Қазақ тілі жыл сайын жаңа сөздермен толығады. Әсіресе атау сөздер (терминдер) саласы дамып келеді. Бірақ оқулыққа енген жаңа сөздерді қоғам қабылдай алмай жатыр. Неге? Ол туралы Алаш арыстары не деген және қазіргі ғалымдар ше? Осы мәселелер туралы ой бөліспекпіз.
Орфографиялық сөздік жаңартылып алтыншы рет қайта басылды
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, 2013 жылы алтыншы басылымды басып шығарған болатын. Оның редакцияланған нұсқасын Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мақұлдап, бекіткен.
Бұл – Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің соңғы нұсқасы. Сол себепті жазу нормаларын заңдастырғанда басшылыққа алынатын негізгі нормативті құжат болып есептеледі.
2018 жылы 26 сәуірде, Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы "Оқулық" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы (ары қарай Орталық) жаңа оқулықтардағы түсінбестіктерге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол қоғамдық тыңдауға журналистер де қатысты.
Тілшілер мен оқырмандарға қажетті сілтемелер және сайттар тізімі мақала соңында берілді.
Енді мәшине, көгөніс, шегара, кәстөм, кәлөш, стансы, мәйкі деп жазуымыз керек
– Бұл сөздердің жазылу емлелеріне өзгерістер 2013 жылы басылған Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне сәйкес енгізілген. 2016 жылдан бері жаңартылған оқулықтарда машина – мәшине, көкөніс – көгөніс, шекара – шегара, костюм – кәстөм, калош – кәлөш, станция – стансы, майка – мәйкі, т.с.с болып жазыла бастады.
Орфографиялық сөздік жарыққа шыққанымен, кең көлемде таратылмағандықтан, бұл сөздердің жазылу емлесі жаңартылған оқулықтардан басқа еш жерде көрініс таппағандықтан жұртшылық арасында түсініспеушіліктер туып отырғаны рас, – дейді Білім және ғылым министрлігі жанындағы "Оқулық" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы директоры Бейбіткүл Кәрімова.
Бейбіткүл ханымның айтуынша, мәселені шешу үшін Тіл білімі институты халық арасында насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізуді қолға алу қажет. Ең алдымен сөздер бұқаралық ақпарат құралдарында дұрыс жазылып, насихатталғаны абзал.
Оқулықтар да тілдік сараптамадан өтетін болды
Бейбіткүл ханымның айтуынша 2016 оқу жылынан бастап жаңартылған мазмұндағы оқулықтар кезең-кезеңімен оқу процесіне енгізіле бастапты (2016 жылы – 1 сынып, 2017 жылы – 2, 5, 7 сыныптар, 2018 жылы – 3, 6, 8 сынып).
– Баспадан шығарар алдында бұл оқулықтарды ғылыми-педагогикалық сараптаманың бірнеше сатысынан өткізеді. Сонымен қоса мектеп оқулықтарының жіті назарда болатынын ескере отырып, баспа алды жұмыстарын пысықтау мақсатында Білім және ғылым министірлігінің арнайы бұйрығымен жұмыс тобы құрылып (2018 жылғы 6 сәуірдегі № 139 бұйрық), оның мүшелері барлық оқулықтардағы қазақ тілі мен жазылу емлесіне соңғы жылдары енгізілген терминдер мен өзгерген сөздердің аталған сөздікке сәйкестігін, бірізділігін тексереді.
Аталған жұмыс тобына А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғалымдары мен қызметкерлері тартылады.
Тіліміздегі терминдер 150 мыңға жетіпті
Бұл туралы академик, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов хабарлаған.
– 1999-2000 жылдары, елімізде алғаш рет, Қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздіктердің 31 томдық топтамасы жарық көрді.
2012-2014 жылдары Педагогикалық Ғылымдар Академиясында Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктердің 30 томдық топтамасы дайындалып, басылды. 1999-2000 жылдары шыққан сөздіктердің әрқайсысында шамаман 5 мың термин болса, бұл сөздіктерде 10-12 мың термин болды. Бұл сөздіктерді жасауға 450-ге тарта сала ғалымдары мен мамандары атсалысты, – депті Асқарбек ағамыз.
