Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының сөмкесі тым ауыр екенін айтып, мәселені цифрландыру арқылы шешуді ұсынды. "Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын", – деді президент. Осыдан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та балаларды ауыр сөмке тасудан босатуды тапсырды

Жоғары билік өкілдері тапсырма бергенге дейін Астана қаласындағы BINOM мектебінің оқушысы Әдия Мұса бұл мәселені арнайы тақырып етіп алып, ғылыми зерттеу жұмысын жасап үлгерген. 

"Оқушылардың сөмкесі ауыр"

Әдия Мұса ең алдымен сыныптастарының дене салмағы мен сабаққа ұстап жүрген сөмкесінің салмағын өлшеген.

"Портфельдi өлшеу бaрысындa ең жеңiлi – 400 грамм, aл ең aуыры 2000 грамм болып шықты. Сонымен қатар сыныптaғы оқушылaрдың көпшілігінің сөмкесi тaлaпқa сaй еместігін анықтадым. Неліктен сөмкелеріміздің салмағы әртүрлі? Мұны зерттей келе оқушылaрдың сөмкесінде кітаптан басқа, сабаққа қaжет емес зaттaр да бaр екенi aнықтaлды", – дейді Әдия.

Оқушылардың дене салмағы мен сөмкесінің салмағы. Әдияның ғылыми жұмысынан деректер

Оқи отырыңыз: Баланы мектепке дайындағанда нені ескерген жөн? Ата-анаға пайдалы кеңес


"Жалпы, медицинaлық тaлaптaрғa сүйенетiн болсaқ, портфельдiң сaлмaғы оқушы сaлмaғының оннaн бiр бөлiгiнен aспaуы керек. Осы орайда айтар ұсынысым бар: Бастауыш сынып оқулықтары мектепте жəне үйде орындауға арналған екі жинақпен шығарылса екен. Бала сонда кітаптарды ары-бері тасымайды. Сонымен қоса, кейбір оқу-əдістемелік кешендерді электронды құрылғылармен оқытудың жолы табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Меніңше, осындай жолдармен оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдетуге болады", – дейді әңгімені жалғаған Әдия.

Сөмкенің салмағы қандай болуы керек?

Оқу-ағарту министрлiгiнiң бастамасы бойынша Денсаулық сақтау министрлiгi әрбiр оқулықтың және оқушы сөмкесiндегi олардың жиынтығының салмақ нормаларын регламенттеді. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығында жазылған.

Бұйрық бойынша күн сайынғы оқу жиынының салмағы:

  • 1-3 сынып білім алушылары үшін – 1,5-2 келіден;
  • 4-5 сынып білім алушылары үшін – 2-2,5 келіден;
  • 6-7 сынып білім алушылары үшін – 3-3,5 келіден;
  • 8-11(12) сынып білім алушылары үшін – 4-4,5 келіден аспауы тиіс.

"Күнделікті оқу жинағына оқулықтар, оқу-әдістемелік кешен, жазу материалдары кіреді, ал сөмкенің салмағы кірмейді. Осы себепті ата-аналар баласына рюкзак таңдауда мұқият болғаны абзал, ыңғайлы және жеңіл сөмкелерге артықшылық берген дұрыс", – деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің Іnformburo.kz тілшісіне берген жауабында.


Оқи отырыңыз: Дарынды жастарға кімдер қаржылық қолдау көрсетеді? 7 қорға шолу 


Ауыр сөмкенің бала ағзасына әсері қандай?

"Ауыр салмақ көтергеннен балалардың көбі сколиоз деген ауруға шалдығуы мүмкін. Сколиоз туа біткен және жүре келе пайда болатын деп бөлінеді. Жүре келе пайда болатын түрі 1-2-сыныптан басталады. Себебі, қазір кітаптар ауыр. Балалар ауыр сөмкесін арқасына асып алады. Содан сколиоз болады. Ол баланың кішкентай кезінде білінбеуі мүмкін, бірақ өскенде, 20-25 жасқа келгенде соның зардабын шегуі мүмкін", – дейді ортопед-травматолог дәрігер Баурыжан Ерғазинов.


Оқи отырыңыз: Электронды оқулық дегеніміз не, онымен қалай жұмыс істеу керек?


Мәселе қалай шешіледі?

Оқу-ағарту министрлігі оқушы сөмкесінің салмағын азайту мәселесін шешу шараларының бірі – цифрландыру екенін мәлімдеді.

"Оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға ыңғайлы болу үшін бекітілген оқу басылымдарының тізбесіне (ҚР БҒМ 2020 жылғы 22 мамырдағы №216 бұйрығы) енгізілген барлық оқулық электронды түрде (ePub, Pdf) Оқу-ағарту министрлігінің веб-сайтында орналастырылған және оларды бірнеше рет жүктеп алуға болады. Сонымен қатар веб-платформаларда орналастырылған электронды оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің саны жылдан жылға артып келеді", – деп жазылған министрлік хабарламасында.