Қазақстандықтар SIM-карта сатып аларда биометрия тапсыратын болады
Аталған ереже жаңа абоненттерге қолданылады.Ұялы телефонды тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет кулуарында айтты.
"Бүгінде бір адамға жүздеген нөмір беріліп, оларды шетелге алып кетіп, соны алаяқтар пайдаланғаны туралы фактілер бар. Бұған жол бермеу үшін заңды құжаттарға қажетті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Техникалық тұрғыдан дайынбыз. Қазір eGov, Kaspi және Halyk bank-те биометриялық сәйкестендіру барлық жерде қолданылады", – деді министр.
Бағдат Мусин бұл мыңдаған нөмірді өз атына сатып алатын адамдарды азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
"Одан кейін мыңдаған нөмірді өз атына сатып алатын адамдар азаяды. Болмаса, бір адам сатып алған нөмірлерден алаяқтық әрекеттер жасалса, ол адам толық жауап береді. Биометриялық сәйкестендіру арқылы 100 пайыз растау болады", – деді ол.
Министр аталған ереже жаңа абоненттерге қолданылатынын айтты. Алайда ескі абоненттер үшін де әдістеме жасалады. Осылайша смартфондағы барлық телефон нөмірлері анықталуы тиіс.
Оқи отырыңыз:
- Бағдат Мусин: Алаяқтар қоңырау шалса, қазақша жауап беремін
- "Ұлттық банк қызметкерімін". Телефон-алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды