Тікелей эфир

Дарынды жастарға кімдер қаржылық қолдау көрсетеді? 7 қорға шолу

Қазақстанда жас өнерпаздар, спортшылар, ғалымдар тегін оқу үшін және өз жобаларын жүзеге асыру үшін қорлардан қолдау ала алады.

Қазақстанда дарынды жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалармен қатар, олардың білім алуына жағдай жасап, идеяларын жүзеге асыруға көмек беретін қорлар аз емес. Олардың бірі оқу ақысымен қатар шәкіртақы тағайындаса, енді бірі шетелден тағылымдамадан өтуге жолдама береді. Мұндай қолдауға қалай ие болуға болады? Үміткерлерге қандай талаптар қойылады? Қандай құжаттар талап етіледі? Informburo осы және өзге сұрақтарға жауап береді.

"Қазақстан халқына" қоры

"Қазақстан халқына" қоры бакалавриат бағдарламалары бойынша 2022-2023 оқу жылына арналған гранттар мен шәкіртақылар беруге конкурс жариялады. Кокусрқа білім грантын ала алмаған ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектерге, жетім балаларға және мүгедектігі бар балалар қатыса алады. Үміткерлер өзі таңдаған жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына 10 тамыздан бастап 17 тамыз аралығында өтінім беруі керек. 

Сондай-ақ жоғары оқу орындарында ақылы бөлімдерде оқитын студенттер Қордың қаражаты есебінен оқуын жалғастыра алады. "Қазақстан халқына" қоғамдық қорынан грант пен шәкіртақы алу үшін студенттер 1 тамыздан бастап 25 тамыз аралығында "Taiburyl" қоғамдық бірлестігінің сайтына онлайн-өтінім береді. KazGUU студенттері "Эндаумент КАЗГЮУ" корпоративтік қорының сайтында өтінім береді.

Қор жылына 1 миллион теңгеге дейінгі оқу ақысын өтейді. Бұл сомадан асып кетсе қалған ақшаны грант алушы студенттің өзі төлеуге тиіс.

Қор бөлетін гранттар өтеусіз көмек болғандықтан ақша қайтарылмайды және грант алушы оқуын аяқтағаннан кейін оның оқуына жұмсалған қаражатты "өтеуге" міндетті емес.


Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қорының білім беру грантын алуға тамызда өтінім беруге болады


ЖОО комиссияларына тапсыратын құжаттар: 

  • Ата-анасының/заңды қамқоршылардың жеке куәлігінің түрлі-түсті көшірмесі;
  • Орта мектепті бітіргені туралы аттестаттың көшірмесі не колледж дипломы (үміткердің ауылдық жерден шыққанын растайды);
  • ҰБТ сертификатының көшірмесі;
  • Мүмкіндіктері шектеулі, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ауылда жағдайы нашар отбасыдан шыққан балалар осы санаттарды құжат жүзінде растау;
  • Үміткер жетім немесе балалар үйінің тәрбиеленушісі болса, ата-анасының қайтыс болуы туралы анықтама немесе балалар үйінің анықтамасы талап етіледі;
  • Үміткердің ата-анасының соңғы жарты жылдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтама; 
  • Атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алушының мәртебесі туралы ақпарат;
  • Республикалық деңгейдегі олимпиадалардан, мәдениет және спорт саласындағы республикалық турнирлерде алған сертификаттар мен дипломдардың көшірмелері (бар болса).

Ақылы бөлімдерде оқитын студенттер жоғарыдағы құжаттармен қоса өзінің не ата-анасының, кәмелетке толмаған бауырларының мүгедектігін растау туралы анықтама, оқу орнынан анықтама (транскрипт), балаларының туу туралы куәлігінің көшірмесі (бар болса), мотивациялық хат (500 сөз) тапсырады.

Бағдарлама туралы толық ақпарат "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының сайтында. Конкурс нәтижесі 30-31 тамызда жарияланады.

Taiburyl қоғамдық бірлестігі

Қоғамдық бірлестік студенттердің, ғалымдар мен зерттеушілердің өз салаларында дамуына көмектеседі. Төрт бағдарламасы бар: білімді, зерттушілерді және дарындыларды қолдау, бизнес және мемлекеттік басқару бойынша қонақ дәрістер. Студенттер бағдарламаларға онлайн өтінім бере алады. Әр жобаның өтінім қабылдайтын өз уақыты бар. 

ілім қолдауы" бағдарламасы:

  • "Ай сайынғы шәкіртақы" техникалық, гумманитарлық, қоғами және экономика ғылым саласында оқитын, талантты, келешегі бар студенттерге оқу, ғылым әрі тәжірибие саласындағы қызметін ынталандыру үшін беріледі. Байқау жыл сайын тамыз-қыркүйек, қаңтар-ақпан айларында өткізіледі. Шәкіртақы бір оқу семестірі бойы ай сайын беріледі;
  • "Білім гранттары" жобасы техникалық, гумманитарлық, қоғам және экономика саласында оқитын, талантты, келешегі бар студенттердің оқу ақысын төлеуге бағыттанған. Грант беру конкурсы бір жылда екі рет өткізіледі;
  • "Болашақ ұстаз" бағдарламасы бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша педагогика ғылымдары саласында білім алатын дарынды және болашағы зор қазақстандық студенттердің оқу, ғылыми және практикалық қызметін қолдауға және ынталандыруға бағытталған. 

Оқи отырыңыз: Әкімдіктердің грантына құжат қабылдау жүріп жатыр


Bolashak стипендиясы

Қазақстандықтар "Болашақ" халықаралық бағдарламасы арқылы шетелде магистратура, докторантура және резидентурада оқи алады. Өтініштер 2022 жылғы 14 қазанға дейін eGov.kz арқылы қабылданады. Ал тағылымдамадан өтуге құжаттары 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады. Конкурстық іріктеу 2022 жылғы 30 мамыр мен 30 қараша аралығында өтеді. Осы жылы магистратура мен резидентураға 385, докторантураға 60 стипендия бөлінді. 

Стипендия иегерлері Аустралии, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Израиль, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Қытай, Гонконг, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Жапонияда оқи алады.  

Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша басым мамандықтар тізімінде академиялық оқуға 92, тағылымдамадан өтуге 158 мамандық қарастырылған. Еңбек нарығының үрдістерін талдау негізінде осы жылы тізілімге инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және өнеркәсіптік инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық енгізілді.

"Болашақ" халықаралық стипендиясына конкурстық іріктеу үш кезеңнен тұрады:

  • кешенді тестілеу;
  • тәуелсіз сарапшылық комиссиясы мүшелерімен жеке әңгімелесу;
  • Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау.

Оқи отырыңыз: "Болашақтың" ауыл квотасына ие стипендиаттары кепілге мүлік ұсынбайды


Магистратура, докторантура және резидентурада оқуға қажет құжаттар: 

  • шетелдік жетекші ЖОО тізіміне енгізілген ЖОО-нан академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын құжат. Құжатта үміткердің деректері, оқу бағдарламасы, мамандық, оқу мерзімі, оқудың толық құны көрсетілуге тиіс. Құжат мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасымен ұсынылады;
  • жеке куәлік және төлқұжат;
  • бакалавр немесе маман дипломы бар;
  • В1 деңгейінен кем емес нәтижесі бар ҚАЗТЕСТ бойынша емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификат;
  • шетелге шығатын тұлғалар үшін 072/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама;
  • шетелдік жоғары оқу орны берген үлгерім туралы ресми құжат немесе мамандығы, курсы (оқу жылы), бағалау жүйесі туралы ақпарат, ағымдағы үлгерімнің орташа балы көрсетілген белгіленген үлгідегі анықтама;
  • ауылдан шыққан үміткерлер еңбек қызметін растайтын құжаттар, соңғы 2 жылындағы аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірме, шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы ресми сертификат.

