Актер Шәріп Серіктің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қамауға алынуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл оқиға тек жекелеген адамның әрекеті ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы "кәнсіл мәдениетінің" қалай қалыптасып келе жатқанын да көрсетті. 

Не болды?

Жуырда актер Шәріп Серіктің сүйіктісі, блогер Әлия Бутеева инстаграм парақшасында Шәріптің ұрып-соққанын мәлімдеп, фото және видео жариялады. Бұл материалдарда актердің оны лифтіден күштеп шығарып жатқаны көрінеді.

Осы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Желі қолданушылары актердің әрекетін сынға алып, оны бойкоттауға шақырды. Осының нәтижесінде Sәlem Entertainment компаниясы Шәріп Серікпен барлық әріптестік қарым-қатынасын тоқтатып, оны "қара тізімге" енгізді. Компанияның бұл шешімі актердің қатысуымен жоспарланған жобалардың тоқтатылуына және жобалардан шеттетілуіне әкелді. Мысалы жақында үлкен экранға шығатын "Патруль" фильміндегі актердің түскен сахналары қиылды. Сонымен қатар Topcars компаниясы да актермен серіктестігін бұзғанын жариялады. Кейін Шәріп Серік өзінің парақшасында кінәсін мойындап видеоүндеу жариялады және сот шешімімен бес тәулікке қамауға алынды. 

Бұл оқиға Қазақстанда "кәнсіл мәдениетінің" бар екенін және оның танымал тұлғалардың мансабына әсер ете бастағанын көрсетті.

"Кәнсіл мәдениеті" деген не?

"Кәнсіл мәдениеті" (ағылш. cancel culture) — белгілі бір адамды, әсіресе қоғамға танымал тұлғаны, жасаған іс-әрекеті немесе айтқан сөзі үшін көпшілік алдында бойкоттау, қоғамдық қолдаудан айыру үрдісі. Бұл құбылыс көбіне әлеуметтік желілерде өрбіп, адамның мансабына, беделіне және психологиялық жағдайына елеулі әсер етеді. Мысалы, жоғарыда жазылған оқиға кезінде желі қолданушылары Шәріп Серіктің түскен фильмдер мен сериалдарды көрмеуге, ол жарнамасына түскен өнімдерді тұтынбауға шақырды. Алайда бір ескеретін жайт – cancel жасау кезінде адамның жеке басына тіл тигізуге, заңға қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға болмайды. Тек байкот жариялау, осы мәселе шешімін тапқанша ұмыттырмау сияқты жүзеге асады. 

Терминнің шығу тегі:

  • 1981 жылы Chic тобының "Your Love Is Cancelled" әнінде "cancel" сөзі қарым-қатынасты тоқтату мағынасында қолданылады.
  • 1991 жылы "New Jack City" фильмінде басты кейіпкер қарым-қатынасты үзу үшін "cancel" сөзін қолданады.  
  • Ал 2010 жылдардың ортасында "Black Twitter" деп аталатын афроамерикалық қауымдастықтарда "canceling" термині белгілі бір тұлғаның жағымсыз әрекеттері үшін оны бойкоттау немесе қолдаудан бас тарту мағынасында қолданыла бастады. Бұл үрдіс уақыт өте келе кең таралып, 2017 жылдары "cancel culture" термині жалпыға ортақ қолданысқа енді.

Кәнсіл процесінде екі тарап болады — айыптаушылар мен айыпталушылар. Айыпталушы адам, компания немесе бренд те болуы мүмкін. (Мысалы, қазір желі қолданушылары Magnum Cash&Carry компаниясын "қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен тауар жеткізушіні жұмыстан шығарып жібергені үшін" супермаркетте сауда жасамауға шақырып жатыр).

"Кәнсіл" неге керек?

Актерді "кәнсілдеуге" шақырған пиар және маркетинг маманы Роза Әшірбаева осы жағдайдан соң жазба жариялап, бұл қадамның мән-маңызын түсіндірді. 

"Желі қолданушылары ішіп көлікке отырған, баласын ұрған, бөтен қыздарға интимді мүшесінің суретін жіберген, балағаттаған, сыйламаған, әйелді ұрған танымал адамдарды, өкінішке қарай, кешіріп жүре береді. Кейбіреулері "Ер жігіттің басына не келмейді?",  "Әр қиындықтың артында жеңілдік бар" деген сабырға шақыратын әдемі сөздердің қадірін кетіріп, мәдениетсіз, тәрбиесіз, қатыгез адамдарды қолдау үшін жазып жатады. Кәнсіл мәдениеті біздің елде даму керек деп есептеймін. Неге? Медиасалада танымал адамдардың көрсетіп жатқан өрескел қылықтарына көз жұмсақ, өмірде де тәрбиесіздікке, құрметсіздікке, зорлыққа көз жұмуды жалғастыра береміз деген сөз", – деп жазды

Сонымен қатар маркетинг маманы актер Шәріп Серіктің осы жағдайдан кейін ел алдында есімін ақтауы үшін не істеу керек екенін түсіндірді. Оның жазуынша, актер өзімен жұмыс істеп, зорлық-зомбылыққа қарсы белсінді болуы керек, осы тақырыптағы  кино не сериалдарға түсуі керек және дағдарыс орталығындағы әйелдерге көмектесуі керек. 

Құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы да оқиғадан тыс қалмай, кәнсілдің мақсаты карьераны құлату емес, зорлыққа қарсы тұру екенін жазды. 

