Мұқыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы 8 жылдан бері аяқталмай келеді
Атырау облысы Мұқыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы сегіз жылдан бері аяқталмай келеді. Соның салдарынан жергілікті жұрттың мерекеде баратын жері мен балаларын өнерге баулитын үйірмелері жоқ. Бюджеттен бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінсе де мердігерлер әлеуметтік нысанды қолданысқа беруге асықпайды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
2017 жылы мәдениет үйінің іргетасы қаланып, бірінші қабаты көтерілген. Сол уақыттан бері нысанның құр қаңқасы тұр. Тұрғындар ескерткішке айналған ғимаратты тезірек бітіріп беруді сұрайды. Себебі, ауылдың дарынды балалары спорт пен өнер үйірмелеріне қатысу үшін ауданға қатынап жүр. Ал мереке мен түрлі шара мектептің акт залында өтеді.
"Мәдениет үйі болса ауылдағы жастар да, үлкендер де көптеген мәдени шараларға қатысар еді. Қазір мәдениет үйі шағын ғана акт залда орналасқан. Адам сыймайды. Қиындық туғызып тұр", – деді Мұқыр ауылының тұрғыны Қазипа Кемел.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысындағы Панфилов ауданы қалай дамып жатыр? Фоторепортаж
Мұқыр халқы мәдениет үйінің құрылысы созылып, аяқталмай жатқанына алаңдаулы.
"2017 жылы мәдениет үйі басталып, мердігерлердің жауапсыздығынан салынбай қалып, 2024 жылы қайтадан басталды. Тезірек аяқталса екен. Бұл жалғыз менің арманым емес, барша Мұқыр округі жастарының арманы", – деді мәдениет үйінің қызметкері Ақшолпан Жарылғасынова.
Бірақ жастардың арманы жауапсыз мердігерлердің кесірінен орындалмай тұр. Екі компания бастаған жұмысты аяқтамай орта жолдан тастаған. Қазір қайта конкурс жарияланды. Ал құрылысқа жан бітіру үшін бұл іске ақыры Антикор араласты.
"Жалпы мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың құны 1,4 миллиард, оның ішіне инфраструктурасымен бірге желілердің барлығын қосу, толық жылу бар. Соның барлығымен қоса нысан осындай құнға шығып тұр. Біздің мақсат – енді осы бюджет қаражаттарының тиімді жұмсалуы және нысанды созбаланға салмай уақытында аяқталуы", – деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин.
Оқи отырыңыз: "Құдайға жалбарынып отырып қалдым". Жамбыл облысы тұрғындары жер сілкінісін қалай өткерді? Фоторепортаж
Бар үміт үшінші мердігерде. Жаңа компания қазір жұмысты бастаған екен.
"Қазіргі таңда ол мекеме жауапсыз деп танылады. Одан кейін қайтадан тендерлік рәсімдеу өткізіліп, бүгінгі күні бұрынғы салған жұмыстар техникалық ерекшеліктерге сәйкес бұзуға жатады деп танылды. Қазір нысанның іргетасы қаланып, тумбалар құйылған болатын. Бүгінгі күні жұмыстар қарқынды жүруде", – деді Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.
Жоспар бойынша құрылыс тамыз айына дейін аяқталып, күзде мәдениет үйі пайдалануға берілуге тиіс.