Тағылымдамадан өтушілер жоғарыдағы құжаттармен бірге шетелдік ұйымнан шартсыз шақыруды растайтын құжат, жұмыс орнын сақтау шартымен маман даярлауға жұмыс берушінің өтінімі, шетелдік ұйым талабымен немесе виза рәсімдеу қажет болған кезде шет тілін білу ресми сертификаты, тағылымдамаға жіберетін және қабылдайтын ұйымдар бекіткен тағылымдамадан өту бағдарламасын тапсырады.

Спортты қолдау қоры

Қор – дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай оператор. Қаржы спорт жарыстарына, Олимпиада ойындарына қатысуға, спортшылардың киім-кешегі мен жабдықтарын алуға, жарыстар ұйымдастыруға жұмсалады. Ұйым қайырымдылық көмек бойынша өтініштерді қабылдап, өңдеп, талдаумен айналысады. Көмек алу үшін "Өтініш беру" түймесін басып, мәліметтерді толтыру керек. 


Оқи отырыңыз: 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы қалай өседі?


Қажет құжаттар:

  • қайырымдылық көмек көрсетуге өтініш;
  • жеке куәлік;
  • спортшыны қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі;
  • спорттық жарыстардың хаттамасы;
  • спортшыны тіркеу туралы куәлік;
  • банктен анықтама;
  • әлеуетті алушының сауалнамасы;
  • шығындар сметасы;
  • түсіндірме жазба;
  • іс-шаралар жоспары және басқа да растайтын құжаттар.

Заңды тұлғалар жоғарыдағы құжаттармен қоса бірінші басшыны тағайындау туралы шешімнің көшірмесін, спорттық жарыстың ережесін, спорт ұйымын аккредиттеу туралы куәлік, жеке банк шотының ашылғанын растайтын анықтама тапсырады. 

Өтініш қорда тіркелген күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей қаралады.

Shakhmardan Yessenov Foundation

Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының мақсаты – негізгі білім беруді жалғастыру, кәсібилік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша нақты және жаратылыстану ғылымдарына маманданған студенттер мен қазақстандық жас ғалымдарды қолдау. Қордың бірнеше бағдарламасы бар. 

Шәкіртақы. Жыл сайын қор 20 студентке шәкіртақы тағайындайды. Бағдарламаға қазақстандық университеттерде жаратылыстану-ғылыми, техникалық, медициналық және ІТ мамандықтары бойынша бакалавриаттың 2-3 курс және  магистратура мен интернатураның 1-курс студенттері, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Үміткерлер байқауға қатысу үшін сайтта онлайн өтінім толтырып, кеке куәлік көшірмесін, эссе/уәждемелік хат, транскрипт (орта балл 3,0 кем емес), бакалавриат бітіргені туралы диплом (магистратура мен интернатура студенттері үшін), қосымша ғылыми сертификаттар/дипломдар (екеуден көп емес), әлеуметтік белсенділік/еріктілік қызметі үшін сертификаттар (үшеуден көп емес), жарияланымдар (екеуден көп емес), ғылыми жетекшісінің ұсынымын ұсынуға тиіс. Өтінімдер қаңтар-ақпан айларында қабылданады. 

"Өрлеу" бағдарламасы. Қор жоғары (бакалавриат) оқу ақысын төлеу үшін мемлекеттік немесе өзге де грантқа ие бола алмаған, аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 талапкерге грант бөледі. Байқауға "жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика", "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "денсаулық сақтау" мамандықтарына оқуға түсушілер қатысады. Өтінім онлайн қабылданады.


