Баланы мектепке дайындау оңай шаруа емес. Уақытты, қайрат-қажырды талап етеді. Онымен қоса қалтаны қағады. Оқушы баласы бар ата-ана жаңа оқу жылына дайындалғанда аса қиналмайды. Ал тұңғышы мектеп табалдырығын аттағалы отырса, оқуға қажеттің барлығын бірдей біле бермеуі мүмкін. Осы орайда Informburo.kz баланы мектепке дайындағанда ескеру керек тізім әзірледі. Бұл материал бірінші сынып қана емес, жалпы мектеп оқушысын тәрбиелеп отырған әр ата-анаға пайдалы болмақ.
Мектеп формасы
Мектеп формасы Қазақстанда оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Форма оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі және күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
Ұлдарға:
- пиджак;
- жилет;
- шалбар;
- мерекелік жейде;
- күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка).
Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Қыздарға:
- пиджак;
- жилет;
- юбка;
- шалбар;
- классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка).
Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.
Оқи отырыңыз: Тегін мектеп формасы кімдерге беріледі?
Спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Алайда биыл кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығы және қамқоршылық кеңестерімен келісе отырып, әр мектеп өз талаптарын қоймауы үшін өңірде бірыңғай түсті енгізуді, сол арқылы ата-аналардың таңдауына шектеу қою туралы шешім қабылдады. Балаңыз оқитын мектеп әкімшілігі мектеп формасының қандай екенін айтуы керек.
Мектеп формасына ертерек, шамамен бір-екі ай бұрын алып қойған дұрыс. Осылайша сіз оқу жылы жақындағанда ұзын-сонар кезекті, тауарлардың қымбаттауын айналып өтесіз.
Сөмке
Оқушының сөмкесі, яғни бос рюкзактың салмағы бір келіден аспауы қажет. Арқаға тиіп тұрған жері қатты болуы шарт. Ортопедиялық арқалығы болған жөн. Асынатын баулары жалпақ, мойынға салмақ түсірмеуге тиіс. Ал тұтқасы ұзындығы бойынша реттелуі керек.
Мектеп сөмкесінің өлшемі мен салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сәйкес келуі қажет. Мәселен:
- 1-3 сынып оқушылары үшін 2 келіден аспауға тиіс;
- 4-5 сыныпта – 2,5 келі;
- 6-7 сыныпта – 3,5 келі;
- ал жоғары сынып оқушылырының сөмкесі 4,5 келіден артық болмауы қажет.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар баласын мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсайды?
Ауыр рюкзакты арқалау сколиоз, остеохондроз, жарық сияқты ауруларды туғызуы мүмкін.
Оқулықтар салынған жалпы сөмке салмағы бала салмағының 10 пайызынан аспауға тиіс. Мәселен:
- 1-3 сыныпта – 1,5-2 келі;
- 4-5 сыныпта – 2-2,5 келі;
- 6-7 сыныпта – 3-3,5 келі;
- 8-11 сыныпта – 4-4,5 келі болуы керек.
Баланың қауіпсіздігі үшін сөмкеге жарықтан шағылысатын арнайы белгілер орнатқан дұрыс. Осылайша көлік жүргізушілер жолдан өтіп бара жатқан баланы алыстан байқайды.
Ал мектеп оқулықтарының салмағы санитариялық қағидаларда көзделген нормалардан аспауға тиіс:
- 1-4 сынып оқулықтары – 300 гр;
- 5-6 сынып оқулықтары – 400 гр;
- 7-9 сыныпта – 500 гр;
- 10-12 сыныпта – 600 гр.
Кеңсе тауарлары
Оқулықтарды мектеп береді. Ал жазу-сызу құралдарын ата-ана өзі сатып алады. Оқушыларға қажет негізгі заттар:
- дәптер: тор көз, жол көз (бастауыш сынып оқушыларына – қисыз көз);
- қаламсауыт;
- сурет салуға арналған альбом;
- түрлі-түсті қалам;
- қарындаш;
- қаласпам;
- кітап пен дәптер тыс;
- сызғыш;
- өшіргіш;
- ұштағыш;
- бастуыш сынып оқушыларына – ермексаз, түрлі-түсті қағаз,
- жоғары сынып оқушыларына – қалың дәптер, циркуль.
Бейнелеу өнері және еңбекке баулу сабақтарына қажет болуы мүмкін:
- фломастер;
- гуашь;
- акварель бояулары;
- палитра;
- қылқалам;
- желім;
- қайшы.
