Бүгінде компания бірнеше даму сатыларынан өтті. 2020 жылы TilBil отандық тіл үйрету платформасын жарыққа шығарды. Компания құрылтайшылары Нұрлан Жанай мен Дәурен Көбеев тіл үйрету бизнесі туралы айтып берді.

Тіл үйрететін онлайн орталық құру бизнес идеясы қайдан пайда болды? 

– Тіл үйрететін орталық болғанда біз өзімізді о баста тіл оқыту орталығы деп позицияламадық. Біз онлайн тіл оқытатын проект болып бастадық. Негізі менің мамандығым — IT маманы, Алматыда Халықаралық IT университетінде ақпараттық жүйелер мамандығын бітіргем. 2013 жылы университетті бітірер кезде диплом жұмысым “Ағылшын тілін үйрететін платформа құру” болған. 2016 жылы курстас жігіттермен бірігіп, Intellect Incubator деген қор ашып, Алматыдағы қазақ студенттерін тегін оқыттық. IT, SMM, IELTS деген салаларды Алматыға өңірден келген қазақ жастары қызыға оқыды. Ең басында сол инкубаторда онлайн оқыта бастадық. Кейін 2017 жылы жаныма сол инкубатордан шыққан бірнеше шәкіртімді алып, English Practicum деген жоба бастадық. 2017-2018 жылдары мыңдаған клиентке сапалы қызмет көрсеттік. Кейін 2019 жылы орыс тілін оқытатын Russian Accent, түрік тілін оқытатын Turkce Konusmak, корей тілін оқытатын Korean Palli деген жобалармен 20 мыңнан аса адам оқыттық. 2020 жылдың наурыз айында пандемия басталып, бізді көшіретін, біздің методиканы ұрлап, арзан бағада сапасыз қызмет көрсететін жобалар көбейді. Карантин басталғаннан бастап, бұрыннан ойлап жүрген платформа құру идеясын жүзеге асыра бастадық. 2020 жылы 1 желтоқсанда TilBil платформасы пайда болды. Платформа дегеніміз біздің IOS, Android операциялық жүйелерінде қолданбамыз (application - приложение) бар. Қолданбаның статистикасын қарайтын, мәлімет салатын, аналитика жасайтын сайтымыз бар. Біз қазір өзімізді TilBil платформасы деп атаймыз. TilBil Online Education деген ресми түрде компанияның аты.

TilBil Online Education орталығының қызметі несімен өзгеше? Онда қандай тілдерді үйренуге болады? Тілдерді кімдер үйретеді? Тіл үйрену құны қандай?

– TilBil платформасының ерекшелігі көп. Бізде қазір 6 тіл бар: ағылшын, түрік, орыс, корей, араб, қазақ. Осы тілдердің барлығын мұғалімсіз өздігімен қарап, әр сабақтан соң шығатын тестерге жауап беріп, арнайы диктантпен білімін тексеріп, жақсы баға алса, автоматты түрде сертификат алып шығады. Яғни бізде барлық процесс автоматтандырылған. Сол 6 тілдің барлығын подписка, яғни жазылым арқылы оқу 3 айға 10 000 тг тұрады. Егер кері байланыс керек, мұғаліммен оқимын десе, оны да ұйымдастырып бере аламыз. ZOOM арқылы мұғаліммен сабақтар болады платформаға қосымша ретінде.


Оқи отырыңыз: Бекітілген терминдер неге қолданылмайды?


Арнайы статистика жүргізіледі ме, мысалы қай ұлттан қай тілге сұраныс көп? Тіл үйренгісі келетіндер арасында қай сала қызметкерлері көп?

– Бізде әзірге бүкіл тілдер қазақ тілінде оқытылады. Біздің клиенттердің 90% қазақтар, қалған 10% бөлігі қазақстандағы өзге ұлттар мен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен оқиды. Оған қоса бізде қазақшаны 100% түсінетін қарақалпақ ұлтынан клиенттер бар. Жақын болашақта біз шет тілдерді орыс, түрік, өзбек тілдерінде де оқытқымыз келеді.