Оқи отырыңыз: "Өрлеу" бағдарламасы бакалаврда оқу үшін 10 грант ұсынады


Үміткердің ата-анасы немесе заңды өкілі ұсынуға тиіс құжаттар:

  • жеке куәліктің сканерленген көшірмесі;
  • грант ізденушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжаттардың сканерленген көшірмелері:
  • отбасы құрамы туралы анықтама;
  • зейнетақы туралы анықтама: жасына байланысты, мүгедектігі бойынша (бар болса);
  • жәрдемақы туралы анықтама: асыраушысынан айырылу бойынша, көп балалы болу бойынша, бала күтімі бойынша, жұмыссыздық бойынша, АӘК және ҚР заңнамасына сәйкес өзге де негіздер бойынша (бар болса);
  • кәсіпкерлік объектісінің болуы немесе болмауы туралы анықтама;
  • өтінім берілген күнге зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
  • тұрғын үйдің, автомобильдің, қосалқы шаруашылықтың, т.б. болуы/болмауы туралы ақпарат.

Үміткердің өзінен сұралатын құжаттар:

  • жеке куәліктің сканерленген көшірмесі;
  • мотивациялық хат:
  • орта мектепті бітіргені туралы аттестат/колледж дипломы ("жақсы және өте жақсы" дегеннен төмен бағасы бар ізденушілердің өтінімдері қаралмайды);
  • ҰБТ тапсырғаны туралы сертификат (ЖОО-ға түсу үшін);
  • мүгедектігі бойынша анықтама (бар болса);
  • балалар үйі немесе жасөспірімдер үйі тәрбиеленушісінің анықтамасы;
  • қосымша грамоталар мен дипломдар (екеуден көп емес), фото.

Грантқа оқу ақысы, тамақтануға/тұруға арналған шығыстарды өтеуге арналған ай сайынғы шәкіртақы кіреді. Байқауды жылына бір рет өткізіледі. 

Байқау екі кезеңнен тұрады. Онлайн өтінім 20-25 шілде аралығында қабылданады. Екінші кезеңге өткен талапкерлер 3-17 тамыз аралығында әңгімелесуден өтеді. Байқау жеңімпаздарының тізімі Қордың сайтында  және әлеуметтік желілердегі парақшаларында 18 тамызда жарияланады.

Yessenov Launch Pad. Қор IT-мамандарға hard және soft skills дағдыларын дамытуға арналған 10 грант бөледі. Грант иегерлері 12 айға дейін оқудан өтеді. Ол үшін сайтта онлайн-өтінім толтырып, жеке куәлік, мотивациялық хат пен CV ұсынуы керек. Конкурстық іріктеуден өткендерге қор сарапшыларының арасынан тәлімгер тағайындалады. Жеңімпаздар курстарды өз бетінше іздеп, тәлімгерлермен оқу бағдарламасын келіседі. Содан соң оқудан өтеді.  


Оқи отырыңыз: IT мамандығында оқитын студенттер ақы төленетін тағылымдамадан өте алады


Жалпы талаптар:

  • Үміткердің ағылшын тілін B1 деңгейінен кем емес білуі және тіл деңгейін растау (IELTS – кем дегенде 4, TOEFL iBT – кем дегенде 40);
  • Ағылшын тілінде білім алу;
  • Ақпараттық технологиялар саласындағы жұмыс тәжірибесі;
  • Бакалавриат, магистратура, PhD соңғы курсында оқитындар: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және/немесе ақпараттық технологиялар саласындағы қазіргі мамандар.

"Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдама". Бұл байқауға мамандығы жаратылыстану-ғылыми немесе техникалық студенттер және жұмыс істеп жатқан ғылыми қызметкерлер қатыса алады. Бағдарлама 10 адамға әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу зертханаларында 90 күндік жазғы тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Үміктерлерге қойылатын талап Yessenov Launch Pad-пен бірдей. Қажет құжаттар:

  • жеке куәлік;
  • эссе;
  • транскрипт (барлық оқу семестрі);
  • бакалавриатты бітіргені туралы диплом (магистранттар мен ғылыми қызметкерлер үшін) немесе соңғы оқу орнынан диплом – 1 құжаттан артық емес;
  • түйіндеме;
  • қосымша ғылыми сертификаттар, жарияланымдар, ұсыным хат сұралады.

