Жаңа оқу жылында грант саны мен ауылдық квота ұлғайтылады, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

"2022 жылы грант саны 10% артады. Бұған қоса техникалық бағыттарға басымдық пен қолжетімділікті кеңейту үшін техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін артады", – деді министр.


Оқи отырыңыз: ШҚО-да қызметкерлерден ақша жинаған балабақша меңгерушісі қызметінен босатылды


Мұнымен қатар, білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 мың нысаналы грант бөлінеді. Сондай-ақ, министр кадр тапшылығы мәселесінің қалай шешіліп жатқанына тоқталды.

"Экономика үшін кадрларды жедел даярлауға биыл пилоттық режимде 2,5-3 жыл оқытумен қолданбалы бакалавриат енгізіле басталады. Жоғарғы білім беруде "онлайн-оқыту" жаңа нысанын енгізу жоспарлануда. Тиісті заң жобасы мәжілісте қаралуда. Бұл цифрландыру заманының сұранысына сай келетін шара", – деп қосты министр.

Бұдан өзге ведомство басшысы апатты, үш ауысымды мектептер және оқушы орындарының дефициті проблемаларын шешу мақсатында 200 жаңа мектеп ашу жоспарланғанына тоқталды. Айтуынша, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін бірнеше мәселені шешу қажет.

"Біріншіден, мың мектеп салу үшін жер учаскелерін алдын ала бөлу керек. Осыған байланысты, әкімдіктер барлық  мектеп үшін қажетті жер учаскелерін бөліп, олардың арнайы ашық интерактивті картасына енгізу керек. Екіншіден, тұрғын үй алаптарын жоспарлау кезінде көбінесе білім беру объектілерінің құрылысы ескерілмейді. Осыдан оқушы орындарының жетіспеушілік проблемалары туындайды. Осыған орай, тұрғын үй құрылысы жұмыстарын бастар алдында әкімдіктерге біріншіден мектеппен қамтамазыз етуді сұраймын", – деді Асхат Аймағамбетов.

Мұнымен қатар, биыл 1 003 ауыл мектебі жаңғыртылмақ.

Еске салсақ, министр Асхат Аймағамбетов балабақшалардағы электронды кезектің бірыңғай базаға жинақталатынын хабарлаған еді. Бұл ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.