Елордадағы бұрынғы Талдыкөл ауылының тұрғындары құрылыс компаниялары зираттар аумағына кіріп кетуінен қорқады. Тез бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлердің құрылысы бейіттердің жанына жақындап қалған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл жер Кеңес үкіметі кезінде сүт өнімдерін шығаратын 500 үйлі ауқымды ауыл болған. 1964 жылы Брежневтің бұйрығымен ауыл басқа жерге қоныс аударған. Мұнда соған дейін жан тәсілім еткен марқұмдардың зираттары сақтаулы.

"2014 жылы елу жылдық жасап, осы жерде құдайы ас беріп жатқанда түріктер жарты зиратты ысырып тастап, қалың судан брикет па бірнәрсе жасап, зиратты бұзып тастапты. Тастарының бәрін алып тастаған. Содан кейін халық айқай шу шығарғаннан кейін, олар қайтадан тастарды жуып орындарына қойып, зиратты қоршаған болды",– деді қала тұрғыны Ғабит Анасұлы



Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған шымкенттік азаматтың туыстары марқұмның зиратын күзетіп жүр


Тұрғындар әкімшіліктен бейіттерді қоршап беруін сұрап отыр. 

"Ресейдің қалың орманында тұтқында болған жапон жауынгерлері сол жақтан қашып шығып, біздің Қазақстанда, осында жерленген. Соның зираттарын біздің қандастарымыз баптап жанына адам таптатқызбай қараған. Алпыс жылдан кейін бір ғалым келіп, әкесінің басына тағзым еткен екен", – деді қала тұрғыны Алтынай Ермекбайқызы.


Оқи отырыңыз: Алматыдағы зираттар саны екі есеге жуық қысқарады


Құрылысқа жауапты қалалық әкімдіктегі мамандар зираттарға төніп тұрған айтарлықтай қауіп жоқ екенін айтты.

"Осы зираттардың аумағында құрылыс салынбайды. Олардың учаскелері тек қана абаттандырылатын болады. Зираттың өзінің санитарлық қорғау зонасы болады. Зона тұрғын үйлерден кем дегенде елу метрде орналасуы қажет. Елу метрлік диаметрде басқа ғимараттар болуы мүмкін. Мысалы, техникалық қызмет көрсету станциясы. Бірақ, тұрғын үйлер салынбауы керек", – деді Есіл ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрәділ Ғалымжан.