Тіл келмейтін атау сөздер (терминдер) неге көп?
Жалпы, көптеген ғылыми терминдердің мағынасы мен функциясын (иқуатын) дәл беретін қазақша атаулары бар. Сол атауларды пайдалануға не кедергі?
Қасыңызға ата-әжеңізді немесе ақсақалдарды алып көшеге шықсаңыз, қоғамдық орындарға барсаңыз, күлкіге қарық боласыз. Себебі, қазақы адамдар көптеген мекеме аттарының аты қай тілде жазылғанын түсіне бермейді. Тіптен атауды айтуға тілі де келмейді. Ең соңында қазақшасын айтып беріп, тынышталасыз.
Мысалы, онкологиялық аурулар – ісік аурулары, кардиология – жүрек қан тамырлары аурулары, неврологиялық – жүйке аурулары, рак – қандық уылма (жаман ауру), рецепт – шипашақ тағы басқалар. Онкологияны "анкология" деп айтпасаңыз елдің күлкісіне қаласыз?
Бекітілген атау сөздер (терминдер) неге пайдаланылмайды?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының бекітуге ұсынатын терминдерінің кемшілігі де жоқ емес.
- Кей терминдерге жәй халықтың тілі келмейді немесе дұрыс жаза алмайды.
- Әркімнің қолында арнайы сөздіктер болмаған соң іздемейді және іздеуге уақыты да жоқ.
- Интернет желіні пайдалануға мүмкіндік аз. Толық түсіндіру жұмысы жүргізілмейді.
- Қазақы тәрбие алып, көшпенді ғұмырды көрген қазақтар үшін не үндестік заңына бағынбаған, не қазақ сөз табиғатына бейімделмеген сөзді дұрыс айту қиын.
- "Халықаралық термин" деген атпен қолданысқа енгізілген атау сөздердің жазылуы мен айтылуы орыс тілінің табиғатына бейімделіп, қазақ тіліне өзгеріссіз әкелініп жатыр.
- Бекітілген сөз халықтың танымына сіңіскенге дейін ерсі сезіледі.
Кейбір атау сөздер (терминдер) мәндес сөздерге айналуда
Тіліміздегі өзге тілден енген сөздердің көпшілігі орыс тілі арқылы қабылданған. Көне араб, парсы, грек, латын сөздері де жеткілікті.
Мысалы, латын тілінен: бейімделу – аккомодация, кемсіту – дискриминация, үдеме – градация т.т.; грек тілінен: қолтаңба – автограф, кезең, мезгіл – период, ақсүйек – аристократ т.т.; ағылшын тілінен: сұқбат – интервью, көшбасшы – лидер т.т.; неміс тілінен: сауыт, қап – футляр, азат жол – абзац, бедел – авторитет т.т.; француз тілінен: ырғақ, əуез – тембр, сəн – декор, шумақ – куплет, таңдаулы – элита т.т.; араб-парсы тілдерінен: құран, мешіт, қажы, халифат, хадис, шахмат, шах, медресе тəрізді сөздер енген.
Бұл терминдердің қабылданған нұсқасы да, қазақша баламасы да мәндес ретінде қатар қолданылып келеді.
Ерсі мағынадағы сөздерден сақтану керек
Негізі жаңа терминдерді таза қазақы ортада өскен адамдарға дыбыстатып, оқытып көріп, қазақтың сөйлеу табиғатына бейімдеп қабылдау керек. Бөтен сөздер тез көрінеді. Оны көретіндер ғана көреді.
Мысалы, қазақ сөздерін негізге алып жасаған сөздердің ерсі және сөлекет қолданылуы туралы ешқандай ғалым айтпайды. Бірақ, ауыл ақсақалдары айтып отырады. Бұл жерде ғылым тілдің табиғатына қысым түсірмеуі керек.
