Қазақты қазақ етіп тұрған – оның тілі. Тіл тазалығын, сөйлеу мен жазу мәдениетін, заңдылықтарын сақтау міндет. Олай болмағанда жаһандану заманында тіліміз өзіміз де түсінбейтін қойыртпаққа айналып шыға келуі әбден мүмкін. Байқасаңыз, біздің сөйлеу мәнеріміз, сөйлем құрауымыз, ойымызды жеткізуіміз қазақша емес. Мүлде өзгеріп кетті.
Бұл әлеуметтік желілер өмірге ене бастағалы қарқын ала түскенімен, шын мәнінде оның тамыры тереңде жатыр. Бәрінің бастауы түпнұсқа ретінде орыс тіліндегі материалдарды пайдаланатынымызда. Кеңес үкіметі кезінде бүкіл саяси материалдар, тапсырмалар мен құжаттар Мәскеуден орысша келетін, оны аударып тарату міндет болды. Міне, осы кезде қазақша жазуда жекелеген сөздер түгілі орысша сөз тіркестері түйдек-түйдегімен ене бастады.
Ол кеше еді. Ал бүгін ше? Неліктен сауатсыздық белең алып барады?
Көріп жүргеніміздей, бүгінгі қазақ тілі, арғысын айтпағанда, кешегі Мұхтар Әуезовтің, Бердібек Соқпақбаевтың, тіпті күні кеше дүниеден озған Әбіш Кекілбаевтың тіліндегі қазақы болмысынан ажырап, қарабайырланып барады.
Әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің тілі, сөз мәдениеті тілге сәл болса да жаны ашитын адамның өзін қатты алаңдатарлық жағдайда.
Неге тіліміз өзінің ұлттық болмысынан айырылып қалды? Неге біз сөйлемді орысша құрайтын болдық?
Оқи отырыңыз: Хабарлама мен жарнаманы қашанғы орысша береміз?
Жақында әріптесіміз Назгүл Қожабек әлеуметтік желіде "Қазіргі қазақ тілі – сөздері ғана қазақша орыс тілі" деп жазды. Шындық. Әрине, бұл жерде "Неге бұлай болды?" деген сұрақ туады.
Ең басты себебі – кеңестік заманда қазақ тілі екі реформаны бастан кешті. 1940 жылдан бастап қазақ әліпбиінің орыс графикасына негізделуі тіліміздің біршама өзгерістерге ұшырауына әкелді. Жаңа әріптермен қоса жаңа терминдер, оларды дыбыстау мәжбүрлігі қоса енді. Осыдан келіп жазуымыз, жазылғанды оқу барысында сөйлеуіміз, дыбыстауымыз, сөйлеу аппаратымыз өзгерді. Біз осы ұйықтан әлі шыға алмай келеміз. Бұдан бөлек, бүгінде БАҚ-тың сөзі қазақша сияқты болғанымен құрылымы орысша болуына, соған байланысты тіл заңдылықтары мен ережелердің бұзылуына төмендегі себептер де әсер етуде.
Біріншіден, елмен қойын-қолтық жұмыс істеп жатқан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар, ел экономикасында елеулі орны бар компаниялар мен бизнес құрылымдар өздерінде өткен іс-шаралар бойынша таратылатын баспасөз хабарламаларын негізінен әуелі орыс тілінде әзірлейді, содан соң оны қазақ тіліне аударады.
Екіншіден, орысша ойлау жүйесімен, сөз саптауымен, орысша сөйлем құрау заңдылықтарымен жазылған баспасөз ақпараттары бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарына таратылады. Ал БАҚ құзырлы органдар берген ақпаратты өзгертуге жүрексінеді, сөйтіп сәл өзгерістер жасағандай болғанымен ақпаратты сол қалпы беруге тырысады.
Осыдан келіп бізде жазу стилі "пресс-релиздік" газеттер мен басқа да ақпарат құралдары пайда болғаны бір бөлек, жазуымызда, сөйлеуімізде кесек-кесек орыс тілінің сөз оралымдары пайда болды.
Үшіншіден, осы қасаң баспасөз ақпараттарынан алынған хабарды оқыған оқырман, естіген тыңдарманның да сөз саптауы, сөйлем құрауы бірте-бірте орысшаланып кетті.
Оқи отырыңыз: Тіліміздің түгі жығылып, тікені мүжіліп барады
Бұл жерде "Неліктен ақпарат таратушы баспасөз қызметі орысшадан аудармай, бірден қазақша әзірлемейді?" деген сұрақ туатыны анық.
Оның жауабы – біздегі заңдар алдымен орыс тілінде жазылады, содан соң қазақшаға аударылады. Аудармашы заңның орыс тіліндегі түпнұсқасынан ауытқымауға тиіс. Бұл жерде еркін аударма жүрмейді. Сондықтан тіпті баспасөз ақпараттары қазақ тілінде болғанның өзінде заң мәтінін немесе атауын, заң өзіне нысан етіп отырған мәселені жазу барысында сәйкессіздік болмауы үшін орыстілді түпнұсқадан ауытқымауға тырысуға мәжбүр.
Тағы бір себеп, заңдардан бөлек еліміздегі үлкенді-кішілі жиындардың көпшілігі негізінен орыс тілінде өтеді немесе қазақша оқылатын баяндаманың өзі алдымен орысша дайындалып, содан соң қазақшаға аударылады. Бұл – қазақша заң немесе баяндама жаза алатын қазақтар құрып кетті дегенді білдірмейді, себеп ақпаратты сұратушы басшылардың мемлекеттік тілді толыққанды меңгермегендігінде немесе мүлде білмейтіндігінде.
Қазақтілді журналистердің бәрінің басынан өтетін бір ақиқат бар. Ол өмірінде бір рет болса да ақпаратты орыс тілінен аударып пайдалануына тура келеді. Ал аудармамен күнделікті айналысып жүрген адам бірте-бірте тілі орысшаға ауыса бастағанын өзі де байқамайды.
Бұл айтылғандардан бөлек, бүгінде әлеуметтік желі тілі өзі бүліне бастаған тілімізді мүлде қарабайырландырып жіберді.
Міне, осыдан келіп тіл жанашырлары "Ана сөзді неге олай пайдаланамыз, оның дұрысы былай ғой" деп шырылдайды. Неге жаппай сауатсыздық белең алып барады деп алаңдаушылық білдіретіндер қатары да күн санап өсіп жатыр.
Әрине, желіде отырғандардың бәрі тіл мамандары емес. Алайда олар 11 жыл мектепте оқыды емес пе? Мәселе тілді меңгеру деңгейінде ғана емес, әр адамның тіл тазалығын, тіл мәдениетін сақтаудағы жауапкершілігінде жатқан сияқты.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.