"Гендерлік зорлық – жеке жағдай емес, бұл қоғамдық дерт. Ал оны жасаған адам "сүйікті әнші", "классик жазушы" не "көсем" болса да, жауаптан қашпауы керек. Әрбір "ол ондай емес қой", "ол тек қатты кетті", "жеке өмірі ғой" деген сөз – зорлықты нормализациялау. Біз кәнсілдейміз, себебі: әйелдердің  қауіпсіздігі комфорттан маңызды, танымалдық зорлық үшін иммунитет емес, жаңа ұрпақ зорлық жасаушыларға құрметпен қарамауы керек. Кәнсіл – карьераны құлату емес. Бұл қоғамның "енді жоқ" деген белгісі. Қазақстанда кәнсілге ұшыраған бірде-бір еркекті есіме түсіре алмай отырмын. Бұл менің жадымның әлсіздігі ме, әлде бұл біздің қоғамның зорлықшыларға тым кешірімді болуы ма? Бәлкім, бұл – ұжымдық амнезия. Кеше ғана ел алдында жүріп, ар-ұятты таптаған, бір әйелдің емес, бүтін бір ұрпақтың үмітін жаншыған адамдар бүгін қайтадан марапат алып жүр. Әйелін ұрғаны үшін еш әшкереленбеді. Мен ұмытып қалған жоқпын. Сен де ұмытпа. Бұл – есте сақтау мәдниетін қайта оятудың сәті. Өйткені қандай қоғам ұмытшақ болса, соншалық залымға мейірімді. Ал әділетсіздік дәл осы жерден басталады", – деп жазды құқық қорғаушы. 

Танымал "кәнсіл" кейстері

Голливудтың атақты продюсері Харви Вайнштейн 2017 жылы кәнсіл мәдениетінің басты кейіпкерлерінің біріне айналды. Бірнеше әйел оның сексалды зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеді, желіде әйелдерге қолдау ретінде #MeToo тегімен резонас тудырған қозғалыс пайда болды. Нәтижесінде продюсер мансабынан айырылды, сотталды.

Голливуд режиссері Джеймс Ганн 2018 жылы твиттердегі ескі жазбасы үшін "кәнсілге ұшырады". Ол 2008–2011 жылдары жазылған жазбаларында педофилия, сексуалдық зорлық-зомбылық, СПИД және нәсілшілдік сияқты сезімтал тақырыптарда әзілдеген. Осыған байланысты Disney студиясы оны "Галактика сақшылары 3" фильмінің режиссері қызметінен босатты.

Жазушы Джоан Роулиң Twitter желісінде жыныс пен гендер туралы пікірін білдіріп, өз тәжірибесіне сүйене отырып дәлел келтірген болатын. Оның пікірі ешкімді қорлауға бағытталмаған еді. Бірақ бұл оған көмектеспеді – көптеген адам оны қатаң сынға алды, кітаптарынан бас тартты, #IStandWithTransPeople тегімен түрлі жазбалар жазды. Осы жағдайдан бері көп уақыт өтсе де, жазушы әлі күнге дейін хейтке ұшырап келеді.

Ресейлік тележүргізуші Регина Тодоренко 2020 жылы PEOPLETALK TV арнасына берген сұхбатында әйелдерге қатысты пікір білдіріп, "әйелдер кейде күйеулерінің зорлық-зомбылығына өздері себепші болатынын" айтқан. Бұл пікір көпшіліктің ашуына тиіп, оны кәнсілдеді. Нәтижесінде PepsiCo және P&G сияқты ірі компаниялар Регинамен жасаған келісім-шарттарын бұзды, оның қатысуымен түсірілген жарнаманы эфирден алып тастады.   

Осы оқиғадан кейін Регина Тодоренко өзінің репутациясын қалпына келтіру үшін YouTube арнасында "А что я сделала, чтобы помочь?" атты фильм түсіріп, онда Ресейдегі отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін көтерді. Бұл фильм көпшіліктің назарын аударып, оң пікірлер алды. Сонымен қатар, Регина "Насилию.нет" орталығының елшісі болып тағайындалып, осы саладағы жұмыстарға белсене араласты. 

Оңтүстік Корея актрисасы Ким Се Рон 2022 жылы мас күйінде рөлге отырып, жол-көлік оқиғасына себепкер болғаны үшін қоғам сынына ұшырады. Нәтижесінже кино өндірістегі жобалардан шеттелді. Кешірім сұраса да, есімін ақтай алмады. 2023 жылы Netflix келісім-шарттан бас тартты. Салдарынан актриса қаржылық қиындыққа ұшырап, қарызға батқан. Ал 2025 жылдың ақпан айында актрисаның үйінде денесі табылды. 

Кәнсіл кибербуллинг емес пе?

Кәнсіл мәдениеті мен кибербуллинг – арасында ұқсастықтар болғанымен, әртүрлі құбылыстар. Екеуі де адамның психологиялық жағдайына, беделіне, мансабына әсер етеді.

Алайда кәнсіл мәдениеті – белгілі бір адамды немесе ұйымды қоғамға зиянды әрекеттері үшін жауапқа тарту мақсатында қолданылады. Оның мақсаты – қоғамда әділеттілік орнату, заңсыздықты қатаң түрде айыптау. Ол әдетте нақты оқиғалар немесе әрекеттерге негізделеді. Кәнсілдің нәтижесі кейде тұлғаның мансабын тоқтату немесе оның қоғамдағы беделін қалпына келтіру үшін кешірім сұрауымен аяқталады.

Кибербуллинг – адамды қорқыту, кемсіту немесе арандату әрекеттері. Бұл мақсатсыз, көбінесе адамның өзін-өзі бағалауын төмендету немесе эмоционалды түрде зиян келтіру үшін жасалады. Кибербуллинг әдетте негізсіз немесе асыра сілтелген болады. Буллинг нақты мақсаты болмағандықтан, қашан, қалай аяқталары белгісіз.

Сол себепті кәнсіл мәдениеті мен кибербуллингтің арасындағы айырмашылықты білген абзал.