Бүгін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты InterContinental қонақ үйінде туған қызын өлтірді деп айыпталған ұлыбританиялық Мохамед Баракатқа үкім шығарды. Қылмыстық іс жарты жылдан астам уақыт онлайн режимде қаралды. Судья Бахытхан Бәкірбаев Hong Kong Air Cargo әуе компаниясында ұшқыш болып қызмет еткен 41 жастағы азаматтың кінәсі толық дәлелденгенін алға тартып, оны Қылмыстық кодекстің 99 бабы бойынша Қазақстанның аумағынан бес жыл мерзімге шығарып жібере отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Дәрменсіз күйдегі баланы өлтірген сотталушы енді жазасын барынша қатаң тәртіптегі колонияда өтейді.
Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға 2019 жылы 24 қазанда Алматыдағы InterContinental қонақ үйінде болды. Тергеу дерегінше, Мохамед Баракат алкогольдік ішімдік пен есірткілік зат тұтынғасын бір жасар қызы София Баракатты танымал мейманханада азаптап өлтірген. Оның қолын қанға былғауына әйелі екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған.
Мохамед Баракат өз қызын қалай өлтіргені туралы толығырақ мына жерден оқыңыз: Қонақүйдегі бала өлімі: ұлыбританиялық ұшқыш Алматыда бір жасар сәбиін қалай өлтірді?
Ұшқыш эпилепсиямен сырқаттанғанын сылтау етіп ақталмақ болды
Ұлыбритания азаматы Мохамед Баракат Қазақстанда қолына кісен салынғалы бері бірнеше рет қорғаушы ауыстырды. Сот барысында оның мүддесін екі бірдей адвокат қорғады. Олар алғашқы күннен бастап Мохамед Баракаттың кінәсіздігін айтып, соттан оны ақтауды сұрады.
Сотталушы ұшқыш сот кезінде өзіне тағылған айыппен мүлдем келіскен жоқ. Тұңғыш қызы Софияны жанындай жақсы көргенін айтып, оған қастық қылуға қолым бармас еді деп ақталды. Ал, бір жасар бүлдіршіннің қанды өлімі сотталушының тіпті есінде қалмаған көрінеді. Талай жылдан бері белді компанияда ұшқыш болып істеген ол, 2014 жылдан бастап өзінің эпилепсиядан зардап шегетінін жеткізді. Сондықтан, Мохамед Баракат қылмыс болған түні есінен танғанын айтып, басын алып қашты.
"София менің тұңғыш қызым болды. Оны жанымдай жақсы көргенім соншалық, ең бірінші жөргегін өзім ауыстырдым, өзім шомылдырдым. Жұбайымыз екеуіміз қызымызды бар мейірімізге бөлеп, түн ұйқымызды төрт бөліп бақтық. Бұрын соңды әйеліме де, қызыма да қол жұмсаған емеспін. Біз бақытты отбасы болдық. Жауапты жұмысты тынбай істегендіктен, жұмыс кестесі тұрақты болмағандықтан және түрлі мемлекетке ұшатындықтан ұйқы режимім бұзылды. 2014 жылдан бастап эпилепсиялық ұстама мазалай бастады. Ара-тұра есімнен танып, құлап қалатыным бар. Ең соңғы рет былтыр 24 қазанда есімнен тандым. Әйелімнің Софияны төсекке жатқызып жатқанын, мен сол уақытта "жүрегім" деп мазасызданғанымды білемін. Басқа оқиға есімде жоқ, полиция бөлімшесінде ғана ес жидым", – деп жауап берген болатын Мохамед Баракат соттағы жауабы кезінде.
Сотталушы қайғылы оқиға болар алдында сыртта спирттік ішімдік ішкенін мойындағанымен, қонақ үйде бір тамшы да татпадым деп ақталды. Сондай-ақ, бұрын-соңды есірткілік заттарды да тұтынбағанын мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Карантин кезінде блок бекетте жантүршігерлік жол апатын жасаған алматылық экс-полицейге үкім шықты
Әйелі күйеуінің сөзін сөйледі
Қонақүйде ауыр соққыдан сұлқ жатқан сәбиді бірінші болып көрген сотталушының әйелі, яғни Софияның анасы Мадина Баракат та сот процесінің соңына дейін қатысты. Тергеу дерегінше, келіншек қансыраған бүлдіршінді көтеріп, "ол менің қызымды өлтірді" деп күйеуін кінәлаған. Сол күнгі сұмдықтың жай-жапсарын да тәртіп сақшыларына өзі тізіп берген болатын. Бірақ, Мадина Баракат сотта әу бастағы жауабынан бас тартып, күйеуін қорғап шыға келді. Ол Мохамед Баракаттың мейірімді және қамқор әке болғанын алға тартып, мұндай қылмысқа ешқашан қолы бармайтынын айтты. Сондықтан, ол күйеуін ақтауды сұрап, тергеушіге бұрын берген жауаптарынан бас тартты.
"Қызым қайтыс болған күні күйеуім Мохамед Баракатты кінәлап айтқан барлық сөздерімнен толықтай бас тартамын. Бұл біздің отбасымыз үшін ауыр қайғы болды. Сондықтан, сол күні полиция қызметкерлеріне есеңгіреп тұрып, не айтып, не қойғанымды білмеймін. Софияның өлімінен кейін екі сағат өткен соң тергеушілер қысым жасап, менен жауап алды. Оларға жауап беруді кейінге қалдыруды сұрадым. Бірақ, тәртіп сақшысы маған жұбайыма қарсы куәлік бермейінше, қызымды көрсетпейтінін айтты. Қызымның өлімінен кейін психологиялық күйзеліске түсіп, күйеуімді жасамаған қылмысы үшін айыптадым. Сол күні тыныштандыратын дәрі ішкенім есімде. Ауыр қайғыдан мәңгіріп жүріп, сөздеріме есеп бермедім", – деді Мадина Абдуллаева сотта.
Мадина Абдуллаеваның адвокаты Мохамед Баракатты бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Ол сотталушы қылмысқа қасақана бармағанын алға тартып, баланы абайсызда өлтіріп алуы мүмкін деп болжады.
Оқи отырыңыз: Түрмеде трансгендер әйелді зорлаған ҰҚК экс-қызметкеріне үкім шықты
Мемлекеттік айыптау: "бұл қылмысты Баракаттың жасағанына еш күмән жоқ"
Бүлдіршін өлімінің нақты куәгері болмаса да, қылмыс болған уақытта "InterContinental" қонақ үйінде жұмыста жүрген барлық қызметкерден жауап алынды. Сот кезінде қонақ үй жұмысшылары, қауіпсіздік және ресепшн қызметкерлері куәлік етті. Олар Мохамед Баракаттың масаң күйде болғанын және бөлмесінен жанжалдың шыққанын растаған. Сот жарыссөзі кезінде прокурор Жанэль Булатов туған қызын аяусыз өлтірген қатыгез әкені өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушы Мохамед Баракаттың кінәсі сот-медициналық сараптаманың қорытындысы және куәгерлердің жауабы бойынша толық дәлелденгенін алға тартты. Әрі ол сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын атап өтіп, керісінше спирттік ішімдік пен есірткілік зат қолданғаны жазаны ауырлатуға негіз екенін мәлімдеді.
"Сотталушыға тағылған айып толығымен дәлелденді. Куәгерлердің, жәбірленушінің берген жауаптары және барлық сараптамалардың қорытындысы Баракаттың жасаған қылмысын растайды. Оның ағзасынан тетрагидроканнабинол наркотикалық заты табылды. Қылмыс жасаған күні сотталушыда ешқандай психикалық ауытқу болған жоқ. Сондықтан, оның бұл қылмысты жасағанына еш күмән жоқ", – деді прокурор Жанэль Булатов.
Оқи отырыңыз: Bek Air ұшағы соғылған үй иесін тағы сотқа берді. Алайда сот арызды неге қараусыз қалдырды?
Сотталушының жары жазамен келіспеді
Қатаң жазаға Мохамед Баракаттың әйелі келіспегендей болды. Үкім оқылғанда келіншек көз жасына ерік берді. Ал сотталушы өзіне тағайындалған жазаны барынша байыппен тыңдауға тырысты. Судья үкім шығарарда Мохамед Баракаттың бұрын-соңды сотталмағанын, әрі жәбірленушінің оны кінәлау жауабынан бас тартқанын ескерген. Дегенмен, қатаң жазаға оның есірткілік зат қолданып, қорғансыз баланы жазым еткені үшін тартқанын айтты. Сонымен қатар, Бахытхан Бәкірбаев Баракаттың "эпилепсиялық ұстама кезінде баланың үстіне құлап, абайсызда өлтірдім" деген ұстанымын негізсіз деп тапты. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тараптар 15 күн ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.