Әлемдегі ірі елдерде әр он қызметкердің алтауында күйзеліс деңгейі айтарлықтай жоғары. 2021 жылы қызметкерлердің күнделікті күйзеліске ұшырау деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, 44 пайызды құрады. Сондай-ақ азаматтардың 79 пайызының күйзеліске ұшырау себебі тікелей жұмыспен байланысты, деп мәлімдеді Spill компаниясының зерттеушілері. Аталған компания әлемнің түкпір-түкпіріндегі азаматтар мен компанияларға психологиялық қолдау көрсетеді.
Мұнымен қатар зерттеу барысында әлемде жыл сайын күйзеліс, депрессия әсерінен адамдардың денсаулығы нашарлап, 17 миллион жұмыс күні "бос қалатыны" белгілі болды. Бұл – жұмысқа байланысты барлық аурудың 50 пайыздан астамы.
Күйзеліс дегеніміз не?
Stress сөзі ағылшын тілінен аударғанда "қысым, кернеу, тегеурін" деген мағынаны білдіреді. Ол – гомеостаз күйді бұзатын физикалық немесе психологиялық әсерге ағзаның берер жауабы. Психология, медицина, физиологияда күйзелістің екі түрі қарастырылады: адамның дамуына жағдай жасайтын пайдалы түрі – "эукүйзеліс" және зиян түрі – "дикүйзеліс". Ал әсер ету сипатына қарай "жүйке-психикалық" және "физикалық" деп екіге бөлінеді. Алғаш рет "күйзеліс" терминін ғалым Уолтер Кэннон өзінің "арпалысу немесе қашу" сынды әмбебап әрекеттер туралы классикалық жұмысында қолданып, оны психология мен физиология саласына енгізді.
Бұдан кейін 1936 жылы күйзеліс тақырыбын тереңінен зерттеген канадалық физиолог Ганс Селье "жаңа ортаға бейімделу" синдромы туралы өзінің алғашқы жұмысын жариялады, бірақ мұнда "күйзеліс" сөзін қолданбады. Өйткені бұл уақытта оны көбіне "арпалысу немесе қашу" синдромын сипаттау үшін ғана айтатын. 1946 жылы ғана Ганс Селье "күйзеліс" терминін жүйелі түрде қолдана бастады.
Психолог Арай Әбілқасымованың айтуынша, адамның психологиялық күйзеліске ұшырауына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді.
"Заман талабына сай әр науқаспен әртүрлі жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ барлығына дерлік жан ауруының себебін сөзбен түсіндіруге, қандайда бір гипотезалар ұсынуға тырысамыз. Өйткені бұл науқасқа сөзбен дәрі немесе дәрумен бергенмен тең. Осы орайда, күйзелістен емделу жолдарынан бұрын, оған теория тұрғысынан тоқталып кеткен дұрыс шығар. Біріншіден, күйзелістерді әсер ету мерзіміне қарай екі топқа бөлеміз: ұзақ және қысқа мерзімді. Әртүрлі сәтсіздік, асқан жылдамдықпен аз уақытта нәтижеге жетуді талап ететін жұмыс және тағы басқалар – қысқа мерзімді күйзелткіштер (стрессорлар). Ал қауіпті ситуациялар, адамдардан, қоғамнан оқшаулану, демалыссыз белсенділік, бірнәрсемен күресу – ұзақ мерзімді күйзелткіштер", – деп түсіндірді Арай Әбілқасымова.
Әрі қарай маман күйзеліске әкелетін күйзелткіштердің негізгі төрт топқа (1976 жылы С. А. Разумов) жүктелетінін айтты:
1. Белсенді әрекет күйзелткіштері:
- төбелес, ғарышқа ұшу, терең суда жүзу, парашютпен секірумен байланысты экстремал күйзелткіштер;
- уақыт жетіспеушілігі мен асқан жауапкершілікпен байланысты өндірістік күйзелткіштер;
- жарыс, байқау, емтихан сияқты психоәлеуметтік мотивациямен байланысты түрі.
Оқи отырыңыз: Баланы неше айға дейін емізуден шығаруға болмайды? Психолог кеңесі
2. Бағалаумен байланысты күйзелткіштер:
- қазір айналысып жүрген немесе болашақта айналысатын салаға біреудің бағасын күту және сол үшін алаңдау;
- медициналық процедура, қайғылы оқиға туралы естелік, қауіп, алда болатын жарыспен байланысты "старт" және жады күйзелткіштері;
- жеңіс пен жеңіліс күйзелткіштері, жарыста жеңіске жету, өнерде табысты болу, жақын адамның өлімі мен ауырып қалуы, махаббат және тағы басқалары;
- көрген көрініске бола күйзеліске түсу.
3. Белсенділікке сай келмейтін күйзелткіштер:
- отбасы мен жұмыстағы кикілжіңдер, күтпеген маңызды жаңалық, қауіп-қатер;
- психоәлеуметтік және физиологиялық шектеулермен байланысты күйзелткіштер (қарын ашу, ата-ана тарапынан қысым, түрлі ауруға шалдығу және тағы басқалары).
4. Табиғи және физикалық күйзелткіштер:
- хирургиялық ота, бұлшық ет жаттығулары, қатты дауыс, ыстық, жер сілкінісі.
Күйзелістің үш кезеңі
"Күйзелткіштер пайда болған кезде үш процесс жүзеге асады. Ең бірінші ағзаның төзімділік деңгейі төмендеп, вегетатив және соматикалық қызметі бұзылады. Осы кезде ағза бар қорды рет-ретімен бөліп, қорғаныш механизмдерін іске қосады. Егер қорғаныш мықты болса, онда мазасыздану деңгейі төмендеп, ағза қалыпты жағдайға оралады. Көптеген күйзеліс осы кезеңде емделіп, әсері қысқа уақытқа ғана созылады. Екіншісі – қарсыласу кезеңі. Бұл процесс күйзелткіш ұзақ уақыт бойы әсер етіп тұрып алған кезде пайда болады. Ол ағзадағы қорғаныш механизмдерін "қоректендіру" үшін қажет. Қор жаңа өзгеріске бейімделуге жұмсалады. Ал күйзелткіштің әсері ұзақ уақытқа созылса, онда адамның қорғану және бейімделу механизмдері істен шыға бастайды. Бұл уақытта жаңа өзгеріске бейімделуге арналған қор мөлшері айтарлықтай азаяды. Осының әсерінен ағзаның төтеп бере білу қабілеті төмендейді. Сонымен қатар морфологиялық өзгерістер болуы мүмкін", – деп түсіндірді Арай Әбілқасымова.
Оқи отырыңыз: "Барлық жүйке ауруының басты емі – түнгі тыныш ұйқы". Неврологпен сұхбат
Бұдан өзге, маман күйзелістің объектив өлшемдерін атады:
Физикалық белгілер. Олар барлық адамда дерлік бірдей көрініс береді. Ағзада белгілі бір биохимиялық реакция жүзеге асып, жүрек-қан тамырлары, асқазан ойық жарасы, астма, гипертония, арқаның ауыруы сияқты ауруларға шалдығады.
Іс-әрекет белгілері. Күйзеліске түскенде адамның жұмыс істеу қабілеті төмендейді, айналасындағылармен сөзге келіп, тамақтану тәртібі өзгереді. Шылым шегіп, ішімдік ішеді және есірткі мен түрлі медикамент тұтынады.
Психикалық берекесіздік. Мазасыздану, депрессия, ашу, өшпенділік, шаршау, апатия, іштің пысуы және ұйқысыздық.
Бұдан өзге келесідегідей субъектив белігілері бар:
- адамның өмірінің тізгінін жоғалтып алғандай күй кешуі;
- тез шаршау;
- психикалық дискомфорт;
- ағзаның соматика жүйесінің бұзылуына байланысты физикалық дискомфорттың пайда болуы: бас пен бұлшық ет ауруы, арқа ауруы, асқазанның қыжылдауы, қан қысымының көтерілуі және тағы басқалары;
- таным функцияларының бұзылуы: ойдың шашыраңқылығы, есте сақтау және ойлау қабілетінің төмендеуі.
"Адам түнеріп жүруге биохимиялық деңгейде қалайша үйреніп алғанын түсінбей қалады"
Осы орайда психология магистрі Арай Әбілқасымова әр адамның өзінің нейротипологиялық ерекшелігіне байланысты күйзелісті түрліше "қарсы алатынын" айтты. Сондай-ақ ол күйзелісті қалай өткеруге болатынын бөлісті.
Біріншіден, ситуацияны қабылдау, бұл өмірде барлығы біз қалағандай бола бермейтінін, барлығын бақылауымызда ұстай алмайтынымызды және әсер ете алмайтынымызды түсіну. Ал өзгерте алмайтын нәрсе үшін сары уайымға салынудың қаншалықты мәнсіз екенін түсіндіріп жату қажет емес шығар. Кез келген ситуация бізге жаңа тәжірибе береді.
Екіншіден, бойымыздағы күш-қуат қорын сақтап қалуға тырысу. Әсіресе, әйел адам үшін өзіне күтім жасап, демалып тұруы ауадай қажет. Өйткені ер адам өзіне керек күш-қуатты сүйген жарынан алады. Оның үстіне пандемия кезінде вирус, карантинмен байланысты қажетсіз ақпарат жетерлік. Мүмкіндігінше негатив ақпараттан қашу, танымдық басылымдарды ғана оқуға тырысу керек.
Үшіншіден, мүмкіндіктерге назар аудару. Егер өмірден ауыр соққы алған болсаңыз, өзіңізге "Мұның мен үшін пайдалы тұсы қандай? Мен не нәрсе үйрендім, қандай тәжірибе алдым?" деген сұрақты қойыңыз. Ең жаман деген адамның бойынан, ситуациядан жақсы нәрсе таба аламыз. Кез келген сәтсіздік бағалы сабақ береді
Оқи отырыңыз: "Бақытты жандарға қанша сағат ұйықтайтыны маңызды емес". Психолог ұйқысыздық туралы
Төртіншіден, миды алдау. Әрине, "іштегі жарық сөніп тұрғанда" күлімсіреу, жадырап жүру қиын. Бірақ көп жағдайда адам түнеріп жүруге биохимиялық деңгейде қалайша үйреніп алғанын түсінбейді. Бұл бірте-бірте депрессиядан шығуға көмектеседі.
Бесіншіден, спорт немесе бимен айналысу. Адам күйзеліске түскен кезде бұлшық еттері тырысып тұрады. Ал оларды тырыстыруға ағза өте көп энергия жұмсайды. Осы энергияны босатып алып, пайдалы іске жұмсау үшін кез келген дене жаттығуының немесе бидің пайдасы мол. Тіпті, ерінсеңіз, массажға барудан бастасаңыз болады.
Алтыншыдан, көз алдымыздағы картинаны өзгерту. Күнделікті белгілі бір әрекеттердің жиынтығының қайталана беруі адамды одан бетер күйзеліске түсіріп жібереді. Осындайда күнделікті режимге өзгеріс енгізген артық болмайды. Егер күйзеліс асқынып, депрессияға ұласқан болса, тұрғылықты мекенжайды немесе қарапайым тұрып жатқан бөлмені, бөлме ішіндегі заттардың орнын алмастыру көп көмектеседі.