Бала күтіміне төленетін жәрдемақыны есептеу кезінде соңғы 24 айдағы орташа айлық кіріс мөлшері ескеріледі. Бұл туралы "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел "Ашық диалог" порталында қойылған сауалға берген жауабында түсіндірді.
Қор директорының түсіндіруінше, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заңның 24-бабы 4-тармағына сәйкес, бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері ананың соңғы 24 айдағы орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды.
Орташа айлық кірісті есептеу формуласы: Орташа айлық кіріс = (Ай сайынғы табыс №1 + ай сайынғы табыс №2 + ай сайынғы табыс №3...... + ай сайынғы табыс №24) / 24
Мысалы, бала 2022 жылғы 16 қарашада туса, әлеуметтік төлемнің мөлшерін анықтау кезінде әлеуметтік сақтандыру қорына 2020 жылғы қарашадан 2022 жылғы қазанға дейін түскен әлеуметтік аударымдар ескеріледі. Заңның 15-бабының 5-тармағына сәйкес, бір жұмыс берушіден төленетін әлеуметтік аударымдар ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2020-2021 жылдары ең төменгі жалақы – 42 500 теңгені, 2022 жылы – 60 мың теңгені құраса, биыл ол 70 мың теңгеге тең.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы әйелдер қалай 2 миллион теңгеге жуық ақша ала алады? Декреттік төлем мен оның тәртібі
Сонымен қатар тағайындалған әлеуметтік төлемнің 10 пайызы зейнетақы қорына аударылады.
Еске салайық, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі мерзімге ұзартылды.