CAMEX туры аясында Орталық Азия журналистері Колорадо штатындағы Колорадо-Спрингс қаласының аумағында орналасқан "Құдайлар бағы" паркін аралады. Бұл парк мемлекеттен бір тиын алмай, керісінше қала бюджетіне ақша беруімен ерекшеленеді. Паркке кіру үшін ешқандай ақы сұралмайды. Сонда "Құдайлар бағы" ақшаны қайдан табады? Информбюро тілшісі АҚШ-қа барған сапарында осы сұраққа жауап іздеді.
Қалаға сыйға берілген парк
1859 жылы екі картограф қала құрылысын бастау үшін аймақты зерттеуге келеді. Сол кезде ерекше әрі әдемі құмды жартастарды көріп "Құдайлар жиналатын тамаша орын екен. Garden of Gods, яғни "Құдайлар бағы" атайық” деген екен.
1870 жылы аймаққа темір жол тартылып, бір жылдан кейін Колорадо-Спрингс қаласының іргетасы қаланады. Бизнесмен Чарльз Эллиот Перкинс жазғы үйі үшін "Құдайлар бағынан” жер сатып алады. Бірақ ол жерге үй салмай, табиғи орынды сол күйінде сақтап қалады.
Перкинс 1907 жылы қайтыс болмастан бұрын бұл жерді "Құдайлар бағы" ақысыз қоғамдық парк болуы керек деп шешкен. 1909 жылы Перкинстің балалары өсиетіне құлақ асып, жеке меншіктеріндегі паркті Колорадо-Спрингс қаласына сыйға береді.
Перкинстің үш принципі әлі күнге дейін сақталады:
- Парк әрқашан адамдарға тегін болуы керек. АҚШ-та ұлттық парктер ақылы. Ал "Құдайлар бағы" бәріне тегін;
- Парк аумағында алкоголь ішімдіктер сатылмайды және ішуге болмайды. Себебі, Перкинстің өзі ішімдікке әуес болмаған;
- Парк аумағында ешқандай құрылыс салынбауы керек. Келушілерге жағдай жасауға қажет орындар ғана салынады.
"Құдайлар бағы" қоры
1994 жылы қайырымдылық ұйымы негізінде паркті қорғау және сақтау мақсатында "Құдайлар бағы” қоры құрылды. Қорға "Құдайлар бағы” келушілер орталығынан түскен қаржы мен демеушілерден жиналған қайырымдылық ақшасы құйылады. Бұл қаржы парктің пайдасына жарайтын жобалар мен бағдарламаларды қолдауға жұмсалады. Қор құрылғалы қалаға және өзге де табиғатты қорғау ұйымдарына паркті сақтау, ұстап тұру, қызметін жақсарту және білім беру бағдарламалары үшін 5 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Бұл қаражат қызметкерлердің жалақысын төлеуге, соқпақтарды, жол белгілерін, нысандарды, өсімдіктерді инвазивті бақылауды, дәретханаларды, көліктерді және паркке пайда әкелетін басқа да маңызды жобалардың шығындарын өтеуге жұмсалды.
Колорадо-Спрингс әкімшілігі жыл сайын Қорға жобалар тізімін ұсынады. Қор қаражаты жететін жобаларды жүзеге асырады. Қосымша қаражат пайда болған кезде басқа жобаларды сұрайды.
"Бюджетіміз аз, өйткені Колорадо-Спрингте парктер көп. Бірақ ең танымалы – "Құдайлар бағы”. Жыл сайын төрт миллион адам келеді. Олардың бәрін қабылдау үшін тамақтанатын жер, дәретхана керек. Колорадо-Спрингс қаласы мен парк арасындағы шарт бойынша түскен қаржының 70%-і парк бюджетіне кетеді. 2022 жылы 640 мың АҚШ долларын қала бюджетіне аудардық. Парк толығымен тегін. Интерактивтер, көрмелер бар. Ал келішулер мен табиғат орталығы білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, парк бюджетіне ақшаның тұрақты түсіп тұруын қамтамасыз етеді. Орталықтағы кәдесыйлар дүкені табысының бір бөлігін бізге береді. Кафе де солай", – деді "Құдайлар бағы" келушілер және табиғат орталығының операциялық директоры Кристина Хейвуд.
Парк қалай табыс табады?
Парктің аумағы үлкен. Оны жаяу аралауға да болады, дегенмен автокөлік, сигвей, электр велосипеді турларын алсаңыз біршама уақыт ұтасыз. 1909 жылдан бері қонақтарды аралатып жүрген көлікке отыра аласыз. Әр турдың бағасы әртүрлі: гид турлар бес АҚШ долларынан басталады. Парк аумағында велосипед жолы бар, сол себепті өз велосипедіңізді әкелсеңіз болады. Электр және тау велосипедін жалға алуға болады. Орталық сақтық ережелерін түсіндіріп, карта ұсынады.
Сондай-ақ парк құзға өрмелеу, атқа міну бағдарламаларын, әртүрлі ойындар, тегін аудиотур ұсынады.
"Әр турдан түскен қаржының бір бөлігін алып отырамыз. Сурет салу, йога сабақтарымыз бар. Мүгедектерге арналған арнайы бағдарламаларымыз бар. Бағдарламалардың ақысы – 5-12 доллар. Оны сабақ беретін мамандарға төлейміз. Орталықта ақша жинайтын қорап қойылған. Қорапты штат-штатқа бөліп қойдық. Әр адам өзінің штатына ақша салады. Осылайша адамдарды қайырымдылық жасауға ынталандырамыз. Қай штат жеңетінін анықтаймыз. Әзірге Техас штаты алда келе жатыр", – деді Кристина Хейвуд.
"Құдайлар бағы" Америкадағы бірінші, әлемдегі екінші қала паркі деп есептеледі. Жыл сайын паркке 4 миллионнан астам адам келеді. Осыншама адамды қабылдау үшін оларға дәретхана, тамақтанатын орын қажет. Штатта 42 адам ғана бар. Еріктілер де көмектеседі.
"Күніне кемі 200-300 адам келеді. Кейде 10-12 мың адамға жетеді. Біз тек ғимаратқа кіріп-шыққан адамдарды есептейміз. Паркке өз бетімен келетіндер де бар. Қаладан ешқандай ақша алмаймыз, керісінше оларға береміз. Өз шығынымызды өзіміз жабамыз. Пандемия ауыр соққы болды. 2020 жылы наурызда маусым басталарда жабылдық. Ендігі мақсатымыз – пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жету", – деді орталықтың операциялық директоры.
Келушілер орталығында жер бедерінің қалыптасуы, миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген жануарлар туралы интерактивті видео көрсетіледі. Экспонаттар да қойылған. Қонақтар парк аумағынан арқарды, аюды, жыртқыш құстарды, сілеусінді көре алады. Жақында ғана парк қызметкерлері барысты көрген екен. Келушілерге еш қауіп жоқ, өйткені олар жабайы жануарларға жақын бара алмайды. Жануарлар парктің солтүстігіндегі каньонды мекендейді. Құстар жұмыртқа сала бастағанда құзға өрмелейтін жол жабылады. Мамандар жануарларды санайды. Тіпті құмырсқалардың көшіп кетпеуін қадағалайды.
Кристина Хейвуд әкімдік парк берген ақшаға дәретхана, жол салатынын, білім беру бағдарламаларын қаржыландырандыратынын айта кетті. "Құдайлар бағының" ұлттық парктер арасында орналасуы қолайлы болып отыр. Себебі олар жол-жөнекей Колорадо-Спрингстегі паркке де соға кетеді.