Оқи отырыңыз: Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап
Оқу үстелі
Оқушы үйге келіп те сабақ оқиды, үй тапсырмаларын орындайды. Сол үшін үйде балаға жазуға ыңғайлы орын болуы керек. Баланың жеке бөлмесі болса мектеп бұрышын сатып алуға болады. Бірақ бұған кез келген ата-ананың жағдайы келе бермейді. Тым болмаса балаға қарапайым жазу үстелі мен орындық әперген жөн. Сондай-ақ, оқу құралдарын қоятын кітап сөрелері немесе шағын шкаф қажет. Балаңыздың көзін ойласаңыз үстел шамын алуды ұмытпаңыз.
Техника
Интернет заманы әр үйде компьютердің болуын талап етеді. Бұған қашықтан оқу кезінде көз жетті. Интернет оқушыға оқулықпен шектелмей қажет материалдарды іздеп табуға, кәдесіне жарату үшін қажет. Баяндама, реферат жазып, презентация жасайды. Ал оларды басып шығару үшін принтер қажет болады.
Баланың үздіксіз білім алуы үшін смартфон да көмекші құрал. Оның қайда жүргенін, немен айналысқанын қадағалауға болады. Ол үшін ата-ана бақылауы деген қызметті іске қосу керек.
Оқи отырыңыз: "Ата-ана бақылауы": Баланың смартфонын қалай қашықтан қадағалауға болады?
Сондай-ақ, мектеп оқушыларының білім алуына қажет мобильді қосымшалар бар. Kitap, BilimLand, Opiq.kz, Mektep.EDUS, Daryn online секілді білім беру платформаларында оқушы сабақ оқып, үй тапсырмаларын орындай алады. Ал ата-ана Kundelik электронды журналынан баланың әр күннің, әр аптадағы жән әр тоқсандағы бағасын көруге болады.
Психологиялық қолдау
Мектеп – бала үшін жаңа қадам. Айналасында болып жатқан құбылыстарға үйренуі үшін біршама уақыт керек. Осы кезде бала үшін ата-ана қолдауы өте маңызды. Әсіресе, балабақшаға бармаған бірінші сынып оқушысы қасында жақын адамы болмаса өзін жайсыз сезінеді, не істеу керек екенін білмейді. Сол үшін де баланы мектепке дайындау киім-кешегі мен оқу құралдарын әперумен бітпейді. Оқушыны психологиялық тұрғыдан да дайындау керек. Ол үшін:
- ерте бастан балаңызды сыныптастарымен және сынып жетекшісімен таныстырыңыз;
- сіздің жоқтығыңызға үйренісуі үшін баланы мектепалды даярлау сабақтарына апарыңыз;
- арнайы тапсырмалардың көмегімен баланың жады мен зейінін жаттықтырыңыз.
Алғашқы оқу аптасында бала күйзелісті бастан өткеруі мүмкін. Оқу процесіне бесінші-алтыншы аптада ғана үйренеді. Баланы таңертең ақырын ояту керек. Сабаққа кешіксе де дауыс көтермеңіз. Оған ұрысқан сайын қырсыға түседі, жабылып қалатыны тағы бар. Сол себепті үй тапсырмасын уақытында орындауға, ерте ұйықтауына көңіл бөліңіз. Баланы мектепке аш қарын жібермеңіз. Бала аш болса ақпарат сіңіре алмайды.
Төмен баға алса ұрсыпаңыз. Баға баланың ой-өріс деңгейін көрсетпейді. Ұрысып үлгерімін жақсарта алмайсыз, керісінше, арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіріп аласыз.
Оқи отырыңыз: Психолог Айғаным Қуатқызы: Іште бұққан жағымсыз сезім түбі баладан шығу жолын табады
Үй тапсырмасын орындауға ғана емес, күнделікті демалуына да уақыт бөліңіз. Үйде сабақ қарағанда үзіліс жасаңыз. Баланы оқуға қызықтыру үшін әтүрлі ойындар қолданыңыз. Бала жақсы оқуы үшін үнемі жекудің, шектеудің қажеті жоқ. Оның орнына әрдайым мақтан тұтып, әр бастамасын қолдаңыз. Балаңызды жақсы көретініңізді көрсетуге ұялмаңыз. Жылы сөздеріңізді аямаңыз. Мектепке сәттілік тілеп шығарып салыңыз. Сабақтан келген кезде балаңыздан күні қалай өткенін сұраңыз. Хикаясын тыңдап, сұхбат құрыңыз. Қандай да бір нәрсе бола қалса көмектесуге дайын екеніңізді түсіндіріңіз. Баланың сеніміне ие болғанда ол сізден қорықпай көмек сұрай алады. Балаға көмектесе алатын ең бірінші адам ата-ана екенін ұмытпаңыз.