Прямой эфир Новости спорта

Түнгі елестен қатер мол

Көрнекі сурет pixabay.com сайтынан алынды
Көрнекі сурет pixabay.com сайтынан алынды
Елес дүниелердің сиқырына үңілуге қорқамыз. Елес туралы жазуыма Б. дегені кісінің әңгімесі түрткі болды. Ақиқатын әлі күнге айыра алмай жүрмін.

Екі дүние арасындағы елестер

Күз айының қара жаңбырлы күндері. Іссапармен Шымкентке келген Б. шаруасы біткен соң, Кентаудағы үйіне жетіп жығылмаққа кештете жолға шығып кетеді. Жолсеріксіз жалғыз киын, күні бойғы шапқылаудан шаршағаннан көзіне ұйқы тығылады.

Төрткүл елді мекеніне жақындай бере қалғып бара жатыр екен. Машинаның жарығынан жол жиегінде тұрған аппақ киімді қарияны көзі шалып, кілт тоқтайды. Түн ортасында айдалада тұрған кім деместен, жолсерік тапқанына мәз боп, машинасына мінгізіп алады.

Қария мінген мезеттен ұйқысы шайдай ашылыды. Әңгімелерін тамсана тыңдап, Кентауға жетеді. Қарияны айтқан мекен-жайына әкеп тастайды. Сүрінбей кіріп алсын деген оймен дарбазасын ашып, ішке еніп кеткенше машинасының жарығын жағып тұрады.

Таңертең әкесіне жолай мінген қариядан естігендерін айтып береді. Бұрын-соңды бұл өңірде естімеген оқиғалардан таңырқаған әкесі қарияны үйіне шақырып, дастарқан басында әңгімеге қанықсам дейді.

Баласының машинасына мініп, әлгі үйге барады. Үй иелері жас жұбайлар боп шығады. Қарияны шақыруын өтінгенде, олар "Қайдағы қария, біздің қариялар ауылда тұрады?!" деп таң қалыстарын жасырмайды.

Бірақ... Түнде келген машинасының доңғалағының ізі жатыр. Келгені ақиқат. Бірақ, қария зым-зия жоқ. "Өтірік" дейін десе, қаланың екінші басында тұратын бейтаныс үйге бұрыларға басқа себеп жоқ. Таң-тамаша қалысады.

Үйіне қайтып келе жатып, көше басында тұратын молданы көріп қалып, амандасады. Әңгіме барысын түсінген молда: "Таңырқайтын ештеңесі жоқ. Жалғыз ұзақ жолда қалғып келе жатқанын көрген періште қария боп машинасына мініп, апаттан алып қалған ғой. Құран оқытып жібере сал?!." дейді. Сонша уақыт қасында отырып әңгімелескен қарияның періште екеніне сенбеген Б. құрбандық шалғанға қарсы болады.

Әкесінің өтініші құлаққа ілмейді. Тағы бірде Б. Шымкентке іссапармен келеді. Қыстың қысқа күні шолтаң ете қалады. Өз үйі, өлең төсегіне жетіп құлағысы келген ол үйіне қайтып кетеді. Машинаның жылытқышынан ескен ыстық ауа буын-буынын жылытып, бойын балқытады.

Соқыр ұйқы қысқан кезде, машинасын тоқтата сала, суық қармен бетін ысқылап алып, сапарын жалғастыра береді. Қанша жерде тырысса да кірпіктері айқасып кете береді. Кенет, тап сол қария мінген жерден шідері сылдыраған жылқы жолды кесіп өте бере кісінейді.


Шідері сылдыраған жылқы жолды кесіп өте бере кісінейді

Шідері сылдыраған жылқы кісіней жолды кесіп өте берді...


Кілт тоқтайды. Кісенін сылдыратқан жылқы, азыната кісінеген бойы қараңғылыққа сіңіп, жоқ болады. Ұйқысы шайдай ашылады. Б.-ның ойына өткен жолғы қарияның тап осы жерден мінгені сарт ете түседі. Бойын үрей жаулағаны сонша ұйықтамақ түгілі, зәресі ұшып, Кентауға қалай жеткенін байқамайды.

Таңертеңгісін болған оқиғаны айтқанда, әкесі: "Өткендегі қариядан кейін-ақ құран бағыштап жіберуіміз керек еді, көнбедің. Қысты күні есі дұрыс адам жылқыны далаға шідерлемес болар. Егер кісінегенін естімегенде, жылқымен соқтығысып, апатқа ұшырар едің. Құдай қағыпты?!" деп, құран оқытуға бекем кіріседі.

Бір емес, екінші рет қайталанған соң, Б. әкесінің шешіміне көнеді. Құранға жиылған көпшілікке болған жайды баяндағанда, бұл Б.-ның ғана басынан кешкен оқиға емес екен. Дастарқан басына жиылғандардың арасынан бірнешеуі тап сол жол аумағында басынан кешкендерін баяндай бастайды.

Түнгі жолда бірнешеуіне кісенделген жылқы кезігіпті. Біреуі тіптен ұйқысырап отырып жылқыға соқтығысқан екен. Есі кетіп, машинасын тоқтата сала жүгіріп шықса, жылқы ызым-қайым жоқ. Бірақ, машинасының тұмсығы майысқан. Қасындағылар ештеңе көрмеген боп шығады.

Түн ауатын табын

Келесі қонақ Шардара мен Арыс қалаларының ортасындағы белгілі бір жерде түн ортасында сиыр табыны ауатынын айтады. Қызығы, ол жерді отырғандардың көбі бұрын біледі екен.

Түн ортасында Шардара мен Арыс қаласының ортасын жалғайтын жолда жүру – әсіресе жалғыз жүргенге үлкен сын. Не сиқыры барын, белгілі жол кезігіне жеткенде, машинаның жолын табынды сиыр кесетін көрінеді. Мөңірегенде, аспан мен жердің ортасы қосылып кеткендей әсер береді-мыс.

Бір қарағанға ертегі сияқты көрінгенмен, құпияға толы тылсымның бары анық. Жалғыз-жарым жолаушы, Шардара мен Арыстың арасына түнде жүрмеуге тырысатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Көзбен көрмегенге сенбейтініміз шындық.

Т. есімді жігіт күннің кешкіргеніне қарамай Шардарадан Арысқа шығып кетеді. Ұйқы қысқаннан мазасы кетіп, Арысқа жақын қалғанда мөңіреген сиырдың дауысын естиді. Қатты қойылған музыканы басып кеткен сиыр дауысына таңдана, естігендерін есіне алады.

Қорыққаннан жылдамдықты барынша қосып күре жолдан өте бере, машинаның соңынан жөңки өткен сиыр табынын көреді. Сенбейін десе, тап кинодағыдай шаңдата жөңкиді. Мөңіреген дауыстары көкке жетердей. Көргенінен ұйқысы қайда кеткенін білмей, қара жолда жүйітки жөнеледі.

Бір мезетте, белгілі көлемде қаншама жанға кезігетін сиқырдың сыры белгісіз. Шетелде болса, ғалымдары нақтылы жерде кезігетін сиқырдың жауабын табуға жанталасады. Ғылыми зерттеме жасайды. Біз ол жағынан кемшін қалып жатамыз.

Мазар маңы қатерлі

Ш. деген бизнесмен әйел көмекшісін қасына алып, жүріп-тұруға ыңғайлы деп машинасымен Алматыға іссапармен барады. Таңмен бастаған келіссөзін кешке қарай бітіріп, ертеңіне Шымкентте күтіп тұрған тығыз шаруасы болғандықтан жолға шығып кетеді.

Таңғы үш жарым шамасында Балықшы елді мекенінен өте бере шопыры ұйқыдан машина айдай алмай келе жатқанын айтады. Жол апатынан қауіптенген Ш. машинаны тоқтатып, мызғып алуға рұқсат береді. Машинаны іштен кілттеген үшеу, ұйқыға кіріседі.

