Тікелей эфир

Америка кәсіпкер әйелдердерді қалай қолдайды? АҚШ-тан арнайы репортаж

Ақ үй / Фото: Informburo.kz
Ақ үй / Фото: Informburo.kz
АҚШ-та әйелдер басқаратын 12,3 миллион бизнес нысаны бар. Олар жыл сайын 1,8 триллион АҚШ долларын табады.

Гендерлік теңдік мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Әсіресе, экономикада әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі өзекті. Бүгінгі таңда кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдерді қолдау бағдарламалары көп. Ер мен әйел арасындағы әлеуметтік және экономикалық алшақтықты жою үшін гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. 

Информбюро журналисі АҚШ-та өткен "Әйелдердің экономикадағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту" (CAMEX) атты пресс-турға қатысты. Бұл пресс-турды Шетелдік журналистерге арналған пресс-орталықтармен серіктесе отырып АҚШ Мемлекеттік Департаменті қаржыландырады. Бағдарламаны Вашингтонда орналасқан Меридиан халықаралық орталығы әзірледі. Орталық Азия журналистері 10 күн бойы Вашингтонда, Денвер мен Боулдер қалаларында және Сан-Францискода әйелдер бизнесіне қолдау көрсететін үкімет пен коммерциялық емес ұйымдармен, сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген әйел кәсіпкерлермен кездесті.

АҚШ-та іскер әйелдерді қалай қолдайды?

Әлемде гендерлік алшақтықты түбегейлі жойған бірде-бір ел жоқ, бірақ АҚШ әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша алдыңғы қатарда тұр. Себебі ел үкіметі әйелдерді экономикалық тұрғыдан нығайту стратегияларын мақсатты түрде жүзеге асырады. Ал коммерциялық ұйымдар гранттар алып, әртүрлі әйелдерді қолдау бағдарламаларын жүргізеді. 

АҚШ-та 1,5 миллионнан астам коммерциялық емес ұйым тіркелген және олар 1913 жылы қабылданған Табыс туралы заңға сәйкес салықтан босатылады. Жыл санап олардың саны артып келеді.

Оған қоса, АҚШ-та кез келген кәмелетке толған адам бизнес аша алады. Азаматтыққа қарамайды. Ол үшін онлайн-өтінім жазып, әр штатқа сай салық төлеу қажет. Содан кейін Салық қызметінен нөмір алып, кәсібін бастай берсе болады. Бизнесі бар адамдар үкіметтен грант ала алмайды, дегенмен кәсібін дамытуға қажет дағдылар мен ресурстарды алуға көмектесетін әртүрлі бағдарламаларға қатыса алады.

АҚШ үкіметі, соның ішінде федералды, жергілікті билік органдары әйелдер бизнесіне көмектесуге мүдделі. Әйелдер бизнесіне арналған гранттар, бизнесті жобалау және жүргізу бойынша тегін консультациялар мен құжат жағынан көмектесуден басқа, әртүрлі салық жеңілдіктері бар. Мұндай шаралар кәсіпкер әйелдерді өз бизнесін дамытуға және АҚШ экономикасына үлес қосуға ынталандыру үшін жасалады.

"Әйелдер қашан да бір-бірін қолдауы керек"

Орталық Азия журналистері ең алдымен ел астанасы Вашингтондағы коммерциялық емес ұйымдардың жұмысымен танысып, әйел кәсіпкерлермен кездесті. Солардың бірі – мультимедиа материалдарын өндірумен айналысатын Evolving Communications компаниясының негізін қалаушы әрі директоры Барбара Валентино. Ол 1996 жылдан бері видео, онлайн медиа және тікелей эфирлер арқылы ғалымдардың, ұйымдардың хикаясын баяндап келеді.