Тіл үйренгісі келетіндер арасында түрлі мамандық иелері бар. Жалпы мақсатына қарай бөлінеді. Мысалы, ағылшын тілін шетелге оқуға түсуге студенттер, шетелдік компанияда өскісі келетін мұнайшылар, құрылысшылар оқыса, орыс тілін мемлекеттік қызметте өскісі келетін мамандар, менеджерлер, бухгалтерлер оқиды, түрік тілін Түркияға оқуға түскісі келетін студенттер, оқушылар, Түркиямен кәсіп жасайтын кәсіпкерлер, тіпті стюардесса болғысы келетін бірнеше адам түрік тілін үйренді.

Тіл үйретуде қандай қиындықтар бар?

– Тіл үйретуде қиындықтар бізде өз саласын жетік меңгеретін мамандар тапшы. Әсіресе, қазақша шет тілін оқыта алатын кәсіби педагогтар елімізде аз. Біз шет тілін білетін мамандарды алып, педагогика мен онлайн оқытудың қыр-сырларын өзіміз үйретіп шықтық.

Тіл үйренуде де қиындықтар бар. Көпшілік клиенттеріміз өзіне не керегін білмейді. Мақсатты нақты қоя алмайды. Сондықтан тіл оқыту барысында біз оларды тұлғалық дамытумен де жұмыс істейміз.


Оқи отырыңыз: Меморгандар мен ЖОО ресми сайтында қазақ тілі қалай қолданылады? Тексеру нәтижесі


Жалпы табысқа жетудің кілті қандай, онлайн кәсіпкерлік дамуы үшін не істеу керек?

– Онлайн кәсіпте жетістікке жетудің сыры — жүйе құра білу және оны дамытатын команда жасақтау. Жүйе құру үшін белгілі бір деңгейде білім мен тәжірибе керек. Команда жасақтап, адамдарды ортақ идеяға сендіру үшін әділеттілік, шынайылық принциптерімен эмоционал интеллект жоғары болғаны жөн.

Білуімше, сіз Қазақстандағы кәсібініңізді Түркияда отырып жүргізесіз. Бұған пандемияның әсері қандай? Карантин жағдайында кәсіп жасау үшін қиын ба?

– Біз қазір Түркияда демалып жүріп, TilBil платформасын дамытып жатырмыз. Қазақстанда карантин шаралар жүйесіз әрі түсініксіз болып кетті. Офисті бірде ашасың, бірде жабасың. Команданы кейде онлайн, кейде оффлайн қыласың. Бұл, әрине, бизнестің дамуы мен команданың көңіл-күйіне әсер етеді. Сол үшін біз шетелде жүріп, TilBil платформасын дамытамыз деген шешімге келдік.

Егер бизнесті ақша, пайда, баю үшін жасасаңыз, карантин де, ауа-райы да, АҚШ-та сайланған жаңа Президент те, кез келген айналадағы оқиға кері әсерін тигізеді. Ал біз TilBil командасы өз бизнесімізді жақсы көреміз, адамдарға құндылық сыйлаудан ләззәт аламыз, елге пайдамыз тиіп жатқанынан бақытты сезінеміз. Сондықтан ештеңе ешқашан кедергі емес. Ішкі құндылықтарымыз бізді проактив қылып қалыптастырды.


Оқи отырыңыз: Қате жазуға ұялмайсыз ба?


Алдағы уақытта тіл үйрету онлайн орталығында қандай жаңалық болады?

– TilBil платформасының айналасында жаңалықтар өте көп:

 біз қазір TilBil серіктестерін жинап, оларға білім беріп, онлайн табыс табудың қыр-сырларын үйретіп жатырмыз. Бізбен серіктес болып, бизнес жасауға болады;

TilBil платформасы бұрын тек тіл оқытумен айналысса, бізде енді басқа да авторлардың курстары болады. Мысалы: психология, эмоционал интеллект, криптовалюта, бизнес, менеджмент т.б. тақырыптарда курстар болады. Атына сай емес қой деп айтатындарға айтарымыз, кез келген саланың, психологияның, ақшаның тілін білу керек. Сол үшін TilBil деген әдемі атау деп ойлаймыз.

-Түркия, АҚШ сияқты елдермен әріптестік орнатып, жаңа нарықтарға да шығып жатырмыз. TilBil платформасы алдағы жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан сияқты жақын елдерде де өз қызметін бастайды