ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балабақшалар мен орта білім мекемелерінде болатын өзгерістерді атады. Енді ашықтықты қамтамасыз ету үшін бірыңғай облыстық балабақша кезегі құрылады. Ал мектептерге сырттай бағалау жүйесі толық енгізіледі.
"Балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін облыстардағы электронды кезектердің бәрі енді республика бойынша бірыңғай базаға еніп, біріктірілетін болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр, орта білім мәселесіне тоқталды. Осы орайда, ата-аналар тарапынан айтылған түрлі сынды ескеріп, негізгі пәндер бойынша бағдарламалар жаңаратынын айтты.
"2016 жылдан бастап мектептер жаңартылған мазмұнға көшті. Дегенмен, оң өзгерістермен қатар бағдарламалардың кейбір тұсы бойынша мұғалімдерден, қоғам тарапынан біраз орынды сындар айтылды. Сондықтан функционалды сауаттылыққа бағытталған басты принципті сақтай отырып негізгі пәндер бойынша бағдарламаларды жаңартатын боламыз. Бұл биылғы жылдың ең маңызды, әрі ауқымды жұмысы болатыны сөзсіз. Академиялық біліммен бірге оқушыларға өмірлік маңызы зор дағдыларды игертуге бағытталған "Жаһандық құзыреттіліктер" таңдау курсы ұсынылатын болады", – деді министр.
Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту үшін математикалық білімнің сапасын арттыру қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
"Ол үшін оқу бағдарламаларын, әдістемелік құралдарды, оқулықтарды жаңартамыз, математиканы топтарға бөліп оқытуды қолға аламыз. Балаларды еңбекке дайындау үшін ерте кәсіптік бағдарлауға баса назар аударылады, тиісті бағдарламаны өзгертіп, оқу-өндірістік комбинаттардың қызметін жаңғыртамыз. Орта білім берудің сапасын бағалау үшін қорытынды аттестаттау және бақылау қағидалары жетілдірілетін болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұдан өзге, биылдан бастап білім беру сапасына сырттай бағалау толығымен еңгізіледі. Мемлекеттік аттестаттау рәсімі қайтарылып, профилактикалық бақылау түрінде балабақша, мектеп, колледж деңгейлері үшін өткізілмек. Заңға қажетті өзгерістер енгізілген.
Еске салсақ, балабақшаларда оқыту-тәрбиелеу жұмыстарының арнайы әзірленген әдістеме бойынша жүргізілетіні туралы хабарлаған едік. Бұған дейін кішкене балаларға мектептегі сияқты кесте бойынша 20 минуттық сабақтар жүргізіліп келген болатын.