіңіз, "піш" етіп қойса – астын бірден құрғатыңыз. 8 айында баланың психикасы "туылады", сол себепті дәл осы айда сәбиіңізді емізуді тоқтатуға болмайды. Бұл уақытта оған онсыз да қиын. Өзі – бір адам, айналасындағылар – басқа адам екенін түсіне бастайтын күрделі кезең, сондықтан емізуді тоқтату туралы ойласаңыз – 8 айға дейін немесе 8 айдан кейін ғана қолға алыңыз. Ал 8 айдан кейін сәбиіңізге жұмақта жүргендей күйге бөлеудің қажеті жоқ, ол –  үлкен қателік, себебі 8 айдан кейін сәбидің жанжыныстық дамуының келесі кезеңі басталады. Ол кезеңде баланы тәрбиелеу – мүлде басқаша болады.

Серіктестер жаңалықтары