Түркістанда Х республикалық Құран жарысы өтеді. Жеңімпазға автокөлік сыйға беріледі
Жарыс Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналады.Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Х республикалық Құран жарысы өтеді, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі. Сайыс 6-7 қазанда Түркістан қаласында өтеді деп жоспарланған.
Сайыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша ұйымдастырылады.
Құран жарысына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Құранды қатесіз жатқа және тәжуидімен көркем оқуына баса мән беріледі;
- үміткер өз облысындағы алдын ала іріктеу сайысында 1-орын алған жағдайда ғана жарысқа жолдама алады;
- Құранды толық жатқа оқу номинациясы бойынша қатысатын үміткер Республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алмаған болуы керек;
- үміткер Қазақстанның ер азаматы болуы керек;
- үміткер 30 жастан аспаған болуы керек;
- үміткер жарысқа тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады.
Қажетті құжаттар:
- үміткердің анкетасы;
- жеке куәлік көшірмесі;
- іріктеу сайысының сертификат көшірмесі;
- облыс бас имамының ұсыныс хаты.
Оқи отырыңыз: Түркістанда көне түркі тілінде жасалған Құран аудармасының тұсаукесері өтті
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге автокөлік пен қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы сертификаттар беріледі. Құранды толық жатқа оқу бойынша бас жүлде – автокөлік. Кейінгі орындарға 3 және 2 миллион теңгеден жүлде беріледі. Сондай-ақ, Құранның 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу бойынша және Құранды мәнерлеп оқу бойынша қаржылай сыйлықтар қарастырылған.