Бірнеше жыл Ұлттық ғылым академиясының телевизия кеңсесінде қызмет еткен Барбара ғалымдармен және инженерлермен таныса келе, олардың өмір жолы шабыттандырған. "Көрінбейтін қаһармандар" тасада қалатынын түсініп, олардың таң қаларлық хикаясын көпшілікке айта бастаған. Ол Дүниежүзілік банкпен, Жаһандық қаржыландыру қорымен, Жаһандық білім бастамасымен, Африка даму банкімен және ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу жөніндегі жаһандық қорлар секілді халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеген. Африкаға жасаған бірнеше сапарында тұрғылықты халықтың басындағы өзекті мәселелерді таспалаған. Ол Ғылым және технологиялар мен инновациялар ұлттық медалінің 275-тен астам иегерінен сұхбат алып, таспаға жазып алған.

Барбара Валентино / Фото: Informburo.kz

Барбара видео өндіру және журналистикадағы білімі мен тәжірибесін әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Кәсібін дамытқысы келетін әйелдерге де қолдау көрсетеді.

"1980 жылы Ұлттық ғылым академиясына жұмысқа орналастым. Онда 12 жыл жұмыс істедім. Ғалымдардың қатысуымен көптеген фильм түсірдік. Соның бірі "Эмми" жүлдесін алды. Мәскеуге іссапармен барғанда залдағы жалғыз әйел екенімді көріп таң қалдым. "Әйел қызметкерлер қаншалықты білімді болса да, еркектерге қызмет ету керек" дегенді де естідім. Академияда жүргенде көп адаммен таныстығым кейін пайдасын тигізді. Солардың арқасында қорықпай жеке бизнесімді бастап кеттім. Ойымда инвестиция, ақша табу болмады. Жарнамаламадым. Адамдар бір-біріне айтып, клиенттер келе бастады. Фабрика не зауыт ашпадым. Біреудің жұмыс орнын тартып алғым келмеді. Жұмыстан шығарып жіберу деген ой да ұнамайды", – деді Барбара Валентино.

Пресс-тур қатысушылары / Фото: Informburo.kz

Ол Ұлттық ғылым академиясында жұмыс істегенде "ғалым әйелдер жоқ" деген жалған түсінікпен күресті. Ауқымды іс-шараларға ғалым әйелдер қатысқанымен, олар туралы көпшілік біле бермейтін. Ал Барбараның миссиясы айтары бар адамдарды халыққа таныстыру еді.  

"Қаншама ғалым әйелмен таныстым, сұхбаттастым. Әр адамның айтары бар. Қай жерде болмасын өзіңді таныстыру, көрсету, өзің туралы айту өте маңызды. Әйелдер әрдайым бір-бірін қолдап, қамқор болуы керек. Мен еркек болуға тырыспаймын. Өзімді өзгертіп қайтемін. Ешқашан принциптеріме қайшы келмедім. Дегенмен әлі күнге дейін жасқа қатысты дискриминация бар. Жасың үлкен болса "зейнетке шықпайсың ба?" дейді, ал жас болсаң қолыңнан ештеңе келмейтіндей көреді. Оған қоса әйелдер балалы болғысы келеді. Бірақ жұмыс не кәсіп пен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңай емес. Еңбек демалысының ортақ стандарты болмаған соң баланы жоспарлау қиын. Дегенмен Вашингтонда әйелдердің қолынан көп нәрсе келеді. Басшылық қызмет атқаратындар да көп. Африкаға тоғыз рет бардым. Ол жақта қыздардың білім алуына жақсы жағдай жасалмаған. Қай жерде болмасын әйелдердің білім алуына бар жағдай жасалса болашағы да жақсы болушы еді", – деді Evolving Communications директоры.

Барбара Валентино мен Алекс Фрайоли / Фото: Informburo.kz

Алекс Фрайоли басқаратын Heurich House коммерциялық емес ұйымы әйелдерді оқыту, тәлімгер болу, жәрмеңкелер мен шеберлік сабақтарын өткізуге алаң ұсыну секілді қолдау көрсетеді. 

