Енді жаңа туған нәрестеге ЖСН бірден беріледі
ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа туған балаларға ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) беру бойынша пилот жобасын іске қосты. Бұл туралы Polisia.kz. хабарлады.
"Бұрын балаға ЖСН ата-анасы туу туралы куәлік алуға өтініш білдіргеннен кейін ғана берілетін. Сол себепті біраз бала ата-аналары мұндай куәлікті алғанға дейін есепке алынбайтын. Енді АХАТ бөлімі туу туралы медициналық куәлікті алғаннан кейін автоматты түрде баланың туу туралы актілік жазбасын жасайды, оның негізінде баланың ЖСН-ы қалыптасады", – делінген хабарламада.
Бұл арқылы баланың ата-анасының жеке өтінішінсіз, проактивті форматта (көрсетілетін қызметті берушінің ұсынысы бойынша) бірқатар мемлекеттік қызмет автоматты түрде көрсетіледі. Олар:
- бала тууға байланысты және бала күтімі бойынша жәрдемақы алу;
- жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау және төлеу;
- бала 1,5 жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем.
Жүйе анасына баланың тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) сияқты мәліметтерді беру туралы SMS-хабарлама жібереді (үш жұмыс күні ішінде жауап беру керек). Деректер алынғаннан кейін туу туралы куәлік әзірленеді.