
Жетісу облысының шекаралық аймағы Панфилов ауданы – халқының саны және әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Ауданда 142 мың адам тұрады. Облыс құрылғалы үш жыл ішінде аталған ауданда 6 жаңа мектеп, 21 медицина нысаны салынған.
Информбюро тілшісі Панфилов ауданының әлеуметтік және инвестициялық объектілері туралы пресс-турға қатысып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Алматыдан 300 шақырымдай жерде жатқан Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласына ат басын бұрдық. Алдымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған 1200 орынды орта мектепте болдық. Жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл заманауи білім ордасында балалардың алаңсыз білім алып, шығармашылық еркін дамуына барлық жағдай жасалған. Мектепте 64 сынып бар, соның алтауы – touch-экрандары бар жаңа модификациядағы кабинеттер. Онда оқушылар химия, физика, биология пәндерін, робототехника, STEM, нанотехнологияны меңгереді. Сонымен қатар екі информатика кабинеті, 258 орындық кең акт залы, екі спорт залы, екі оқу залы бар кітапхана, 230 орындық асхана, би залы бар.

"Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ерекше жағдайлар жасалған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимаратта бейнебақылау, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылған. Материалдық жабдықтарға бай шеберханалар, кітап оқуға, оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына арналған коворкинг аймақтары, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдары жасақталған. Балалар бір ауысымда оқиды. Ал түстен кейін мектептің хореография залында би, спорт зал мен алаңдарда волейбол мен баскетбол және басқа да тегін үйірмелерге қатысады. Барлық пәннен ақысыз қосымшалар жүргізіледі", – деді мектеп директоры Айгүл Дәрубаева.

Әр кабинет жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сабақ оқуға, тәжірибе жасауға қажеттің бәрі бар. Химия пәні кабинетіне кіргенде 9-сынып оқушылары сабақ өтіп жатты. Тақтаға жазылған формулаларды зертханада сынап көретіндерін айтып, "Жайлы мектеп десе жайлы мектеп" деп баға берді.
Көркем еңбек пәнінде балалар станоктарды, әртүрлі техниканы қолданып ағаштан, темірден, гипстен әртүрлі бұйым жасайды. Өздері жасаған қолөнер бұйымдарын қайырымдылық жәрмеңкесінде сатып, жиналған қаржыны жағдайы төмен отбасыларға берген екен. Пән мұғалімі жаңа нәрсені үйренуге балалардың қызығушылығы жоғары екенін айтып отыр. Түстен кейін өтетін үйірмеге де балалар ертерек келіп алып, кеш батқанша қол еңбегімен айналысады.

Оқу мекемесі 2024 жылы қараша айында ашылған. Қазіргі таңда білім алып жатқан 1071 оқушыға 92 мұғалім сабақ береді. Мектеп автобусы қашықтан келетін 60-қа жуық баланы тегін тасымалдайды. Мұғалімдер біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады.

Мектептен шығып екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Головацкий атындағы ауылдың күрделі жөндеуден кейін жаңартылған мәдениет үйіне бардық. Кезінде Николай Головацкийдің арқасында салынған мұндай көрнекті мәдениет ошағы кез келген ауылда кездеспейді.

Ауыл тұрғындары жеке меншікке өткен, жөндеусіз жүдеу күйге түскен мәдениет нысанының болашағы үшін алаңдап, аудан және облыс басшылығымен болған кездесулерде күрделі жөндеу қажет екені туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәдениет ошағының жай-күйіне назар аударып, осы мәселенің шешілуіне ықпал етті. Мәдениет үйінде ардагерлер фестиваліне дайындалып жатқан "Алтын қазына" ансамблі мүшелерінің дайындығына куә болдық. Ғимаратта орналасқан ауыл кітапханасының жұмысымен таныстық.

"Бұл мәдениет үйі 1992 жылы қолданысқа берілді. 2023-2024 жылдары 601 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Мәдениет үйінде алты үйірме жұмыс істейді. Кітапхана мен Головацкий музейі бар. Бұл дизайны ерекше мәдениет үйі, Қазақстанда басқа еш жерде жоқ", – деді Панфилов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Толқын Көшербаева.

Мәдениет үйінің жанында 210 орындық "Жаскент" жекеменшік балабақшасы орналасқан. Бір кездері "Қорғас" ХШЫО-ның бұрынғы әкімшілік ғимараты болған бұл нысанды кәсіпкер Тұрсын Кончибаева сатып алып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 200 млн теңгеден астам сомаға күрделі жөндеу жүргізген. Ғимаратқа газ кіргізіп, балабақша ашып, жиырмадан астам адамды жұмысқа орналастырды.

Панфилов өңірдегі жасыл аудан саналады. Көгалдандыру бағытында "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында ауданда 15 мыңға жуық ағаш егілген. БАҚ өкілдері де Талды ауылдық округінде демеушілер салып берген "Тау самал" мәдениет және демалыс саябағына барып, ағаш екті. Мұндағы іргелі жұмыстар жайлы округ әкімі Қуандық Әшіржанов айтып берді.

"Біздің Талды ауылы – Панфилов ауданының үлгілі елді мекендерінің бірі, мұнда бес мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып, ауылда мектеп, екі балабақша, амбулатория, мәдениет үйі жұмыс істейді. Жақын арада газдандыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға арнап 16 үй салынып жатыр. Сондай-ақ бүгінгі таңда 300 орындық жаңа мектеп тұрғызыла бастады", – деді ол.

Тілшілер қауымы аталған мектептің құрылыс алаңына барды. Аудан әкімінің орынбасары Дидар Ешеновтің айтуынша, білім беру нысанының құрылысы 2024 жылғы маусым айында басталған. Осы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс орнында 96 адам жұмыс істеп жатыр.
"Бұл мектеп арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынып жатыр. Жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары тамыздың соңында аяқталуға тиіс, дегенмен бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жұмыс кестесінен едәуір алда келеді. Сондықтан құрылысты бірінші тамызда аяқтаймыз деген жоспар бар. Бүгінде сыртқы және ішкі әрлеу, ауланы абаттандыру жұмыстары жасалып жатыр", – деген Дидар Ешенов жаңа білім ордасының жабдықталуы жайлы мектептен еш кем түспейтінін және оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің үміттері толығымен ақталатынын жеткізді.

Мектеп қабырғасында пән кабинеттерінен бөлек керамика, аспаздық, тігін секілді шеберханалар болады.
Журналистер былтыр көпбалалы отбасыларға 160 пәтер, сондай-ақ демеуші компанияларының есебінен екі пәтерлі үйлер салынған жаңа шағын ауданда болды. 2024 жылы 620 пәтер пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ауданда 4500-ге жуық адам үй кезегінде тұр.

Келесі нысан – жаңадан салынған Алтүй ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория. Оның штатында 18 маман бар – жалпы практикадағы екі дәрігері, 6 медбике. Бүгінгі таңда зертхана, күндізгі стационар сияқты стандартты медициналық қызметтерден басқа, оңалту орталығының жұмысы қарастырылған.

"Ауданда 2023 жылы – үш, 2024 жылы екі медициналық пункт салынды. Биыл осындай үш ғимарат салынады деп жоспарланы отыр. Ауылда 11 медициналық мекеме салынып жатыр, соның ішінде бес дәрігерлік амбулатория салынып бітті. Әр амбулатория тәулігіне 25 науқасты қарай алады. Дәрігерлер жеткілікті. Амбулаторияда меңгеруші, жалпы практика дәрігері және медбикелер бар", – деді Панфилов аудандық аурухананың бас дәрігері Айдын Елікбаев.

Панфилов ауданында үш жылдың ішінде бізде кәсіпкерлердің көмегімен 6 спорт кешені пайдалануға берілген. Соның бірі – Үлкен Шыған ауылындағы 90 орындық спорт кешені. Мұнда кең тараған спорт түрлерінен он секция жұмыс істейді. Спорттың алты түрінен 197 бала жаттығады.

Пресс-тур соңында Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кеңінен айтып берді.
"Панфилов ауданы шекаралық аймақта орналасқандықтан экономикалық даму жағынан мүмкіндігі жоғары аудандардың бірі саналады. Соңғы үш жылдың ішінде тек білім саласының өзінде 6 елді мекенге жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілді. Үш жылда 6 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Биыл Дәнеш Рақышев атындағы мектептің жаңа құрылысын тамыз айының аяғына дейін бітіріп, 1 қыркүйекте іске қосамыз. Денсаулық сақтау саласында үш жылдың ішінде 21 елді мекенде жаңа ғимараттар салынды, 7 елді мекендегі медицина ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Біздің аудан халық өсімі жағынан бірінші орында, жылына кем дегенде 3200-3500 бала дүниеге келеді. Сондықтан перзентхана ғимаратын да жөндеуді жоспарлап отырмыз", – деді аудан әкімі.

Марат Сағымбек жол мәселесі де шешілетін айтып отыр. Көктал мен Сарыөзек арасындағы 78 км және Көктал мен Айдарлы ауылындағы 15 км жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
"Ауылішілік жолдар да назардан тыс қалмайды. Газбен қамту бойынша биыл 25 елді мекенге көгілдір отын жеткізуге қаражат бөлінді. Бес елді мекенге су құбыры жүргізілді. Ауданымызда жұмыссыздық мәселесі толық шешілді деп айтуға болады. Керісінше, жұмыс күші жетпей жатыр. Алынып жатқан зауыт, фабрикалар, кәсіпорындар бар. Ауданда 27 білікті дәрігер тапшы. Сырттан келетін дәрігерлерге жағдай жасау мақсатында бес үй бердік. Облыс әкімінің шешімімен оларға берілетін қаржылай қолдау сомасы он миллион теңгеге дейін көтерілді. Мамандар келіп жатыр, оны үй кезегіне тұрған жас мамандар санынан көріп отырмыз", – деді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Пресс-турдың екінші күні БАҚ өкілдері Панфилов ауданындағы Қытаймен шекаралас аумақта орналасқан арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты. Бұл туралы Информбюроның келесі материалынан оқи аласыздар.