"Грантпен ғана күн көрмейміз. Мемлекет пен ұйымдардың грантынан бөлек, бизнеспен айналысамыз. Содан түскен табысты бизнесті дамытуға әрі өзгелердің кәсібіне қолдау көрсетуге жұмсаймыз. Шағын бизнесті қолдау бағдарламаларын әзірлейміз. Мигранттар мен эмигранттардың көп мүмкіндігі жоқ. Біздің алаңымыз оларға шағын кәсібін дамытуға көмектеседі. Креатив индустрияда әйелдердің үлкен орны бар. Ал Вашингтон бизнес жүргізуге өте қолайлы жер. Жеке өмірді ойлауға уақыт бола бермесе де, жұмыстан үйге келгенде адамдарға көмектескенімді ойласам өзімді бақытты сезінемін", – деді Алекс Фрайоли. 

"Еркектер құрбан ету туралы айтпайды"

Сьюзен Томай қаншама жылдан бері адамдарға көпшілік алдында өзін ұстауды, сөз сөйлеуді үйретіп келеді. Оның БАҚ саласында оқыту және презентация жасау бизнесі келе-келе Oratorio Media компаниясына айналды. Ол – әлі күнге дейін коммуникацияны оқыту бойынша әлемдегі жетекші мамандардың бірі. Тіпті компания басшылары мен қоғам қайраткерлері сұхбаттасу, кризис жағдайларда өзін ұстау, көпшілік алдында сөйлеу және презентация жасау секілді сұрақтар бойынша консультация алады. 

"Бір кісі ауқымды шарада сөз сөйлейтінін айтып, көмек сұрады. Өзім қалай дайындалу керек екенін білмесем де, "жарайды" дедім. Бәрі өзің туралы айтудан басталады. Адам бастан кешкен оқиғаларын айта бастағанда көпшілік назар аударады. Көбінесе адамдар кітап шығару, журналистердің сұрағына жауап беру, хикаяңды әңгімелеу, презентация жасау, өзіңді таныстыру секілді мәселелер бойынша жүгінеді. Клиенттерім тақырыпты талқылағанда бәрін жазып алып, үзілісте назарымды аударған дүниелерді айттым. Networking, коммуникация өте маңызды", – деді Сьюзен Томай.

Сьюзен Томай / Фото: Informburo.kz

Ол қоғамда еркектер өзін құрбан ету жайлы сөз қозғамайтынын, ал әйелдерге отбасы не мансабы үшін кей дүниелерді құрбан етуге тура келетінін атап өтті.

"Кәсібімді бастағанда ешкімнен ақша сұрамадым. Бәрін өз қалтамнан төледім. Әр тиынды үнемдедім. Бизнес бастағанда балаларым жоқ еді. Олар дүниеге келген соң үш күн жұмыс істеп, төрт күн демалатын ыңғайлы жұмыс кестесін жасап алдым. Солай өмірім бір қалыпқа түсті. Продюсердің жұмысы өте қиын. Кейде бәріне үлгеру үшін таңғы төртте оянып, тапжылмай жұмыс істедім. Өйткені клиенттерімнің өмірі менің уақытыма, жұмысыма тәуелді еді. Балаларым мектепте оқығанда жұмысымның қаншалықты қиын екенін ұға қоймады. Ал мен қанша керек болса, сонша уақыт жұмыс істедім", – деді ол.  

Фото: Oratorio Media Facebook парақшасынан

Сьюзен телевизияда жұмыс істеген кезде бірнеше рет "Эмми" жүлдесін алды. Оған қоса, қоғаммен байланыс саласында да марапаттарға ие болды. 

"Кейде ер адамдар сөзімді бөлетін. Ондай сынақтар артта қалды. Елде ерлер әйелдердің көзіне тіке қарамайды. Ол бір сыпайылықтың, мәдениеттің белгісі емес. Жай ғана әйелді көзге ілмейді. Қаншама рет алдарына барып, "көзіме қарашы" деп қана назарын аударуға тура келді. Дегенмен үйде ер балалар болғандықтан олармен жұмыс істеу қиынға соқпады. Өскен қалам Нью-Йорк та мінезімді шыңдады. Әйелдер қатал ортада жұмыс істеуі үшін тыңдап та, тыңдатып та үйренуі керек. Кім сөйлесе де не ойлайтынын білу маңызды. Тағылымдамадан өтіп жүрген маманның өзі жақсы идеялар айтуы мүмкін. Әсіресе, жастарға құлақ асу керек. Өзіңіздің қолыңыздан келмейтін істі сол істің маманына тапсырыңыз", – деді Oratorio Media компаниясының басшысы.

Фото: Oratorio Media Facebook парақшасынан

Коммуникация саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар Сьюзен Томай пресс-тур қатысушыларына да ақыл-кеңесін айтты.

"Өзіңізді көрсетуден ұялмаңыз. Сұрақ қойыңыз, жарқын түсті киімдер киіңіз. Бірінші болып амандасып, өзіңізді таныстырыңыз. Ұяң болмаңыз. Алғаш адамдардың алдына шыққанда кекештеніп сөйлей алмадым. Өзімді қолға алып, талмай жаттықтым. Бір күнде өзіңізге сенімді бола қоймайсыз. Көп жаттығу керек. Тренингіме әйелдер де көптеп қатысады, өйткені оларды карьералық өсу алаңдатады. Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Кейде әйелдер бір-бірін бәсекелес көреді. Бір әйел басқа әйелді жамандаса, мен оны қолдамаймын", – деді ол.

Әйелдер бизнес орталықтары 

АҚШ-та табыс табуды мақсат етпейтін коммерциялық емес ұйымдар қоғамдағы әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту секілді маңызды салалардағы мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарады. Сол себепті үкімет оларға федералды, штат, аймақ деңгейінде гранттар бөледі.

Елде әйелдерге шағын кәсіп ашуға және оны дамытуға көмектесетін, тегін консультациялар, тренингтер ұсынатын әйелдер бизнес орталықтары (WBC) жұмыс істейді. Солардың бірі 2010 жылы Rockville Economic Development Inc. коммерциялық ұйымының бастамасымен әйелдерге қолдау көрсету үшін ашылған Maryland әйелдер бизнес орталығы. 2013 жылы ұлттық деңгейде SBA сертификаты бар әйелдер бизнес орталығына (WBC) айналды. MWBC орталығының барлық бизнес консультантында GrowthWheel Framework сертификаты бар. Verizon компаниясымен шағын бизнесті қолдау үшін 10 000 АҚШ доллары көлеміндегі тегін ресурстар мен гранттар беру жөнінде серіктес болды. Мэрилендте орталықтың үш кеңсесі орналасқан.

Фото: Informburo.kz

Орталық жыл сайын 1500 әйелге (ер адамдар да бар) бизнес жүргізуге қажет дағдылар меңгеруге, ұйымдармен байланыс орнатуға, сенімділікке ие болуға көмектеседі. 

MWBC басқарушы директоры Данет Нгуен орталықтың аймақтағы әйелдер бизнесін қолдап, ең болашағы зор жобаларды қаржыландыратынын айтты. MWBC қызмет көрсеткен клиенттердің 90%-ы – әйелдер. Ал 60%-ы аз қамтылған санатқа жатады. Орталық 2020-2023 жылдары 2209 клиентке көмектескен. 4 574 адам тренингке қатысып, 400-дей жұмыс орны ашылған. 

"Біз әйелдерге сенімділік пен тең мүмкіндік беруге тырысамыз. Біз әзірлеген модель бизнесті қалай жүргізу керек екенін көрсетеді. Тегін кеңес береміз әрі құпиялық сақталады. Networking, уоркшоптар мен тренингтер өткізу, капитал табу секілді қызмет көрсетеміз. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес ашу, ресурс табу, сату бойынша курстарымыз бар. Федералды, штат деңгейінде қаржыландыратын ұйымдармен қалай байланысуға болатынын түсіндіреміз", – деді Данет Нгуен.

