Прямой эфир Новости спорта

Жұмадағы бір садақаның сыры

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Баба қарғысын арқалаған жігіт өмірін садақа таратумен тауыса ма?

Үлкен мешіттің қарсы бетіндегі кішігірім азық-түлік дүкенінде жұма сайын орта жастан асқан жігіт ағасы намаздан шыққан жамағатқа садақа таратады. Әр жұмада мешіттің орнын ауыстырып тұрады.

Садақа тарату тәсілі қызық. Кассаның қасында тұрып, жарлы-жабықай мен қариялар сатып алғысы келген азық-түліктің бағасын толығымен өз қалтасынан төлейді. Мән-жай сұрағандарға: "Садақам қабыл болсын деп бата берсеңіз жеткілікті" деумен шектеледі.

Ұзынқұлақтан естіп, арнайы барып тілдеспекке бел шештім. Алғашында айтқысы келмеді. Құпиясы өзгеге тағлым болардай өнеге болсын деп қиылдым. Біраз ойланып, аты-жөнін ешкімге айтпайтыныма уәде алып, айтуға көнді:

"Сауапты істі жарнамалауға болмайды. Садақаны жарнама үшін емес, сауап үшін істеймін. Мені бір қалталы алпауыт деп ойлап қалмаңыз. Орта деңгейде тұрмысым бар, қарапайым жанмын. Жұма сайын он адамға садақа таратуымның сыры – үлкен бабам арқалаған қарғыстың өтеуін өтеп келемін.

Оқи отырыңыз: Садақаны кімге, қалай берген дұрыс? Нысап, күпірлік және садақаның байланысы

Маған дейін әкем, атам, бабам өтеген. Қарғыстың қаһарына көп адам сенбейтіні үлкен қате. Қарғыс бар. Үлкен әлім молданың айтуынша: "Жүйелі қарғыс алты атадан өтіп, жетінші ұрпақта түгесіледі" екен.

Әкемнен естігенім: сонау жиырмасыншы ғасыр басында Кеңес үкіметі құрған қызыл әскер елге келіп, үлкен бабам "бәлшебек" болады. Оның заңы бойынша кедей бостандық алып, байлардың малын "кәмпескелеп", өздерін итжеккенге айдағаны тарихтан белгілі.

Бабаларым сіңірі шыққан кедей әулетінен болыпты. Үлкен бабам ауылға қызыл әскер келген кезде қылшылдаған жігіт болса керек. Ол байдың жүйрік жоғасын тартып мініп, көңілі есіреді.

Бірде ауылға келген орыстың қызыл әскерімен араққа сылқия тояды. Есінен тана мас болып, бәлшебек қолына ұстатқан винтовкамен жеті атасынан бері қызметшісі болып келе жатқан байдың жалғыз ұлын қинап өлтіреді.

Көз ашқалы өзіне бұйрық беріп келе жатқан байдың зар илегенін көріп, одан бетер желігеді. Байдың алты ауылға аты шыққан оң босағада отырған сұлу бойжеткен қызы бар екен. Үлкен бабамның сұлу қызда ойы болса керек. Сіңірі шыққан кедейге қай бай қызын берсін?

Оқи отырыңыз: Қазақтың алғысы мен қарғысы

Үкімет берген еркіндікті асыра сілтеген үлкен бабам, әлгі бойжеткенді әкесінің көз алдында зорлайды. Қорлыққа шыдамаған сұлу бойжеткен өз шашына асылып өліпті. Ол аздай байдың күллі малын тартып алып, әйелі екеуін итжеккенге айдатады.

Қорлыққа күйінген бай итжеккенге айдалып бара жатып, үлкен бабама қолын теріс қарата жайып тұрып: "Көгерме, көктеме. Ұрпағың өспесін. Жеті ұрпағыңа дейін қарғысым атсын?!." – деп қарғапты. Жүйелі қарғыс болса керек, сол қарғыстан әулетіміз шынымен өспеді.

Байды қорлаған үлкен бабамызға шынымен қарғыс тиеді. Тоғыз ұлының сегізін қара жерге беріп, әупіріммен жалғыз ұлы қалады. Содан бері әулетіміздегі әйелдер бір етек бала туғанмен, жалқыдан артық тұрақтамайды. Оның өзі қырық беске толғанда қайтыс болады. Қырық алтыға өткені жоқ.

Көрген қорлығынан үлкен бабамызды қарғаған кезде байдың жасы қырық бесте болса керек. Әулетімізде еркектің жасы қырық бестен аспауының сыры сонда деп ойлаймын. Үлкен бабамыз қырық беске келіп, көз жұмарының алдында үш күн сандырақтап, қиналып жатыпты.

Демі таусылар алдында ғана есін жиып: "Қолмен жасаған қиянатымнан жеті ұрпағым арқалайтын қарғыс алдым. Ұрпағым әр жұмада он адамға садақа жасасын. Әйтпесе, ұрпақсыз өтеді", – дегенді айтып үлгереді.

Мен – бесінші ұрпақпын. Анам он құрсақ көтерді. Ең кенжесі мен ғана тұрақтап қалдым. Әкем марқұм мені мойнына бұршақ салып, әулиелерге түнеп, құдайға жалбарынып жүріп тілеп алыпты.

Әкеме еріп жұма сайын он адамға садақа таратумен есейдім. Қырық бес жастағы әкем көз жұмарының алдында үлкен бабамның өсиетін маған аманаттады. Аманат арқалаудың жөні бар. Қарғыс арқалау – ең үлкен жаза екен.

Қарғыс арқалаған әулет болғандықтан, мектеп қабырғасынан аттап шыға үйленеміз. Өйткені, бала тұрақтап қалуы екіталай. Әулет үзілмесін деген амал. Мені әкем он жетімде үйлендірді.

Автордың тағы бір жазбасын оқи отырыңыз: Үш әке терген бір жеміс

Әйелім алғашында бірінен соң бірін түсік тастаумен болды. Әне-міне деп үміттеніп отырғанымызда түсік тастайды. Түсіктен көз ашпаған азапқа шыдаған әйелім айы-күні жетіп, өмірге жеті құрсақ келтірді.

Әр бала туған сайын үрейден көз ашпаймыз. Жалғыз ұлдан басқасын қара жерге бердім. Әр перзентімді жерге берген сайын он жылыммен қоштасамын. Жалғыз ұл болса да, тұяғым барына шүкір.

Өзімді тоқсанға жеткен қариядай сезінемін. Түсікті есепке алмаған күнде алты баланы жерге берген көз жасым – ғұмырымның алпыс жылына татығаны ғой. Балама: "Адам баласына, тіптен, қыбырлаған құмырсқаға да жамандық жасама, қарғысына қаласың", – деп отырамын.

Кезінде перзентім тұрақтамаған соң, мен де әкем сияқты бұршақ арқалап, әулие түнедім. Көз жасыма жалғыз ұл тұрақтап қалды. Баламның жасы он жетіде. Қазір жасым қырық үште. Екі жылым қалды.

Жанталаса малдың басын құрап, балама жұма сайынғы садақаға шамасы жетерліктей іс қалдырғалы отырмын. Құдай қаласа, менің немереммен жеті буынға кеткен қарғыс тыйылады деп үміттенемін».

Жантүршігерлік оқиғаны естіп, есім танардай үнсіз қалдым. Көз алдымда сұлу бойжеткеннің пәктігінің аяққа тапталуы. Жас жігіттің бейкүнә төгілген қаны. Атадан жалғасқан байлығына өшіккен кедейден қорлық көріп, әйелімен қосақтала итжеккенге айдалған байдың уға көмілген көз жасы.

Кезінде қолға тиген төбелдей билікке тасынған тәкаппарлықтың кесірі бес буынды азаппен буындырумен келеді. Қиянаттың сұрауы бар. Бейкүнә төгілген көз жастың ақыры жалған өмірде өтеусіз қалмасы һақ.

Әулет өтеп жатқан жаза естігенге ес жидырарлықтай ауыр. Тентек судың арбауында бір адам көрсеткен қиянаттан әулеттің бесінші буыны ұрпағы тұрақтамаудың азарын кешіп, баба алған қарғысын өтеумен келеді.

Мейлінше жақсылық жасайық. Жақсылық жасау қолдан келмесе, жеті буынға жетерлік қарғыс арқалататын қиянаттан қашық болайық.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров