Алматы қаласында КСРО халық әртісі, эстрада жұлдызы Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды.
Ескерткіш Медеу ауданы Жамбыл Жабаев атындағы мемлекеттік қазақ филармониясының алдында бой көтерді. Ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, опера әншісі Әлібек Дінішев және әншінің ұлы Тәжен Бағланов қатысты.
"Роза Тәжібайқызы сұлу адам, тамаша әнші болды. Оның есімі Қазақстан өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған. Біз және біздің ұрпақ Роза Бағланованың әнін тыңдап өсті. Оның ешкіммен шатастыруға келмейтін өзіндік дауысы бар. "Ах, Самара-городок" әнімен бүкіл кеңес одағына, әлемге танылды. Ескерткіш керемет. Ол біздің қаламыздың сәнін кіргізіп, жастар гүл қою үшін қуана келетін жерге айналады", – деді Әлібек Дінішев.
"Бұл оны білгендердің барлығы үшін тамаша сый. Бізге әртүрлі мемлекеттен хабарласып жатыр, бұл барлығы үшін үлкен оқиға. Ол халық әртісі болды, оны ұлты басқа азаматтар да білді. Шетелдіктер хабарласқан кезде оның есімін қиналып айтады. Бірақ әнін акцентсіз орындайды", – деді Тажен Бағланов.
Биыл Қазақстан Роза Бағланованың жүз жылдығын атап өтеді. Өнер саласында бұл датаға орай көптеген шара жоспарланып отыр.
Роза Бағланова қазақ және кеңес одағының опера (сопрано) және эстарда әншісі. 1922 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. Ұлы отан соғысы кезінде майдан алаңында сарбаздар алдында өнер көрсетті. 1947-1949 жылдары Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, 1949-1960 жылдары Жамбыл Жабаев атындағы республикалық филармонияда қызмет етті. 1960 жылдан бастап қазақконцерттің солисі болды.
Роза Бағланова 2011 жылы 8 ақпанда қайтыс болды. Алматы қаласының Кенсай қорымында жерленді.