Мысалы сингармонизм, синоним, омоним, фонетика сияқты атау сөздердің тікелей Ахмет Байтұрсынұлы бекіткен нұсқалары бар. Яғни, үндестік, мәндес, қарсы мәндес, дыбыстық қатарлы.
Қазақ тіліне сіңіп кеткен, бірақ тіл заңдылығын сақтайтын жат сөздер көп
Бұл туралы 1923 жылы Халел Досмұхамедов: "Қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздер көп: қала, молда, шілде, ақыл, айып, әділ, әлім, әдет, ылаж, өмір, ар, құрбан, әкім, аспан, дұшпан, заңғар, құн, береке, патша, дастарқан, сабын, бедеу, Асан, Үсен, Сәмеке, Шайбақ, Сидақ, Мәмбет, Мәделі, әзіл, масқара, дәулет, апат, есеп, несібе, серт, әсет, ақырап, жеді, дүйсенбі, сәрсенбі секілді тағы талай сөздің бәрі қазақ тіліне жат тілдерден кірген сөздер. Бұл сөздер біздің тілімізге сіңіп кеткені сондай, қазақ халқы бұлардың жат екендігін сезбейді. Байқап қарасақ, жоғарғы сөздердің бәрі де қазақ тілінің қай заңына да көнеді, қазақтың түбір сөздерімен бірдей болып өзгеріп, құбылады" деген екен.
Қазақта "тіл сындыру" деген бар
– Тіл білімі институты мамандарының айтуынша мына түсіндірмесіне қарайық: Мысалы, ауызекі тіл арқылы игерілген кірме сөздердің жазылуы көрсетілді: мәйкі, бәнкі, стансы, мәнті, кепкі, т.б кірме сөздер қазақ тіліне сындырылып, бір модельде біріздендіріліп (соңына "ы" немесе "і" дыбысымен аяқталуы арқылы) реттелді. Кәстөм, кәлөш, кәстрөл, т.б кірме сөздердің соңғы буыны "ө" дыбысымен аяқталды. Бұл жағдайда да бірізділік сақталу үдерісі байқалады. Жәшік, керует, самаурын, бәтеңке атауларын да қазақыландыру үдерісі осындай жағдайдан өткен болатын. Қазір бұлар қазақтың төл сөзі болып саналады.
Ал мәшине сөзі бірнеше жыл болды тілдік жүйеде ұтымды әрі еркін қолданысқа енді. Термин ретінде де, қарапайым сөйленісте де мәшине деп қазақ тіліне сындырылған формасы қалыптасып кетті.
Көгөніс, шегара қазақ тілінің емлелік заңдылығына сай бағындырылды. Қазіргі жағдайда жазу дағдысында көзшалым мен қолшалым үдерісінде көкөніс, шекара модельдері үйреншікті болғандықтан бұлар орфографияның босаң нормасы ретінде қабылданады. Кейін Ботагөз, Амангелді атауларын қалай қабылдасақ, көгөніс, шегараға да солай үйренеміз. Сол кезде қатаң нормаға айналады, – дейді Бейбіткүл Кәрімова.
"Тілді бұзатын – оқығандар..."
Бұл үрдіс қазір тіптен асқынып бара жатыр. Бұл туралы Халел атамыз тағы да былай депті: "Жүрген елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды. Елдің тілін бұзатын, көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келетіндер ана тілін өзгертуде жолбасшы болады.
Оқығандар өзіне лайық әдебиет тілі деген тілді түзеп, жаңа тілін ел ішіне көбіне зорлап кіргізеді. Дұрыстап түземесе, қара тілдің затымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат болады, елге сіңбейді. Сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады".
"Халықаралық терминдер" деген қандай терминдер?
– Сіз сауаты бар кез келген қазақтан "Халықаралық термин дегеніміз қандай сөздер?" деп, сұрап көріңізші.
Ол: "Халықаралық терминдер – орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылса, бізде де солай айтып, солай жазуға тиісті еуропа тілдерінің сөздері. Оларды қазақшаға аударға болмайды. Неге екенін білмеймін, бірақ заң солай" деп жауап береді.
