Әлеуметтанушы ғалым Ақтолқын Құлсариева 31 арна эфирінде берген сұхбатта елдегі кедейшілік деңгейін төмендету үшін көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік төлем мөлшерін көбейтіп, тегін білім алуға қолжетімділікті арттыру қажет екенін айтты.
"Табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтарды ғана кедей деп атау – біржақты түсінік. Кедейлік деңгейі жалақы арқылы ғана емес, сонымен қатар, білім алуға, денсаулығын сақтауға, бос уақытын жақсы өткізуге және баспанасының бары-жоғына байланысты анықталуы қажет", – деді Ақтолқын Құлсариева.
Оқи отырыңыз: Экономист: Халықтың табыс деңгейі Африка елдерімен пара-пар
Әлеуметтанушының пікірінше елде кедейлер санын азайту үшін алдымен көп балалы отбасыларға көңіл бөлу керек. Дүниежүзілік банк талдауы бойынша, Қазақстанда кедейлер ішінде көп кездесетін санат – көп балалы отбасылар. Қазақстанда халық саны аз болғандықтан, елге демографиялық дүмпу қажет.
"Алайда осы баласы көп отбасылар кедейлік құрсауында қалмас үшін басты назарды көп балалы аналарға аударған жөн. Баланың дүниеге келуі мен күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшері артқанда мәселеге оң өзгеріс енеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, білім беру саласында инклюзивтілік принципін ұстану қажет. Яғни, күнкөріс, жас, нәсіл, түр, түсіне қарамай орта, жоғары және кәсіби білім алуға мүмкіндікті көбейту. Мұның барлығы кедейшіліктің алдын алуға көмектеседі", – деді ғалым.
Еске салсақ, 2022 жылы әйелдердің 1,6 миллион теңге көлемінде бір жолғы декреттік төлем ала алатыны туралы хабарлаған едік.