Алматының Бостандық аудандық сотында прокуратураның бұрынғы қызметкері мен банктердің бірінің топ-менеджеріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Екеуі қыз зорлады деп күдікке ілінген. Бүгін Қазақстандағы әйелдерге қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған баспасөз конференциясында жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақова жантүршігерлік қылмыс туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Жәбірленушіні қылмыс орнына алдап шақырған
Жанна Оразбақованың айтуынша, бойжеткенге былтыр 8 қарашаға қараған түні зорлық жасалған. Қызды екінші деңгейлі банктердің бірінде топ-менеджер болып істейтін өзінің көңіл қосқан жігіті пәтеріне алдап қонаққа шақырған. Алайда, күдікті сол түні үйіне тағы басқа адамдарды шақырғанын жасырып қалған.
Оқи отырыңыз: Пандемия басталғалы 33 қазақстандық тұрмыстық жанжал барысында көз жұмған"Қызды пәтерде екеуіміз ғана боламыз деп алдап шақырған. Жәбірленуші үйге келгенде онда басқа адамдардың бар екенін және олардың мас екеніне көз жеткізеді. Бойжеткен жігітіне қарсылық білдіріп үйіне қайтпақ болады. Бірақ, банк қызметкері қызды жібермей, ұрып-соғып үйден шығармай қояды. Сол күні оның казинода қомақты ақшасынан ұтылғаны белгілі болады. Пәтер ішіндегі жігіттердің барлығы жәбірленушіні мазақ етіп, басынан сыра құяды. Кейін оны жатын бөлмеге апарып, екі ер адам таңғы сағат 6-ға дейін зорлайды", – деді Жанна Оразбақова.
Құзырлылар істі жылы жабуға тырысқан
Екінші күдікті – Бостандық ауданы прокуратурасының бұрынғы қызметкері. Қадағалаушы органда 2012 жылға дейін қызмет еткен ол пәтерге кейінірек келген екен. Экс-прокурор мен банк қызметкері қызды күшпен ұстап, әбден қорлаған көрінеді. Сараптама жәбірленушіні көк ала қойдай ұрып-соққанын және денесінің көп бөлігі көгергенін тіркеген.
"Бізде сот төрелігі жүйесіне сенімсіздік бар. Жәбірленуші бірден полицияға шағымданған, бірақ олар деректі тіркемей, немқұрайлық танытты. Іске мен араласқан соң ғана, екінші тәулікте тіркелді. Тәртіп сақшылары бойжеткенге керісінше, психологиялық тұрғыда қысым көрсетіп, арызынан бас тартуға үгіттеген. Үйіне айыпталушылардың бірінің туыстары келіп, қысым көрсетіп, бопсалады. Әлеуметтік желілер арқылы ол туралы жалған ақпарат таратып, интимдік қызметтер көрсетеді деген сынды жеке мәліметтерін жариялады", – деді адвокат Жанна Оразбақова.
Қазір экс прокурор мен банк қызметкері Қылмыстық кодекстің келесі екі бабы бойынша айыпталып отыр:
- 120-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – "зорлау, яғни күш қолданып жыныстық қатынас жасау";
- 121-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – "адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасаған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері".
Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары
Жәбірленуші өзін азаптағандардың жазалануын қалайды
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі істің жабық режимде, Бостандық аудандық сотында қаралатынын хабарлады. Қылмыстық істе зорлық деректері болғандықтан, көпшіліктің қатысуынсыз өтеді. Ал қорлық көрген қыз өзін азаптағандар заң алдында жауап берсе деген ниетте.
"Олар өздерінің барлық байланыстарын қосып, ақшаларымен істі жылы жабуға тырысты. Қысымның барлық түрін қолданып, тергеуге кедергі келтіруге барын салды. Сондықтан тергеу ұзақ жүрді. Менің білуімше, іс 12 томға арқау болды, бұл көп. Тіпті кісі өлтіргені үшін де мұндай көп болмайды. Тергеуші өзгерген кезде ғана іс жылжыды. 10 ай бойы тозақта жүргендеймін. Жүйкем жұқарып, әбден қажыдым. Уайымнан шашым түсетін болды. Қорқынышпен, күйзеліспен өмір сүріп жатырмын. Қазір үнемі психиатрға барып тұрамын. Бірақ шындық үшін, олардың жасаған қылмысын мойынымен көтерту үшін соңына дейін күресемін", – деді жәбірленуші.
Оқи отырыңыз: Мыңнан астам педофил бостандықта. Оларды жазаға тартуда қазақстандық сот жүйесі неге дәрменсіз?
Зорлық көрген әйелдердің тек 20 пайызы арызданады, олар әділдікке сенбейді
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитеті басқармасының мәліметінше, жыл сайын зорлау жағдайлары туралы 2 мыңнан астам өтініш тіркеледі. Олардың 10%-дан аз бөлігі ғана сотқа жетеді. Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы әрбір оныншы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Елдегі сексуалдық зорлық-зомбылық тақырыбына зерттеу жүргізген қоғам қайраткері Ақмаржан Көшербаева жәбірленшілердің болған қылмысты бұғып қалуына құқық қорғау органдарына сенбеушілігі септік етеді дейді.
"Жыныстық зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелдердің тек 20%-ы ғана әділдік пен өз құқықтары үшін ашық күресуге дайын. Ал 80%-ы үнсіз, жасырып қалғанды жөн көреді. Өйткені, олар әділеттілікке сенбейді, аты-жөндері жарияланады деп ұялады және қоғам тарапынан айыптаудан қорқады. Біздің қоғам зорлық-зомбылықтың құрбаны әрқашан "өзі кінәлі" деген пікірде. Зорлық көбінесе адам көзінен тасада, жабық алаңдарда болады. Сондай жерде зорлық көрген әйелдер, дәлелдерінің аздығынан сескеніп, полицияға арызданбайды. Арызданған күннің өзінде, құқық қорғаушы орган мен соттарға сенімдері жоқ. Зорлық бойынша қылмыстық істерде үкім тек аз пайызына ғана шығады. Жазаның аздығы қылмысты қайта жасауға түрткі болады. Бізде зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау жоқ, оларға алғашқы сағаттарда көмек көрсету үшін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер шақырылмайды. Содан кейін әрбір әйел осы жарақатымен өмір сүреді, бала өсіреді", – деді Ақмаржан Көшербаева.
Зорлық-зомбылыққа әрқашан жәбірленуші емес, зорлаушы кінәлі деген құқық қорғаушы әйелдерге батыл болып, әділеттік үшін күресуге кеңес берді. Ол әлеуметтік желілерде #невинисебя #өзіңдікінәләма хештегімен бастан кешкен оқиғаларымен бөлісуге шақырды.