Ал бұл сұрақты маманнан не терминологиядан кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған адамнан сұрасаңыз: "Халықаралық термин дегеніміз арғы тегі латын, грек сөздері негізінде пайда болған еуропа тілдерінің сөздері. Орыс тіліне еніп, орыс тілінің тілдік заңдары бойынша аздаған өзгерістерге түсіп, қалыптасып кеткен бұл сөздер қазақ тіліне (түркі тілдеріне) енген жағдайда, олар ешқандай өзгерістерге түспей, орыс тілінде қалай айтылса, солай айтылып, қалай жазылса солай жазылуы керек. Өйткені бұл сөздер дүниежүзі халықтарына ортақ сөздер.
"Халықаралық терминдер" деген термин жоқ. Болса, олардың ішінде ең құрығанда қытай, жапон, араб, парсы тәрізді шығыс халықтарының немесе түркі халықтарының бір-екі сөзі жүретін еді ғой" депті Жас алаш газетіне берген сұқбатында филология ғылымының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы.
Қазақшаландырып алуымыз керек
Белгілі Алаш қайраткері, білікті тіл маманы Қошмұхамед Кемеңгерұлы XX ғасырдың басында:
"… Терминдерді алу туралы кейбіреу басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де солай атайық десті. Бұл – тіпті адасу, қате пікір. Шамамыз жетсе, қазақшалап алуымыз керек. Мәселен, геометрияны қазаққа геуметрие десең, көзіне түк елестемейді. Ал пішіндеме десең, қазаққа таныс, көзіңе елестейді. Сондықтан терминдерді қазақша алуға дауласуда мән жоқ" деген.
Терминком неге қауқарсыз?
Тіл жанашыры, мәдениеттанушы, журналист Серік Ерғалидың пікірінше:
– Терминологиямен айналысатын тиянақты ғылыми-мемлекеттік құрылым жоқ. Термин тізімдерін бекітумен айналысатын Мемлекеттік терминологиялық коммиссияны (мемтерминком) ғылыми алқаға да, мемлекеттік құрылымға да, тіпті, термин мәселесіне тиянақты араласатын қоғамдық ұйымға да жатқыза алмаймыз. Қоғамдық алқа ғана.
Сол себепті, ғылыми салалық кеңестермен де, қоғамдық ортамен де тығыз да жүйелі қатынас орнатылмаған. Ұсынылған баламаларды алдын ала талдайтын, сараптайтын зертхана жоқ. Термин жобаларын жариялы түрде талдауға арналған заман талабына лайық бұқаралық ақпарат-жаршы құралы тағы жоқ.
Нәтижесінде қарастырылған терминдер субъективтік сипаттан әріге аса алмайды, бекітілген терминдер лингвистикалық ортаның сенімінен шыға алмай, көбіне күмән мен дау тудырады.
Жалпы, Мемтерминком – Кеңестік өкімет талабы пен тоталитарлық қоғам тудырған және ақпараттану қарқыны бәсең кезеңге тән өткен шақтың құрылымы.
Ахмет Байтұрсынұлы жүйелеген қазақтың сөз жасау тәсілдері:
- Қазақтың өзінде бар сөздерден жаңа сөз тудыру: Мысалы, ас+хана.
- Бар сөздерді түрлендіру: Мысалы, көл+шік, тал+шық.
- Қосарлау: қыл+тамақ, ат+шабар.
- Салыстыру: ысқыма (массаж), түйе киік.
- Басқа ұлттың сөздерін үндестік заңына икемдеп пайдалану: мұғалім, жәрмеңке, тәржімә.
- Бөгенайлау тәсілі: шойын жол.
- Байырғы, көне сөздерді қосу тәсілі: уылу, сардар, сарбаз, айдауыл...
Айта кету керек, Ахмет атамыздың құрастырған төтеше нұсқадағы қазақ әліппесін Қытайдағы қандастарымыз әлі қолданылып келеді.
