Қазақстанда тапқан табысына қарамастан балалы отбасыларға жәрдемақы тағайындалады. Мемлекеттен бала дүниеге келгенде, бала күтімі үшін бір рет, сондай-ақ көпбалалы отбасылар мен "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алған аналарға ай сайын белгілі бір мөлшерде жәрдемақы төленеді. Информбюро порталы олардың әрқайсына жеке-жеке тоқталады.

№1. Бала туғанда берілетін жәрдемақы

Бұл – бала тууға байланысты тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы. Туу жәрдемақысы жұмысшыларға да, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін ХҚКО немесе eGov арқылы өтініш береді. Өтініш берушінің келесі құжаттары ақпараттық жүйелерден алынады:

  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • баланың туу туралы куәлігі немесе АХАЖ органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама мәліметтері;
  • неке қию және бұзу туралы куәлік;
  • балаға қамқоршылық белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер;
  • тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер.

Жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші, екінші және үшінші баланың тууына – 38 АЕК немесе 131 100 теңге;
  • төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.

Оқи отырыңыз: 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекті кімдер және қалай алады?


№2. Бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы

Бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап ол 1,5 жасқа толған күнді қоса алғанда тағайындалады. Жәрдемақыны тағайындаған кезде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа алынған балалар ескеріледі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс істемейтін ата-анаға арналған жәрдемақылар мөлшері:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
  • төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.

Қандастарға бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.

Баланың тууын тіркеген кезде бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыға бір ғана өтініш беруге болады.

№3. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. Оның мөлшері бала санына қарай есептеледі:

  • төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 55 303 теңге;
  • бес балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
  • алты балаға – 24,05 АЕК немесе 82 972 теңге;
  • жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
  • сегіз және одан көп баланың әрбіріне 28,06 АЕК-ге 4 АЕК (13 800 теңге) қосылып отырады.

Онлайн-қызмет арқылы жәрдемақыны тағайындауға өтінім беруге болады. 

Көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау кезінде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа алынған балалар, егер олар басқа ата-анасының отбасында ескерілмеген болса, жиынтық балалар ескеріледі.

Бұл ретте отбасы құрамында өздеріне қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған немесе ата-ана құқығынан шектелген балалар есепке алынбайды. Бала саны өзгерсе, жәрдемақы мөлшері қайта есептеледі.

18 жастан 23 жасқа дейінгі балалардың оқу орнынан анықтама сұралады.


Оқи отырыңыз: "Алтын алқалы" аналардың жәрдемақысына 5178 теңге қосылды


№4. Наградаларға ие аналарға берілетін жәрдемақы

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

ХҚКО арқылы өтініш беру:

  • өтініш;
  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы ана атағын алғандығын немесе марапатталғанын растайтын құжат;
  • Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласының тұрғын үй шаруашылығы азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы.

Өтініш берушінің құжаттары мен банк шотының нөмірі туралы мәліметтері мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады.

eGov порталы арқылы өтініш беру:

  • ЭЦҚ-мен куәландырылған өтініш;
  • марапатталғанын растайтын құжаттың электронды көшірмесі.

№5. Жәрдемақы алуға өтініш беру жолдары

  • ХҚКО;
  • eGov порталы;
  • ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы (проактивті қызмет).

Проактивті қызмет арқылы жәрдемақы тағайындау үшін ұялы телефон арқылы банк шотының нөмірін растау немесе ұсыну туралы хабарлама жіберіледі.

Мемлекеттік қызмет құжаттар тіркелген сәттен бастап 7 жұмыс күнінде көрсетіледі.

Жәрдемақы тағайындау туралы хабарлама eGov-та өтініш берушінің жеке кабинетін, SMS-хабарлама арқылы ұялы телефонына жіберіледі.

№6. "Қазпошта" арқылы жәрдемақыны үйге жеткізу

"Қазпошта" бөлімшелері арқылы жәрдемақылар келесі адамдардың үйіне жеткізіледі:

  • Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және осы кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар азаматтарға;
  • 80 жасқа толған жәрдемақы алушыларға;
  • І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға;
  • бөгде адамның күтіміне мұқтаж екені және денсаулық жағдайы бойынша банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға бара алмайтыны туралы медициналық қорытындысы бар адамдарға;
  • пошта байланысының автоматтандырылған бөлімшелері болмаған жағдайда ауылдық жерде тұратын адамдарға.

Жәрдемақы алушының банк шотының нөмірі, тұрғылықты жері өзгерсе ХҚКО-ға тиісті өзгерістерді растайтын құжаттармен осы өзгерістер туралы өтініш береді.

№7. Жәрдемақыны тоқтату себептері

Жәрдемақы келесідей мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады:

  • бала қайтыс болса және баланы мемлекеттің толық қамсыздандыруына берсе;
  • тағайындау үшін негіздемелер жойылса немесе көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы алушы қайтыс болса;
  • мемлекеттік наградалардан айырылса;
  • ҚР азаматтығын тоқтату фактісі анықталса;
  • өтініш беруші жәрдемақыны заңсыз тағайындауға алып келген анық емес мәліметтерді ұсынса;
  • бала күтімі бойынша жәрдемақы алушы үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік төлемдер түссе;
  • кәмелет жасқа толған бала оқудан шығарылса;
  • ата-ана құқықтарынан айырылса немесе шектелсе;
  • бала асырап алу жарамсыз деп танылса немесе оның күші жойылса;
  • қорғаншыларды өз міндеттерін атқарудан босатылса немесе шеттетілсе.

Жәрдемақыларды қайта алу үшін өтініш беруші жәрдемақыға құқықты растайтын құжаттарды қоса отырып өтініш береді.