Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Информбюро тілшісіне микроқаржы ұйымдарынан несие алған халықтың қарызын кешіруге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кредитті жаппай кешіру әділетсіздікке әкелуі мүмкін.

"Халықты масылдыққа үйретіп алмауымыз керек. Несиеге жауапкершілікпен қарайтындар және уақытылы төлемейтіндер бар. Тіпті төлеуге мүмкіндігі болса да, қарыздан қашып жүргендер де табылады. Сондай қашып жүрген, үсті-үстіне кредит ала беретін, жауапкершілігі төмен азаматтардың несиесі кешіріліп, ал несиесін өзі төлеп, тапқан-таянғанын үнемдеп жүрген азаматтар жүйеге кірмей қалса, әділетсіздік болады", – деді Еділ Жаңбыршин.


Оқи отырыңыз:


Депутат кредиттерді кешіру кезінде отбасының әлеуметтік жағдайын жіті зерттеу қажет екенін айтады.

"Мысалы, әлеуметтік жағдайы кезінде жақсы болған, бірақ кейін табыс тауып отырған адамның қайтыс болуы, болмаса жұмыстан шығып қалуы сияқты қиын жағдайға түскен отбасылар болады. Олардың несиесін ішінара кешіруге болады. Бірақ, адамдардың бәрінің несиесін жаппай кешіру дұрыс емес", – деді депутат.

Сондай-ақ Еділ Жаңбыршин қазір өзінде несие жоқ екенін, ал алған кредиттерінің бәрін уақытында жапқанын айтты. 

Еске салайық, микроқаржы ұйымдары ұсынған жеке жоспарлардың негізінде 2022 жылдың аяғына дейін 107 мың адамның 800 млн теңге кредиті ішінара, ал 28 мың адамның 600 млн теңге көлеміндегі қарызы толығымен кешіріледі. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахманов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында хабарлады.