"Қазақша сөз жазушыларға" деп аталатын мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: "…Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ" – деп жазады.
Лингвистикалық вирус
– Мәселен, терминнің қазақшалануы ғылыми ортаның сұранысынан емес, ең әуелі отаншылдық тұрғыдан тіл жанашырларының араласуынан жаппай қазақша терминдету қозғалысын туындатып жіберді. Бұл сырттай қарағанда, қазақ тілінің лексикалық қорын байытушы, тілді тазартушы сипаттағы үдеріс болып көрінгенмен, терминология мәселесін қарастыру ғылыми үдерістен тыс, маманданған негізде емес, қоғамдық сипатты болғандықтан, керісінше, тілдің лексикалық қорын әлдебір лингвистикалық вируспен былғайтын, тілдік жүйені ыдырататын және тіл тұтынушыларын жирендіретін ахуалға әкеліп соғып жатыр, – дейді Серік ағамыз.
Программа, лидер, музей, рынок
Серік ағамыздың мына мысалдарына қараңыз.
"Ориентир" – "бағдар" сөзі арқылы қазақ тілі "ориентировка" ұғымын беретін "бағдарламадан" қағылып қалды. Бұған дейін "аялда" етістігінен "аялдама" зат есімін тудыру қалыптасқан үдеріс болса, енді кемінде 6-7 салалық мағынасы бар "программа" сөзін бір ғана "бағдарламамен" баламалау тәжірибесі пайда болды.
"Бағдарлама" сөзі – белгілі бір бағытты жалпылама түрде бетке алу мүмкіндігі болса, "программа" ұғымы – нақты тәсілдер мен мүмкіндіктер қарастырылған қойылған мақсатқа, межеге нақты жету жолы болып табылады.
Бұған қоса, тіліміздегі белгілі бір объект (әскер, ел, жол) бойынша басшылықты білдіретін "қолбасшы", "елбасшы", "жолбасшы" сөздерінің жасамдары енді белгілі бір топтың, лектің "ұшы", "басы" дегенді білдіретін "лидер" сөзіне "көшбасшы" деген жадағай сөзді балау арқылы тәрк етілді. "Лидердің" ешқандай басшылыққа қатысы жоқтығы ескерілмеді.
"Мұражай" сөзі 1998 жылы бекітілген. Қазір "музей, архив" сөздері де термин ретінде қайта бекіпті. Сол себепті кейде "мұражайға", кейде "музейге" барып жүрміз.
Тағы бір мысал, "рыночная цена" ұғымын беріп келген "нарық" сөзі "рынок" ұғымының баламасы болып зорлықпен таңылды. "Сауда орны" ұғымымен бірге "тауар айналымының алаңы" дегенді бере алатын "рынокты" "базар" сөзімен алмастыруға болады емес пе?
Жазу реформасы әлі қолға алынған жоқ
Серік Ерғали:
– Жалпы, әу баста қазақ әліпбиін латыншаға көшіру бастамасы – қазақ тіліне жазу реформасын жүргізудің басты көрінісі болуы діттелген.
Өкініштісі, жазу реформасы кейінгі планға ығысып кетті. Жаңа әліпби емле мәселесін шешудің орнына оны қоздыра түседі. Соған көзім жеткендіктен өз басым бұл әліпби реформасын 10 жылға кейін шегеруді ұсынып отырмын. Оның орнына жазу реформасын жасап алу керек. Орфографияға тиянақты тұжырымдама керек. Бұл реформаның басты бір көрінісі – емле мәселесін шешу еді.
Бұның да айтыла-айтыла жауыр болғаны сондай, артынан барлығы "қой, болды" деп, қол сілтеп тыншыды.
Емле дегеніміз – орфографиялық яки сауатты жазу ережесі.
Қазақ тілінің жазу ережесі елуден аса қателікке ұшыраған
– Тіл ғалымдарының өздерінің мойындауларына қарағанда қазіргі қазақ тілінің жазу ережесінде елуден аса қателік кеткен.
