Мұсылмандар жұма күні мешітте бас қосып, жұма намазын оқиды. Дегенмен кейбіреулер жамағатпен намаз оқу кезінде әдебін білмей жатады. Жұма намазы қайда оқылады? Қалай киіну керек? Намаз кезінде қандай тәртіпті сақтау қажет? Informburo осы секілді жұма намазына қатысты сұрақтарға жауап береді.
№1. Жұма намазы қайда және қашан оқылады?
Жұма намазы әр аптаның жұма күні мешіттерде оқылады. ҚМДБ дерегінше, Қазақстанның барлық аумағында ірілі-ұсақты 2 716 мешіт бар. Түркістан облысы мешіт санынан алда тұр. Бұл өңірде 753 мешіт орналасқан. Жұма оқитын имамның үкімет тарапынан рұқсаты болуы керек. Жұма намазына имамнан басқа ең аз дегенде үш адам қатысуы міндетті.
Жұманың уақыты – бесін намазының уақыты. Бесін намазы түс уақытында оқылады.
№2. Жұма намазына бару кімдерге міндеттеледі?
Ақыл-есі дұрыс, дені сау, балиғат жасына толған барлық мұсылманға жұма намазы парыз саналады. Ең алдымен ер адамға міндеттеледі. Ал әйел адамға парыз емес, яғни мешітке бармай үйінде бесін намазын оқи береді.
Жұма намазын оқитын адам азат болуы керек. Тұтқын не түрмеде жатқан адамдар бесін намазын жұма намазының орнына оқыса болады. Сонымен бірге жолаушыға парыз емес.
Ауруы асқынып кетеді деп қорыққан науқастарға да мешітке келіп жұма намазын оқу міндеттелмейді. Сырқат адамға қараушы, қарт кісілер, көзі көрмейтін, мүгедектігі бар адам бесін намазын үйде оқыса болады.
№3. Жұма намазына қалай дайындалу керек?
Жұма намазына бейсенбiден бастап дайындалған жөн. Жұма намазына дейін адам ғұсыл алып, яғни, шомылғаны дұрыс. Шашы мен тырнақтарын алып, сақалы бiр тұтамнан ұзын болса қысқарту керек. Мешітке жаңа әрі таза киiм киіп, жұпар иіс сеуіп баруы қажет. Ауыздан жағымсыз иістер шықпауы үшін жұма намазы алдында ащы тағамдар, пияз жемей, тісін тазалағаны дұрыс. Үйінен ертерек шығып, жақын маңдағы мешітке жаяу барғаны жөн.
Оқи отырыңыз: Жұмадағы бір садақаның сыры
№4. Мешітте өзін ұстаудың әдебі қандай?
Жұма намазына ерте барған жөн. Мешітте екі адамның арасына қыстырылыспай, біреуді орнынан тұрғызбай, яғни, өзгелерге кедергі болмай бос орын тауып жайғасқан жөн. Алдыңғы қатарға өту үшін адамның үстінен аттамай, намаз оқып жатқан кiсiнiң алдынан өтпеу қажет. Имам мiнберге шыққан соң сөйлеуді доғарып, тыныштық сақтау керек.
Жұма намазына келген адам мешіт әдептерін сақтауға тиіс. Артық іспен айналысуға болмайды. Тыныш отырып, имамды тыңдау керек. Телефон қолданбаған жөн. Намаз кезінде басқаларға кедергі келтірмес үшін телефоныңызды сөндіріп, тым болмаса дыбыссыз режимге қойыңыз.
Мешітте қоқыс, қажетсіз заттарды тастамаңыз. Қақыру, түкіру секілді әдепсіз қылықтарды жасамаңыз.
№5. Мешітте қалай сап түзейді?
Имам ең алдында тұрады. Оның алдына шығуға болмайды. Қалғандары имамның артында бір сызық бойында бірінен кейін бірі сап түзейді. Қатарда бос орын, яғни, ашық жер қалмауы керек. Сол себепті бірінші қатар толмай жатып екінші қатарда сап түзеуге болмайды.
№6. Қандай жағдайда жұма намазы мешітте оқылмайды?
2020 жылы наурызда коронавирус пандемиясы кезінде ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, мешіттерде жұма намазын оқу уақытша тоқтатылды. Бұл шешім коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында адамдардың денсаулығын сақтау үшін қабылданды. Сол кезде адамдар үйлерінде жұма намаздың орнына бесін намазын оқыды.
Ислам дінінде адам өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасына әлдебір залал тиетін болса кейбір ғибадаттарды уақытша тоқтатуға рұқсат. Сондықтан адам өміріне қатер төнгенде жұма намазына қатысу міндеттелмейді.