Өткен жылдың 26 мамырында елордада "Жол тап" әлеуметтік жобасын іске асырудың кешенді жоспары бекітілді. Қазірге дейін жоба аясында мыңдаған тұрғын жаңа кәсіпті игеріп үлгерді.
Бұл қандай жоба? Оған кімдер қатыса алады? Қатысушылар жұмысты қайдан қарайды? Informburo.kz төмендегі материалда осы сұрақтарға жауап іздейді.
№1. "Жол тап" қандай жоба?
"Жол тап" – елордада былтырдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік жоба. Жобаның мақсаты – халықтың табысын арттыру мүмкіндіктерін таңдауға көмектесу. Оған кез келген адам тегін қатыса алады. Жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
№2. Жобаның аудиториясы
- Жұмыссыз жандар;
- NEET санатындағы тәжірибесі мен білім-білігі жоқ адамдар;
- Табысын арттыруға мүдделі жандар (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, тұрақсыз жұмыспен қамтылғандар).
№3. Қандай мамандықтар оқытылады?
- Сатушы-кассир (50 жасқа дейін);
- Бухгалтерлік есеп негіздері (50 жасқа дейін);
- Тігінші (50 жасқа дейін);
- Бариста (35 жасқа дейін);
- Электр-газбен дәнекерлеуші (40 жасқа дейін);
- Сәнгер-құрастырушы (50 жасқа дейін);
- Корпустық жиһаз жасау негіздері (50 жасқа дейін);
- Аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау (50 жасқа дейін).
Курсқа 18 бен 50 жас аралығындағы Астана тұрғындары ғана жазыла алады.
Оқи отырыңыз: 270.00-форма: Кірістер мен мүлік туралы декларацияны қалай тапсыратынын түсіндіреміз
№4. Қандай цифрлық дағдылар оқытылады?
- SMM (35 жасқа дейін);
- Таргетолог (50 жасқа дейін);
- Бейнемонтаж (35 жасқа дейін);
- Негізгі цифрлық дағдылар (50 жасқа дейін);
- Мобилограф (35 жасқа дейін);
- Графикалық дизайнер (35 жасқа дейін);
- Сайттарды әзірлеу (35 жасқа дейін).
№5. Оқу процесі қалай жүргізіледі?
Сабақтар қажетті заттармен жабдықталған жеке оқу сыныптарында өтеді. Қатысушыларға көп жылдық тәжірибесі бар мамандар сабақ береді. Оқу мерзімі үш күннен бір айға дейін созылады. Қатысушылар оқуды толық аяқтап, емтиханды сәтті тапсырған соң, әрқайсысына сертификат беріледі.
№6. Жобаға қалай жазылуға болады?
"Жол тап" жобасына қатысу үшін байланыс орталығының нөміріне хабарласу қажет. Сонымен қатар, жобаның "Баршаға мүмкіндік" деп аталатын модульдік бекеттеріне барып жазылуға болады.
Тұрғындар қаланың бос жұмыс орындары бар Jumys Tap Telegram-ботын пайдаланып, jumystap.kz платформасында тіркеле алады. Сондай-ақ, олардың шағын бизнес ашуға арналған несие беру бағдарламалары туралы қысқамерзімді курстан өтуге мүмкіндігі бар.
Модульдік бекеттердің мекен-жайы мен жұмыс кестесі төменде:
"Жастар" сарайы | Республика даңғылы, 34 | 10:00-20:00 |
"Тұлпар" сауда орталығы | Уәлиханов көшесі, 24 | 10:00-20:00 |
"Рахмет" сауда үйі | Тілендиев даңғылы, 15 | 10:00-19:00 |
"Встреча" сауда үйі | Абылай хан даңғылы, 31 | 10:00-20:00 |
"Mechta" сауда үйі | Сығанақ көшесі, 3 | 10:00-20:00 |
"Asia Park" сауда орталығы | Қабанбай батыр даңғылы, 21а | 10:00-20:00 |
"Еңбек мобильділігі орталығы" КММ | Бейбітшілік көшесі, 9 | 09:00-18:00 |