2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұған дейін кіру декларациясын тапсырғандар келер жылдан бастап жыл сайын 270.00 нысан – "Кірістер мен мүлік туралы декларацияны" тапсыруға міндетті. 270.00 нысанда нені көрсету қажет? Декларацияны кешіктірсе не тапсырмаса айыппұл салына ма? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
№1. Декларацияны биыл кімдер тапсыруы қажет?
Былтыр "кіру" декларациясын тапсырған мына тұлғалар биылдан бастап жыл сайын 270.00-форманы тапсырады:
- мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары.
Биыл кірістер мен мүлік туралы декларациясын (270.00-нысан) 2021-2023 жылдарда активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00-нысан) тапсырған барлық жеке тұлғалар ұсынады.
№2. Декларацияда қандай мәліметтерді көрсету қажет?
- Есепті күнтізбелік жылда алынған кірістер;
- Салықтық шегерімдер;
- Мүлікті сатып алу және (немесе) есептен шығару фактісі;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік;
- Нотариалды куәландырылған шарт болған кезде дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешек. ҚР Екінші деңгейдегі банктеріне қарыздар көрсетілмейді.
№3. Жеке табыс салығын көрсету қажет пе?
Декларацияда табыстың келесі түрлері бойынша жеке табыс салығын (ЖТС) көрсету және есептеу қажет:
- мүліктік кіріс;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын кірістер;
- салық агентінен алынбаған үй қызметкерлерінің табыстары;
- салық агенттері болып табылмайтын, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерімен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбекшарттары (келісім шарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыскердің кірісі;
- Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдармен, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және қорлармен жасалған еңбек шарттары (келісім шарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыскердің табысы;
- кәсіпқой медиатордың табысын қоспағанда, медиатордың кірісі;
- жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс.
№4. Декларацияда тағы нені көрсету қажет?
Жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияда есепті салық кезеңі ішінде келесі мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді:
- Мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті;
- Мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелер;
- Заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
- Бағалы қағаздар;
- Инвестициялық алтын;
- Туынды қаржы құралдары;
- Тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі.
№5. Декларацияны қалай және қай уақытқа дейін тапсыру қажет?
Электрон түрде 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile қосымшалары арқылы жолдау қажет.
№6. Декларация ұсынбаса не болады?
Декларацияны бірінші рет рет ұсынбағаны үшін ескерту беріледі. Бұл бір жыл ішінде қайталанса, онда 55 380 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады.
Декларация бірінші рет тапсырғанда толық емес немесе анық емес мәліметтер ұсынса, ескерту жасалады. Бұл бір жыл ішінде қайталанса 11 076 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады.
Ал жыл ішінде салық салу объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл, бұл іс-әрекет қайталанса төленбеген салық сомасының 300 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады.
№7. Жыл сайын айыппұл төлеп, декларация тапсырмай-ақ қоюға бола ма?
2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы мұндай жеке тұлғаның:
- жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістері;
- мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі болмауына дәлел болып есептеледі.
Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады.
Сонымен қатар, салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасынан – 200% айыппұл, қайта бұзғаны үшін 300% айыппұл қарастырылған.
№8. Декларацияны кім және қалай тексереді?
Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады. Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғалардың шығыстарына мониторинг келесідей жүргізіледі:
- декларацияның болуы/болмауы тексеріледі;
- декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады;
- одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.
Одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.
№9. Салық органдары шетелдік көздерден түсетін кірістер туралы қалай біледі?
Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алады. Бұл мәліметтер Салық істері жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы конвенция шеңберінде (Страсбург, 1988 жылғы 25 қаңтар) қаржы шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алмасу туралы құзыретті органдардың көпжақты келісіміне (бұдан әрі – CRS) сәйкес келіп түседі.
Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер – БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқалар.
Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады.
№10. Декларацияны түзетуге бола ма?
Азаматтар кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоюға құқылы.
№11. Декларацияда депозитті көрсету міндетті ме?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістер мен мүлік туралы декларациясында көрсетілетін ақпарат тізбесі қысқартылды. Жалақы, депозиттер бойынша сыйақылар, зейнетақы төлемдері секілді төлем көзінен салық салынатын кірістерді және Қазақстанда тіркелген мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару немесе өтеусіз алу туралы ақпаратты көрсету қажет емес.
Десе де "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңында көрсетілген жеке тұлғалар мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті:
- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары;
- лауазымды адамдар мен олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары.