Информбюро журналисі АҚШ-та өткен "Әйелдердің экономикадағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту" (CAMEX) атты пресс-турға қатысты. Орталық Азия журналистері 10 күн бойы коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген әйел кәсіпкерлермен кездесті.
АҚШ-та 1,5 миллионнан астам коммерциялық емес ұйым тіркелген және олар 1913 жылы қабылданған Табыс туралы заңға сәйкес салықтан босатылады. Жыл санап олардың саны артып келеді. Олардың қатарында әйелдерге қолдайтындары да аз емес. Америка сапары туралы соңғы мақаламызда коммерциялық емес ұйымдардың қызметін баяндаймыз.
Women's Wilderness
Орталық Азия журналистері Колорадо штатындағы Боулдер қаласына барғанда Women's Wilderness ұйымының жұмысымен танысты. Ұйым қыздар мен әйелдерге табиғат аясында әр-түрлі шаралараға қатысу арқылы өз қарым-қабілетін ашуға және өзіне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі.
Ұйымға биыл 25 жыл толды. Мигранттар, қара нәсілділер, бинарлы емес және ЛГБТ өкілдері, босқындар секілді азшылыққа жататын қыздар мен әйелдердің басын қосып, олардың көшбасшы бола алатынын түсінуге, өз пікірлерін еркін білдіруге, әлеммен диалог құруға және өз ісін дамытуға көмектеседі. Олардың тән және жан саулығының нығайуына ықпал етеді.
Жыл бойы әңгімелесу, жаяу тур, құзға өрмелеу, кемпинг, қайық есу, жорық, экспедиция секілді бағдарламаларға қатысуға болады. Ұйымның қызметіне бар-жоғы 8 адам жауап береді. Олар бағдарламалардың тиімділігін бағалап, бюджетті есептейді. Операциялық мәселелерді шешіп, демеушілерді тартумен айналысады. Ұйым мемлекеттен грант алады, сонымен бірге жергілікті компаниялар да қаржылай қолдау көрсетеді. Кейбірі тауға шығуға, қонуға, құзға өрмелеуге қажет киім-кешек, құрал-жабдықтар алып береді.
"Қыздар мен әйелдер бір-бірімен араласып, жетістікке жеткенін көргенде өзіне сене бастайды. Кейін бизнес не саясатта болсын кез келген салада жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырады. Қыздар орманда, тауда түнейді. Табиғат аясында адам өзін еркін сезінеді, жаны тынышталады. Оған қоса басқа қатысушылармен тілдесіп, ойын еркін айтып, көшбасшы болуды үйренеді. Осылайша мүмкіндіктерді көріп, жаңа есіктер ашылады. Жазда көп инструкторлар жалдаймыз. Мектепке барып бағдарламаларымыз туралы айтамыз. Қоғамға не қажет екенін білеміз. Сондықтан аса қажет бағдарламаларды қаржыландыру үшін бюджетті барынша үнемдейміз", – деді Women's Wilderness атқарушы директоры Криста Пиплс.
Қатысушылардың бағдарламаның тиімділігі туралы пікірі маңызды. Сәтті болса қатысушыларды көбейтеді. Ал нәтижесіз бағдарламалар алынып тасталады. Бағдарламалардың 75 пайызына ақысыз не жеңілдікпен қатысуға болады.
"2022 жылы 429 қызбен жұмыс істедік. Ал жылына 450 әйелге қызмет көрсетеміз. Әр әйел өзін жайсыз сезінбеуі үшін жеке сөйлесіп, тіл табысамыз. Бағдарлама басталмас бұрын қыздардың ата-анасымен кездесіп, талқылағысы келмейтін тақырыптар жайлы асықпай сөйлесеміз. Жас шектеуі жоқ. Оқушы қыздар да, жетпістен асқан әйелдер де қатыса алады. Басқа да өңірлерден келеді. Азшылық өкілдерін тартуға тырысамыз. Эммигранттар мен олардың қыздары, босқындар бар. Тасада қалған әйелдер бізге келіп бір-бірімен сөйлесіп, етене араласа бастайды. Ал табиғат аясында өздерін барынша еркін сезінеді. Әр адамның дауысы маңызды екенін түсініп, қысылмай өз ойын айтуды үйренеді. Бізге келіп жаңа қырларын тани бастайды", – деді Криста Пиплс.
Денвер қаласында 2008 жылдан бері жаңадан бастаған әрі әлеуметтік тақырыптарды көтеретін суретшілерді қолдайтын RedLine коммерциялық емес ұйымы жұмыс істейді. Заманауи өнер орталығының миссиясы – әлеуметтік өзгерістерді жасау үшін суретшілер мен қауымдастықтар арасындағы білім беру мен өзара әрекеттесуге ықпал ету. Орталық суретшілерге қарым-қабілетін шыңдауға қолдау көрсетіп, өнер мен мәдениет саласында экономикалық өсімге әсер етеді.