Артқы орынға жантая кеткен Ш.-ны машинаның терезесін тоқылдатқан дыбыс оятады. Ай сәулесі ақ көстемдегі көмекшісіне түсіп тұр. Терезені тоқылдатып: "Шәке, есікті ашыңызшы?" деп қиылады. Үстінде таңертеңгі келіссөзде киген әдемі ақ көстем мен қара юбкасы.

Таңырқаған Ш. есікті ашпаққа орнынан тұра бергенде, көзіне алдыңғы орында ұйықтап отырған көмекшісінің қылдай қатты шаштары кіріп кетеді. Көмекшісі ұзын шашын шаршағаннан орындықтан асыра жайып жіберіп, шалқалай ұйықтап жатыр екен.

Таңырқау қосарласқан үрей бойды билейді. Машинаны айнала терезесін тоқылдатып жүрген көмекшісінен айнымайтын әйелден көз алмай, қатып қалады. Әлгі қолдарын ыңғайсыз созып, алдыңғы терезесінен тоқылдатып жүр. Ш. білетін бар дұғаларын заулата жөнеледі.

Дұғасын күшейткен сайын сырттағы әйелдің күлімсіреген түрі қатуланып, аяқ жағында долдана бастайды. Бір ғажабы, көптен бері қайталамай кеткен дұғалары қысылғанда есіне құйылып түсе бастайды. Білетін дұғасы таусыла бергенде әлігі әйел соңғы рет машинаның алдыңғы терезесін барынша ұрып қалып, ғайып болады.

Қорыққаннан дір-дір етіп алдыңғы орынға қараса көмекшісі қалың ұйқыда. Таңғы арайды әрең атырып, алғашқы шұғыламен шопырын оятады. Айнымастай айғақ боп, әйелдің соңғы рет ұрған терезенің тұсы шытынағанын көреді. Қалай шытынағанын түсінбеген шопыр таңқала машинаны бір айналып шығады.

Елес дейін десе, шытынаған машинаның терезесі бар. Түнгі оқиғаның шындығына еш күмән қалмайды. Машина оталып, қара жолға түседі. Тоқтаған жерлері биіктеу шоқы екен. Алғашқы күннің сәулесі шоқы үстіндегі қалың мазаратқа түскенін көрген Ш. оқиғаның текке болмағанын түсінеді.

Балықшы елді мекенінен шыға берістегі орыстардың моласы. Түн ішінде тоқтаған жері сол қалың мазараттың тұсы екен. Болған оқиғаны айтса, қасындағыларын шошытып аларын білген Ш. түн ішінде мазаратқа баруға болмайтынын айтатын әжесін еске алады.

Араға уақыт салып болған оқиғаны баяндағанда, Балықшыда туып-өскен бір қызметкері: "Ол жермен түнде жаяу жүрмейміз. Жеке жүргенді аңдитын перілері бар. Ауылда талай адамды мазараттың перісі ұрып, жынды боп кеткен. Есікті ашпағаныңыз жақсы болған. Мазараттың перісі ғой. Ашқаныңызда пері ұрып кетер еді" дейді.

Атам қазақ ай толысқанда аяғы ауыр әйел мен жас баланы ай сәулесі түсетін жерге ұйықтатпаған. Ай перісі ұрып кететініне сенген. Мазараттың тұсында ұйықтамауды қатаң қадағалаған. Мазараттан шығып кезетін перілер барын, адамды арбайды деп сенген.

Кейіпкерім Б.-ның айтқаны мен басқа да сиқырға толы оқиғалар көптеп кездесуінің құпиясы белгісіз? Қиял-ғажайып боп көрінгенімен, екі дүние ортасында өмір сүретін түнгі тылсым күш иелерінің бары аян. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де қараңғылықпен бірге адамдар ортасына араласып жүретінін айғақтайтын қорқынышты әңгімелер ел арасында көптеп кездеседі.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров