Тікелей эфир

"14 миллион теңге пара алды". Алматыдағы мәйітхананың экс-директорына қатысты сот басталды

Сурет almaty-pab.kz сайтынан алынды
Сурет almaty-pab.kz сайтынан алынды
Бақытжан Әлібеков Қылмыстық кодекстің екі бабымен айыпталған.

Алматыда Қалалық патологоанатомиялық бюроның бұрынғы директоры Бақытжан Әлібековтің ісі бойынша сот басталды. Ол дайындалып қылмыс жасағаны және аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпталған. Прокурордың мәлімдеуінше, Бақытжан Әлібеков 2004 жылдың қыркүйегінде мәйітхананың директоры болып тағайындалды. Ал 2018 жылдың ақпан айында сотталушы мемлекет қаржысын жымқыру мақсатында "Veritas Primus" ЖШС ашып, оны өзінің көлік жүргізушісінің атына тіркеген. Сөйтіп, сол мекеме арқылы мәйітханада мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген конкурсқа қатысқан.

"2019 жылдың ақпан айында Әлібеков осы ЖШС-нің іс жүзіндегі иесі бола отырып, Мемлекеттік қызмет туралы заңдарда белгіленген тыйымдарға қарамастан, осы компанияны өзінің көлік жүргізушісінің атынан шығарып, танысы Қамашұлының атына рәсімдетеді. Қараша айында сотталушы "биологиялық қалдықтар мен мәйіттерді зиратқа апарып көму үшін арнайы жүк көлігін жалға алу бойынша" Мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жариялайды. Сол конкурсқа өзінің "Veritas Primus" компаниясын қатыстырады", – деді прокурор Дамир Кенжалин.


Оқи отырыңыз: Қонақүйдегі бала өлімі: сәбиін өлтірді деп айыпталған ұшқыш 20 жылға сотталды


Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, сол конкурста Әлібеков өзін конкурстық комиссияның төрағасы етіп тағайындаған. Сөйтіп, өз мекемесін арнайы талапқа сай келмесе де, жеңімпаз ретінде анықтаған.

"2020 жылдың қаңтарында ол "Veritas Primus" компаниясымен 6 миллион теңгеге қалдықтарды шығару туралы шарт жасасты. Бұдан әрі ол "Рада Логистик" компаниясымен 3,6 миллион теңгеге ұқсас қызметтерді көрсетуге шарт жасасты. Осыдан кейін сотталушы "Veritas Primus" орындауы тиіс міндеттерді "Рада Логистик" компаниясына жүктеген. Бұл "Veritas Primus"-тың қалдықтарды шығаруды орындамауының теріс салдары болмас үшін жасалған шара", – деді прокурор.

Бұдан бөлек, Бақытжан Әлібеков аса ірі көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Тергеу мәліметінше, ол 2017 жылдың маусым айында Алматының құрылыс басқармасы "Ария Жаңа Астана" ЖШС-мен Алатау ауданында қажетті жабдықтарды орната отырып, патологоанатомиялық бюро салу туралы келісімшарт жасады. Шартқа сай, 2018 жылдың маусым айында бас мердігер "Ария Жаңа Астана" ЖШС мен "Интернейтед компани" ЖШС арасында Медициналық және өзге де жабдықтарды жеткізу туралы келісім жасалды. Сөйтіп, 2018 жылдың шілдесінен қыркүйегіне дейін мекмеге құны 541 миллион теңгеге медициналық жабдықтар жеткізілді.

"2020 жылдың қыркүйек айында Әлібеков "Интернейтед компани" өкілі Батырбекпен кездесіп, оны өзінің көлігімен Esentai Mall сауда орталығы маңындағы аялдамаға дейін жеткізеді. Содан кейін сотталушы медициналық және басқа да жабдықтарды қабылдау актісін келісу үшін Батырбектен 14 миллион теңге көлемінде пара талап етті. 2020 жылдың қазан айында өзінің танысы Қамашұлын жіберіп, Батырбектен 14 миллион теңге алды", – деді Дамир Кенжалин.


Оқи отырыңыз: Алматыда қыз зорлады деп айыпталған экс-прокурор мен банк қызметкері әлі бостандықта. Олар істі қалай жабуға тырысқан?


Еске сала кетсек, мәйітхананың бұрынғы директоры Бақытжан Әлібековты қазан айында Алматы қалалық прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесе ұстады.

Бақытжан Әлібеков – жоғары санатты дәрігер-патологоанатом. Ол 2014 жылдан бастап Алматы патологоанатомиялық бюросының директоры қызметін атқарады. Оған дейін, 2009-2013 жылдары бөлім меңгерушісі, 2013 жылы директордың міндетін атқарушысы болды. Бұрын Алматы кардиологиялық орталығында және қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында жұмыс істеген.

Серіктестер жаңалықтары