Ұйым жүзеге асыратын бағдарламалардың ең негізгісі – заманауи суретшілерге арналған екі жылдық арт-резиденция. Суретшілер тұрмыстық және қаржылық мәселелерге алаңдамай тек шығармашылықпен, зерттеумен айналысуы үшін RedLine оларға екі жылға толық субсидияланған студия ұсынады. Резиденция сонымен қатар суретшілерге әріптестерімен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бағдарламаға әлемнің кез келген азаматы қатыса алады. RedLine жұмыс істейтін студия ұсынатын болғандықтан, қатысушылар бағдарлама басталғанға дейін Денверден тұратын жер табуы керек.
Youth Art Mentoring және EPIC Arts тәлімгерлік бағдарламалары Денвер мектептерінде оқитын жас суретшілерді өнер арқылы мәселелерді қозғауға шақырады. Reach бағдарламасы ашық студиялар ұсынады. 2019 жылы RedLine коммерциялық емес ұйымы Satellite Studio бағдарламасын іске қосып, 20 артистке студиялық кеңістік ұсынды.
"АҚШ-та ғимарат табу қиын. Жас суретшілерді қолдау бағдарламалары өте маңызды. Қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін суретшілерді тартамыз. Оларды коллекционерлермен кездестіреміз. Салық төлеу, декларация толтыру секілді құжат рәсімдеуді үйренеді. Студияда жұмыс істейді. Көрме басқа жерлерде өтеді. Туындыларын да басқа алаңдарда сатады", – деді маркетинг пен коммуникациялар жөніндегі менеджер Партисия Маккристал.
Резиденттердің бірі – Нью-Мексикода туып өскен Джейси Бейале. Ол Американың байырғы тұрғындары мойындалғанын қалайды. Мұны көрмелер ұйымдастырып, өнер арқылы жеткізеді. Өзінің тегін мақтан ететінін жұмыстарынан байқауға болады.
RedLine Колорадодағы суретшілерді, өнер иелеріне арналған гранттық жобаларды қолдау үшін тәуелсіз донорлармен, қайырымдылық ұйымдарымен, жергілікті билікпен және басқа да мүдделі қауымдастықтармен серіктес ретінде жұмыс істейді. Қаржыны үкіметтен және жеке демеушілерден алады.
Оқи отырыңыз: АҚШ-та кәсіп бастау оңай ма? Сан-Францискода мейрамхана ашқан әйелдердің хикаясы
How Women Lead
Калифорния штатындағы Сан-Франциско қаласында Орталық Азия журналистері гендерлік және нәсілдік теңдік үшін күресіп жүрген қоғам белсендісі Джули Кастро Абрамспен кездесті. Уақытының тығыздығына қарамастан теңсіздікті жою үшін корпорация басқаратын мыңдаған әйелдің басын қосқан How Women Lead ұйымы туралы айтып берді.
"Жұмыс күшінің 50 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Алайда компаниялардағы директорлар кеңестерінде әйелдердің үлесі өте аз. 11 жыл банк басқарып, өз компаниясын ашқысы келетін алты мыңдай әйелге көмектестім. Ерлер сияқты әйелдер де көшбасшы болатын, үлкен компаниялар басқара алатын қоғам құрғым келді. Венчурлық инвестицияның екі пайызы ғана әйелдер басқаратын компанияларға беріледі. Сол себепті тек әйелдерге инвестициялайтын венчур қорын құрдық. Қазір 20 мың әйел бар. Әйел басқаратын компанияларға инвестиция тартамыз. Директорлар кеңесіндегі әйелдердің үлесін 33%-ға жеткіздік", – деді How Women Lead атқарушы бас директоры Джули Кастро Абрамс.
Ол әйелдердің экономикаағы орнын нығайту үшін мансабының көп бөлігін әйелдерге тиесілі ірі компаниялар құруға жұмсады. Бастамалары коропорациялардағы директорлар кеңесіндегі әйелдер туралы заңнаманы өзгертуге ықпал етті.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тағы "Құдайлар бағы": Тегін қызмет етсе де, мемлекетке пайда түсіріп отырған саябақ
Жақында ғана компания Nasdaq биржасына кірді. Ұйым әйелдерді венчурлық капиталға инвестициялауға шақырады.
"Әйелдер бір-бірімізді қолдауымыз керек. Өзіңізді көрсетіңіз, өзгелерді тыңдата біліңіз. Шынында да, әйелдер идея ұсынғанда көпшілік оған құлақ аспайды. Ал ерлер сөйлесе барлығы қолдай кетеді. Мұны түбімен жоюымыз керек. Бір-бірімізді қолдап, өзімізді көрсету арқылы қоғамдағы әйелдер мен ерлер арасындағы теңдікке жете аламыз", – деді Джули Кастро.