Тікелей эфир

"Ұлттық банк қызметкерімін". Телефон-алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Олар "заңсыз әрекеті үшін банк менеджерін ұстауға арнайы операция жүргіземіз" деген сылтау айтады.

Өзін полиция немесе Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстыратын телефон-алаяқтары пайда болды. Олар "заңсыз әрекеті үшін банк менеджерін ұстауға арнайы операция жүргіземіз" деген желеумен азаматтарды несие рәсімдеуге немесе микроқарыз алуға үгіттеп, ақшаны үшінші тұлғаның шотына аударуға көндіреді, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкі.

"Кей жағдайларда жалған полиция Ұлттық банкпен бірлесіп арнайы операция жүргізетінін және онысын растау үшін Ұлттық банк қызметкеріне қоңырау шалған болып, қолдан жасалған куәліктерді, банктің аударым құжаттарын және орындалған операциялардың заңдылығын "растайтын" басқа да мәліметтерді жібереді. Мұндай әрекеттердің барлығы ұйымдасқан алаяқтардың жұмысын көрсетеді", – деп жазылған хабарламада.

Алаяқтар осылайша несие рәсімдеуге қатысты мотивациялық түрлі айла тауып, ақша жымқыру және дербес деректерді, соның ішінде сізге жақын адамдардың дерегін қолға түсіруді көздейді.

Банк құқық қорғау жүйесінің немесе Ұлттық банктің жалған қызметкері телефон шалған кезде әңгімені тоқтатуды, дереу құқық қорғау органдарына арыздануға шақырады.

Сонымен қатар, мобильді қосымшаларды жүктеуге, дербес деректерді ашуға, мобильді телефонға қашықтан кіруге рұқсат беруге және телефонмен сөйлесу кезінде алынған нұсқаулар бойынша үшінші тұлғалардың шотына ақша аударуға болмайтынын ескертеді.

"Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін, халықпен ақшалай есеп айырысу ісін жүргізбейтінін еске саламыз", – деп ескертеді банктің баспасөз қызметі.


Оқи отырыңыз: “Мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін”: Шымкентте төрт тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды


 

Серіктестер жаңалықтары