Данет НгуенФото / Фото: Informburo.kz

Орталық бірнеше бағдарламаны жүзеге асырады: 2019 жылы жергілікті дүкен бағдарламасы басталды. Бөлшек сауда бизнесін іске қосу және дамыту бойынша әйелдерді қолдау, тегін сату алаңы, бизнес тәлімгерлік, бөлшек сауда бизнесін оқыту секілді бағдарламалар бар. Орталықтың 26 қатысушысы сату арқылы 300 мың АҚШ доллар тапқан.

Фото MWBC Facebook парақшасынан алынды

Мэрилендтің 15 округінде балабақшалар бағдарламасы жүзеге асырылды. Бірнеше балабақшамен серіктесе отырып, әйелдерге бала күтімі қызметін жүргізуді, балабақша ашу үшін не істеу керек екенін үйретеді. Құжат рәсімдеу тұрғысынан көмектеседі. Бұл бағдарламаға былтырдан бері 100 адам қатысқан. Жаңа жұмыс орындары ашылған. 

"Иммигрант әйелдердің бірі бес жыл инкубаторда болды. Ерекше баласына киімдер тігіп, киім желісін ашты. Инкубатор біткен соң біліктілікті көтеру бағдарламасына қатысып, 8 мың АҚШ долларын жеңіп алды. Бір әйел алты айлық инкубаторда бизнесін дамытты. Оған қоса университет жанындағы алты апталық инкубаторға тапсырып, 10 мың АҚШ долларын жеңіп алды. Мұндай әйелдер өте көп. Бағдарламаны бітіргеннен кейін де оларды қолдай береміз. Банктер де федералды, жергілікті деңгейде бизнесті қолдау бағдарламаларын жүргізеді. Жергілікті үкімет экономикаға пайда тигізетінімізді біледі. Қайырымдылықтан жақсы ақша түседі. Демеушілеріміз бар", – деді MWBC басқарушы директоры. 

Фото: Informburo.kz

Rockville Economic Development бас директоры Синди Стюард Ривард АҚШ-та әйелдер бизнесі болса тендерге артықшылық алуға болатынын айта кетті. Ал бизнес орталықтарын үкімет қаржыландырады.

"Техникалық кеңесте консультация беру бағдарламасы бар. Көпшілік алдында сөйлеуден бастап, маркетинг жасау, капитал табу, заң тұрғысынан компанияларды үкіметте тіркеу, сақтандыру бойынша көмек береміз. Әсіресе иммигранттар АҚШ заңдарынан хабарсыз болғандықтан бизнес жүргізу тәртібін біле бермейді. Қатысушылардың 60%-ы – пайызы азшылық өкілдері", – деді Синди Стюард.

Коммерциялық емес ұйым өнерге қалай қолдау көрсетеді?

1976 жылдан бастап Монтгомери округінің өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша кеңесі (AHCMC) округтің уәкілетті жергілікті өнер агенттігі болды. Кеңестің бағдарламалары мен қызметтерін 500-ден астам мәдени ұйым, 2000 суретші мен ғалым кіретін шығармашылық қоғам пайдаланады. Кеңес іс-шаралар ұйымдастырмайды, дегенмен Мэрилендтегі өнер мен гуманитарлық ғылымдар саласындағы мамандарды қолдап, қаржы бөледі.  

Кеңестің бас директоры Сьюзан Э. Дженкинс – коммерциялық емес өнер және мәдениет саласындағы көшбасшылардың бірі. R&B Foundation, Smithsonian институты және Американың дыбыс жазу ассоциациясында басшылық қызметтерді атқарған.

"40 жыл әртүрлі ұйымда жұмыс істедім. 15 жыл бойы жергілікті арт агенттік лидері болдым. Университеттердің бірінде атқарушы директор қызметін атқардым. Дыбыс жазу ассоциациясын басқардым. Енді міне саксофон үйреніп жүрмін. Афроамерикалықпын. Бірнеше тіл меңгердім. Алпысыншы жылдары экономикалық дағдарыс кезінде шетелде Ямайкада, Барбадоста тұрдым. Мультимәдени тамырым өнерге деген көзқарасыма әсер етті", – деп бастады ол сөзін. 

Сьюзан Э. Дженкинс / Фото: Informburo.kz

Кеңес жыл сайын округтегі мәдени іс-шараларды қаржыландыру үшін ұйымдар мен жеке тұлғаларға 5 миллион АҚШ долларынан астам грант бөледі. Ұйымды Монтгомери округінің үкіметі, Мэриленд өнер кеңесі, корпорациялар, ұйымдар және жеке тұлғалар қаржыландырады.

"Федералды үкімет штаттарға қанша бюджет бөлу жөнінде кеңеседі. Штат жергілікті округтерге бөледі. Жылда ақша бөлінгенімен, оның бәріне жетпейтінін түсіндік. 1,3 млн адам тұратын округте қолдайтын 5 мың ұйым бар. Біз ақшаның дұрыс бөлінгенін, нақты мақсатқа жұмсалғанына мән береміз. Үлкен округ болғандықтан бюджетіміз жаман емес. Былтыр 10 миллион АҚШ долларын құрады. Жоғары білімді, жақсы жалақы алатын бай округ. Сондықтан халықтан салық жақсы жиналады", – деді Сьюзан Э. Дженкинс. 

Фото: Informburo.kz

Кеңес өнер және гуманитарлық ұйымдарға, сондай-ақ жекелеген суретшілер мен ғалымдарға гранттар береді. Өнер және гуманитарлық ғылымдарды насихаттайды. Қоғамдық өнер қоры, нарықтық билік, CultureSpotMC.com деген бағдарламалары да бар. 

"Әр адамның тілін табуды меңгердім. Өнерпаздармен, мәдени нысандардың өкілдерімен сөйлескенде өз мақсатым емес, олардың мақсаты туралы сөйлесемін. Қаржы алу үшін билік өкілдерінің тілінде де сөйлеуім керек. Ал жергілікті ұйымдарға не өнерпаздарға ақшаны бөлгенде "не үшін қажет?" деп сұраймыз. Қара нәсілді, жергілікті әйелдерді де гранттарға өтініш беруге ынталандырамыз. Әйелдерге көшбасшылықты насихаттаймын. Бизнес тренермін. Әлеуметтік әділдік мәселесін көп көтеруіміз керек. Арт активизмнің рөлі зор. Сайлау кезінде әр адамның дауысы маңызды әрі қоғамды өзгерте алатын күшке ие екенін өнер арқылы жеткіздік", – деді ол.

Фото: Informburo.kz

CAMEX бағдарламасы

CAMEX бағдарламасы әйелдердің экономикадағы, соның ішінде креативті экономикадағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Орталық Азияда әйелдер өз елдерінде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда маңызды орынға ие бола бастады. Дегенмен әйелдер бұрынғыдай өз мақсаттарына жету жолында әлеуметтік шеттету (стигматизация), діни сенім және мәдени нормаларға байланысты кедергілерге тап болады. Америка Құрама Штаттарының тәжірибесі Орталық Азиядағы әйелдердің де кедергілерді жеңіп, өз елдерінің экономикасын дамытуға жігерлендіретіні анық.  

Турдың мақсаты – Орталық Азия журналистерін АҚШ-тың креативті экономикасындағы әйелдердің рөлімен таныстыру. Тур цифрлық маркетинг, білім беру және әйелдердің экономикадағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту стратегиясы секілді тақырыптарды қамтиды.

Халықаралық Меридиан орталығы 2006 жылдан бері журналистерге арналған турларға қолдау көрсетіп келеді. 


Мақаланың жалғасы бар. Келесіде Денвер мен Боулдер, Сан-Франциско қалаларындағы коммерциялық емес ұйымдар мен бизнестегі әйелдер туралы жазамыз.

Серіктестер жаңалықтары