Грант келесі шығындарды жабады:

  • екі жаққа ұшу;
  • визаны және медициналық сақтандыруды ресімдеу бойынша шығыстар;
  • ПТР тестілеу;
  • тұру және коммуналдық шығындар;
  • тамақтану (бекітілген мөлшерлеме: тағылымдама орнына нақты келген күннен бастап күніне 40 АҚШ доллары, жалпы мерзімі 90 (тоқсан) күннен аспайды;
  • трансфер шығындары (әуежай). 

Гранттың жалпы сомасы 3 800 000 теңгеден аспауға тиіс.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда магистранттардың небәрі 8 пайызы ғана ғылымға бет бұрады


Ғылым қоры

"Ғылым Қоры" АҚ  ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын гранттық қаржыландырады. Қор ғылыми жобалар үшін материалды-техникалық көмек береді. Гранттар технология, ғылыми ашылулар, модельдер, жаңа материалдар мен заттар бойынша жобаларға бөлінеді. Конкурстық өтінімдер Сараптама орталығының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып, ЭЦҚ-мен расталады.

Сонымен бірге қор жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған "Жас ғалым" жобасын жүзеге асырады. Ұзақ дегенде 32 айға созылатын бір жобаны қаржыландыру 19 миллион теңгеден аспайды. Гранттар постдокторлық бағдарлама шеңберінде зерттеуді іске асыру жоспарында қойылған міндеттерді шешуге бағытталған қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуге жас постдокторант ғалымдардың шығыстарын қаржыландыру үшін бөлінеді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 

Орталықтың негізгі миссиясы – кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және отандық киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасау. Қызметі ұлттық фильмдерді шығару мен ілгерілетуді қолдауға, кинопрокатты дамытуға және елдегі кинотеатрлар санын арттыруға бағытталған. Kazakhcinema қызметі: 

  • ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру;
  • ұлттық фильмдерді прокаттау және көрсету, оның ішінде олармен байланысты іс-шаралар (таралымын көбейту, дубляж жасау, субтитрлеу не кадр сыртындағы аударма, жарнама);
  • ұлттық фильмдердің халықаралық кинофестивальдерге қатысуы, кино күндерін және шетелде ұлттық фильмді ілгерілетуге бағытталған өзге де іс-шараларды өткізу;
  • кинематография саласында кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
  • кинематография саласындағы субсидияларды төлеу.

Жобаларды қаржыландыруға өтінім беру үшін сайтта өтінім толтыру керек.


Оқи отырыңыз: Бауыржан Шөкенов: Қазақ фильмдері КинопоискHD алаңының қызығушылығын туғызып отыр


Қажет құжаттар:

  • өтінім;
  • жеке тұлға үшін жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңды тұлға үшін мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
  • сценарий;
  • режиссерлік экспликация;
  • фильмді шығаруға смета;
  • күнтізбелік-қойылымдық жоспар;
  • маркетинг жоспары;
  • көрнекі материалдар (еркін нысанда);
  • фильмнің аңдатпасы;
  • фильмді шығаруға, прокаттауға және көрсетуге жасалған алдын ала шарттар;
  • шығармашылық топ туралы өмірбаяндық және шығармашылық-ақпараттық мәліметтер (түйіндеме, түсірген фильмдер туралы ақпарат), жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмелері;
  • жоба презентациясы;
  • компанияның портфолиосы (бар болса);

Құжаттар "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына" көрсетілген нысан бойынша электронды түрде және жоғарыда келтірілген қатаң
кезектілік бойынша қағаз түрінде де толық тапсырылады.

    Серіктестер жаңалықтары