Тікелей эфир

Қожа, Алиса, Джульетта. Әлемдегі әдебиет кейіпкерлеріне қойылған ескерткіштер

Саяхатшы оқырмандарға арналған топтама.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі "Менің атым Қожа" хикаятының бас кейіпкеріне арналған ескерткіш қойылды. 

Ескерткіштің қойылуына журналист Жанболат Аупбаев себепкер болған. Ол 2020 жылы "Балалық бейнеміздің белгісі" тақырыбында мақала жазып, айна алдында өзін ақылға шақырған, бөтен ауылда қымыз ішкен, мектепке асыққан Қожаны балалар қазір де қызығып көретінін айтып, шығарма кейіпкерлеріне ескерткіш қоюды ұсынған еді. Арада екі жыл өткенде қаламгердің ұсынысы іске асты.

Осы ретте Informburo.kz тілшісі әлемде әдеби шығарма кейіпкерлеріне қойылған он ескерткіштің топтамасын жасады.

Қожа, Қазақстан

Фото: aikyn.kz

Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" хикаятының бас кейіпкері Қожаберген Қадыровқа қойылған ескерткіш. Айна алдында өз-өзінен есеп алып отырған Қожаның мүсіні Нұр-Сұлтан қаласындағы "Жетісу" саябағында орналасқан.

Ескерткіштің жалпы биіктігі 1 метр 83 сантиметрді құрайды. Гранит және қола материалдардан жасалған. Мүсінші – Талапхан Азамат, ал идея авторы – Мұрат Қожамқұлов.

Алиса, АҚШ

Фото: unplaces.ru

Льюис Кэрроллдың атақты шығармасының кейіпкерлеріне қойылған ескерткіш Нью-Йорктағы орталық саябақта орналасқан. Оны филантроп Джордж Делакорте тапсырыспен жасатып, саябаққа сыйға тартқан. 

Үлкен саңырауқұлақтың үстінде отырған Алиса, етікші, қоян мен мысықтың бейнесі саябақта 1959 жылы пайда болды. Кейіпкерлер кітаптың бірінші басылымында қолданылған Джон Тенниелдің иллюстрацияларына негізделген.

Композицияның авторлары – мүсінші Хосе де Крифт пен сәулетші Хидео Сасаки. 


Оқи отырыңыз: Алматыда Роза Бағланованың ескерткіші қойылды


Коровьев пен Бегемот мысық, Ресей

Фото: Shutterstock

Михаил Булгаковтың "Шебер мен Маргарита" романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш Мәскеудегі Большая Садовая көшесіндегі жазушы тұрған №10 үйдің ауласында орналасқан. Романдағы №50 пәтер де сол жерде. Осы үй Булгаков музейі де бар.

Мүсінді 1999 жылы Александр Рукавишников жасаған, бірақ ол ұзақ уақыт бойы орнатылмай, мүсіншінің шеберханасында жатып қалған. Тек 2011 жылы Михаил Булгаковтың туғанына 120 жыл толғанда ескерткіш көпшілік назарына ұсынылды.

Джульетта, Италия

Фото: zen.yandex.ru

Уильям Шекспирдің "әлемдегі ең қайғылы оқиғасының" кейіпкері Джульеттаның қола мүсіні Италияның Верона қаласындағы Джульетта үйінің ауласында тұр.

Мүсінді 1968 жылы Нерео Костантини жасаған. Ескерткіш бірнеше жыл бойы қызығушылық тудырмады. Тек 1972 жылы Джульетта үйінің ауласына қойылған кезде ғана туристердің суретке түсетін басты нысанына айналды. Алайда туристер "бақыт әкеледі" деген сеніммен мүсіннің оң жақ төсін ұстап, ысқылай бергендіктен қала билігі 2014 жылы мүсінді музейге кіргізіп, орнына көшірмесін қойды. Дегенмен туристер әлі күнге дейін Джульеттаның төсіне қолын қойып суретке түсуді қоймаған.


Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаев пен Шоқан Уәлихановтың ескерткіші қоқыста жатыр


Қонжық Паддингтон, Англия

Фото: cdn.tele.ru

Бұл ескерткішті көпшілік "Англиядағы ең мейірімді ескерткіш" деп атайды. 

Қонжық Паддингтон – ағылшын жазушысы Майкл Бонд кітабының кейіпкері. Паддингтон туралы кітап балалар әдебиетінің классикасы саналады.

Чемоданында отырған қонжықтың қола мүсіні 2000 жылы Паддингтон стансасында орнатылған.  Дәл осы стансада Перуден Англияға келген қонжықтың хикаясы басталады. Мұнда ол Браундармен танысып, олардың үлкен және мейірімді отбасының толық мүшесіне айналады.

Мүсіннің авторы – Маркус Корниш. 

Бремен музыканттары, Германия

Фото: tripadvisor.com

Ағайынды Гриммдердің ертегісіндегі есек, ит, мысық және әтеш музыкант болу үшін Бремен қаласына барады. Бұл кейіпкерлердің мүсіні де осы қалада орналасуы заңды. Ол 1951 жылы қойылған. Мүсін қала орталығындағы Бремен мэриясы ғимаратының жанында орналасқан. Авторы – Герхард Маркс.

Туристер арасында бұл ескерткішке де тән сенім бар. Мүсіннің жанына барған адам ішінен тілек тілеп, оның орындалуы үшін есектің екі аяғынан ұстап, ысқылауы керек. Егер олай жасамаса, "тілек орындалмайды" деп сенеді. Ал қала тұрғындары бұлай істеген туристерге "бір есек екінші есекке амандасып жатыр ма" деп әзілдеуі мүмкін. Десе де, Бременге жолы түскен туристер музыканттармен суретке түсу үшін кезекке тұрады.


Оқи отырыңыз: Елордада мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш қойылды


Дон Кихот пен Санчо Панса, Испания

Фото: wikimedia.org

Дон Кихот пен Санчо Панса ескерткіші әлемге әйгілі испан жазушысы Мигель де Сервантеске арналған кешенді композицияның бір бөлігі ретінде салынған. Ол Король сарайының жанына орнатылған.

Ескерткіш қою идеясы Сервантестің қайтыс болуының 300 жылдығына байланысты туындаған. Соған байланысты 1915 жылы байқау жарияланды. Байқауды сәулетші Рафаэль Мартинес Сапатера мен мүсінші Лоренцо Кулло-Валера жеңіп алды. Олар стелланың түбінде отырған Сервантес пен оның әйгілі кейіпкерлерінің мүсінін бір композицияға біріктірген. Стелланың төбесінде глобус безендірілген. Авторлар субұрқақ қоюды да ұмытпаған. Алайда барлық идеяны бірден жүзеге асыру өте қиын болды, сондықтан ескерткіш 1929 жылы толық аяқталмаған күйі ашылды. Кейін 1950 жылдары оны мүсіншінің ұлы Кулло-Валера аяқтап, ескерткішке Дульсинеяның мүсінін қосты.

1989 жылы қола кейіпкерлердің көшірмесі Мадридтің бауырлас қаласы Брюссельде пайда болды.

Том мен Гек, АҚШ

Фото: Mike Fitzpatrick / Flickr

АҚШ-тың Миссури штатында Ганнибал деген шағын қала бар. Дарынды жазушы Марк Твеннің балалық шағы осында өткен. Осы қалада жазушының танымал "Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері" деген шығармасының бас кейіпкерлері – Том мен Гекке ескерткіш қойылған.

Достар жаңа шытырман оқиғаларға бет алған кейіпте мүсінделген. Ескерткіш 1926 жылы ашылған. Авторы – Фредерик Хиббард.


Оқи отырыңыз: Батырхан Шүкеновке арналған ескерткіштің эскиздері жарияланды


Шерлок Холмс, Ұлыбритания

Фото: summoning.ru

Шерлок Холмс – ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың әдеби кейіпкері. Шерлок Холмстың шытырман оқиғаларына арналған шығарма детектив жанрының классикасы болып саналады. Әлемде оған қойылған ескерткіш көп. Соның бірі – әйгілі Бейкер-стритте орналасқан үш метрлік мүсін. Ол 1999 жылы 24 қыркүйекте ашылған. Авторы – атақты ағылшын мүсінші Джон Даблдей.

Мюнхгаузен, Ресей

Фото: tripadvisor.com

Эрих Распэ Рудольфтің әйгілі кейіпкері Мюнхгаузеннің ескерткіші Калининград қаласының 750 жылдық мерейтойына орай қойылған. Оны Германияның Боденведен қаласы сыйға тартқан. Мүсін Орталық саябақта, Луиза патшайым шіркеуінің жанында орналасқан.

Композицияның авторы – Георг Петау. Ескерткіште Мюнхгаузеннің сұлбасы қашалған болат қабырға сомдалған. Тұғырдың бір жағында неміс қаласының орыспен тарихи байланысын көрсету мақсатында "Кенигсберг", екінші жағында "Калининград"деген жазу қашалған. 

Серіктестер жаңалықтары