Олар түзетіліп жатыр ма, жоқпа, мониторинг жасалған емес және ешкім есеп те берген жоқ.
Бұған қарап, ол қателер сол күйі қалған-ау деуге болады.
Орфографиялық әрекеттер тұжырымдамасыздықтан өзгеріске жиі ұшырайды. Бұған қоса, емле мәселесі негізінен орфографиялық сөздіктер шығару арқылы нақты шешіліп отырады. Біздегі тіл ғылымы бірнеше рет емле сөздіктерін шығарумен бұл мәселеге атсалысып келеді. Бірақ бұл і жұмысты жүйелі қамтып отырған жоқ.
Әрбір 5-10 жыл сайын орфографияға өзгеріс енгізіп отырсақ, оны тым ғылыми ұшқалақтық және кәсіпқойлық демейді.
Бұның себебі емле мәселесін ең әуелі ғылымның саяси жағын қарастырып шешпеуде, оның саяси жағы қай ғылымда да концепция – тұжырымдама деп аталады.
Яғни орфографиялық мәселені шешуден бұрын оның тұжырымын тастай етіп тиянақтап алу жағы жоққа тән. Сол себепті біздің емлені Ғылым емес, ылғи да Өмір түзетумен келеді, – дейді Серік Ерғали.
Емледегі ебейдейсіздіктер
– Демек, тіл ғылымының ықпалы бәсең деген сөз! Мысал келтірейін: тілімізде "ма, ме, па, пе, ба, бе" деген шылаулар арқылы туындайтын сөз тіркестері бар. Ереже бойынша шылаулар өз алдына бөлек жазылады: Есің дұрыс па? – деген сөйлемдегідей. Ал енді жыл ма жыл, жек пе жек, сөз бе сөз, ай ма ай, күн бе күн, қара ма қарсы секілді қыруар сөз тіркестері емленің бұрмалану кесірінен қос сөздерге айналып кеткен: жылма-жыл, жекпе-жек,сөзбе-сөз, айма-ай, күнбе-күн, қарама-қарсы... Бұл дөрекі тілдік қате ғана емес – бұрмалау!
Алайда, емле дегеніміз ережеге бағынған жазуды бейімдеу, жеңілдету екенін ескерсек, бұларды дефиссіз-ақ біріктіруге болар еді, өйткені тіркескен сөздер бірігіп біртұтас ұғымды білдіріп тұр: жылмажыл – жыл сайын деген ұғым. Мұндай қателер жеткілікті, – дейді Серік Ерғали.
"Том-томдап сөздік шығаратын заман емес"
– Том-томдап сөздік шығару бүгінгі ғасырда әрі күлкілі, әрі күйінішті. Ол томдарды ақтарып отыруға бүгінгі адамның шыдамы да, күші де жетпейді. Оларға тіпті, кітап етіп шығаруға қаржы шығындау да рәсуә әрі артта қалу болып есептеледі.
Оларды кітапханаларға қыруар ақша төлеп тарату да қиямет қой. Осыларды айтсақ: "Ойбай, біз ондай сөздікті сайтқа салып қойдық" дейді. Ол сайтты интернеті жоқ ауылдағы адам қалай қолданады? Болмаса шетелге шыққан журналист болсын, тіпті кім болса да іздеп отыра ма? Және ол сайт – сайман емес, икемсіз ақпарат көзі ғана. Міне, осы жағынан алғанда бізде тілдік менеджмент мақұрым қалған, – дейді ол.
Дұрыс жазу бағдарламасының электрондық түрін жасау керек
Серік ағамыздың айтуынша, бұл – аталған қателіктерді түзетудің бір ғана жолы.
– Емле мәселесінде еш сын көтермейтін нәрсе бар, ол – уақыт талабынан кейін қалып, жазу тұтынушысын сайманмен қамти алмау. Мен дамығаны бар, дамымағаны бар, көп елдер қолға алған ДҰРЫС ЖАЗУ ПРОГРАММ ҚАМТЫМАСЫН (орысша айтсақ, програмное обеспечение по правописанию) айтып отырмын.
Бұл – электрондық қолданба саймандарда: компьютерде, телефонда, гаджетте әріптерді теріп отырғанда қате жібермеу үшін көмектесетін таптырмас замандық құралдар.
Қате кетсе – қызарады, дұрыс жазсаң – жасылданады. Тіпті кейбіреуі дұрысын өзі көрсетіп тұрады. Осы қарапайым саймандармен қазақтілді ортаны қамти алмай отырмыз.
Емле ережелері қайта қарастырылады
Бейбіткүл Кәрімова да: "Тіл білімі институтында қазір арнаулы жұмыс тобы қазақ тілінің емле ережелерін қайта қарастырып жатыр. Жаңа сөздер мен термин сөздердің, т.б. қолданыстардың ерекшеліктерін жіті зерттеу үстінде" – деп отыр.
Термин жасау мен бақылау барысын жүйелендіру керек
Серік Ерғалидің пікірінше де:
- Қазақ терминологиясын дамыту тұжырымдамасы мен сәйкес нормативтік акт қажет.
-
Белгілі бір ғылыми кеңес, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеме мүдделі бола тұрып, нақты терминді қазақшалайтындай немесе неологемдік сұраныс жасайтындай алгоритм орнықтыруы керек.
- Белгілі бір терминді қазақшалауға немесе неологемдік ұсыныс жасауға салалық ғылыми кеңес, технологиялық ұжымның немесе мемлекеттік мекеменің, тіпті, жеке-дара сарапшының құқы болуы тиіс.
-
Терминологияны дамытуға бағытталған, жаңа терминдер мен неологемдерді зерделейтін ғылыми терминологиялық зертхана мемлекет тарапынан (Тіл білім институты жанында) болғаны жөн.
- Сұранысқа сәйкес түскен ұсыныстар жариялық сипатта талқылануы керек, ол үшін арнайы электрондық бюллетень (сайт, портал) сияқты лайықты құрал керек болады.
- Терминологиялық зертхана мен ғылыми кеңестердің талқысынан өтіп, сұрыпталған ақырғы терминдік бірліктер сәйкесінше министрліктің (Білім және ғылым) құзырымен сынақтық мерзімге қолданысқа ұсынылғаны жөн.
-
Сынақтық мерзімнен өткен терминдер үкіметтік терминологиялық комиссия қаулысымен бекітіп, олар туралы барлық мүмкіндіктер арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек.
Жалпы, сөз бен атау сөз (термин) туралы дау көп. Ал оны оңтайлы шешу – кезек күттірмейтін маңызды мәселе.
Ендігі үміт жаңа құрылған жұмыс тобында
Ағымдағы жылдың 10 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиевтің төрағалығымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
2017 жылы 14 желтоқсандағы және 2018 жылы 1 наурыздағы отырыс хаттамалары негізінде жасалған жұмыстар, жұмыс жоспары мен бағыттары талқыланған. Жұмыс бөлінісі белгіленген.
Терминологиялық жұмыс тобының төрағасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев қорытындылаған жиналыста төмендегідей тұжырым қабылданған:
- А. Байтұрсынұлы әзірлеген терминжасам қағидаттары базалық негізге алынсын;
- Басқа тілдерден терминдер алғанда ең алдымен терминжасамның негізгі көзі – Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдері сарқа пайдаланылсын;
- Қазақ тілінің лингвистикалық мүмкіндіктері болмаған жағдайда терминдерді туыстас басқа түркі тілдерінен алу қажет;
- Әлемдік тілдердің көпшілігінде жалпықолданыстағы және кең тараған терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне бейімдеу керек;
- Жоғарыда аталған терминжасам қағидаттарын толықтыратын нақты критерийлер әзірленсін.
Атау сөздерді (терминдерді) қарау және пайдалану үшін керек ақпарат көздері:
Терминком: http://termincom.kz;
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан әзірлеген http://tilalemi.kz
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты.
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының Емле сайты: http://emle.kz/
2013 жылы басылып шыққан Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі.