Тікелей эфир

"Елорда жастары" 30 мамырда басталады. Ипотеканы қалай алуға болады?

Бағдарламаға қатысушылардың жасы 35-тен аспауға тиіс.

30 мамырда "Елорда жастары" жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Өтінімдер 6 маусым күні сағат 23.59-ға дейін qatysu.zhilfond.kz порталында электронды түрде қабылданады. Бағдарламаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі 1,5 млрд теңге, Отбасы банк 1,5 млрд теңге бөліп отыр. Биыл бағдарлама арқылы 35 жасқа дейінгі 200 адам баспаналы бола алады. 

Осы орайда Информбюро "Елорда жастары" бағдарламасына қатысу шарттарын түсіндіреді. 

№1. Негізгі шарттары қандай?

  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • Несиені қайтару мерзімі – 25 жылға дейін.
  • Жаңа және екінші нарықтағы баспананы алу мүмкіндігі.

№2. Кімдер қатыса алады?

Техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда келесі сала қызметкерлері қатыса алады:

  • мұғалімдер;
  • дәрігерлер;
  • ЖОО және ҒЗИ оқытушылары мен қызметкерлері;
  • журналистер;
  • мәдениет саласының қызметкерлері;
  • спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;
  • әлеуметтік қызметкерлер;
  • коммуналдық сала қызметкерлері;
  • полиция департаменті қызметкерлері;
  • төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері;
  • тұрғын үй кезегінде тұрған жетім балалар.

№3. Қатысушыларға қандай талаптар қойылады?

  • Қазақстан азаматы;
  • Өтінім берген сәтте қатысушының жасы 35-ке толмауға тиіс;
  • Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады; 
  • Қатысушы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Астанада соңғы 1 жылдан кем емес тұрақты тіркеуі болуы қажет;
  • Үміткердің Отбасы банкіндегі шотында қарыздың ең жоғары сомасының кемінде 10% (1,8 млн теңге) мөлшерінде бастапқы жарна сомасы болуы;
  • Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет;
  • Қатысушының соңғы бір жыл ішінде Асттанада таңдалған саласында ресми жұмыс өтілу болуға тиіс;
  • Отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 еселенген сомасынан (243 402 теңге қолға) аспауға тиіс (зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).

№4. Бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

  • Бала тууы, қайтыс болуы, неке қию немесе бұзу туралы куәлік;
  • Өтініш беруші мен барлық отбасы мүшелесінің жылжымайтын мүлкі жоқ (бар) екені туралы анықтама;
  • Жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан берілген анықтама;
  • Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар (қызметтік тізім, еңбек кітапшасы және т. б.);
  • Еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
  • Өтініш берушінің немесе оның отбасы мүшелерінің мүгедектігі туралы анықтама (бар болса);
  • БАҚ-ты есепке қою туралы куәлік (журналистерге қатысты талап);
  • Депозитте жинақталған соманы көрсете отырып, Отбасы банкте депозиттік шоттың болуы туралы анықтама (жинақталған сома 1,8 млн теңгеден кем болмауға тиіс);
  • Ерлі-зайыптылардың соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама;
  • Жоғары немесе орта арнаулы білімі туралы құжат;
  • "Отбасы банкте" депозиттік шоттың болуы туралы анықтама;
  • Өтініш берушінің соңғы 6 айдың бірінде еңбекке жарамсыздық, демалыс және басқа да себептерден табысы болмаса, демалыс туралы бұйрық немесе еңбекке жарамсыздық парағын ұсынуы қажет.

№5. Қатысушылар қалай іріктеледі? 

Өтінім берген үмітеркерлердің құжаттары толық болса, онда жинаған ұпайлары арқылы іріктеледі:

  • толық 1 жыл жұмыс өтілі – 5 балл, толық емес жыл үшін – 3 балл;
  • отбасында 1, 2, 3 топтағы мүгедектер мен мүгедек балалардың болуы – әр балаға 10 балл;
  • Астанада "Жетім балалар" санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар – 5 ұпай.

Жоғары ұпай жинаған қатысушылар тізімде бірінші орналасады. Бірдей ұпай жинаған жағдайда жасы бойынша үлкенірек қатысушыға басымдық беріледі.

№6. Жолдама берілгенін қалай білуге болады?

Келіп түскен барлық өтінім 30 жұмыс күні ішінде тексеріледі. Содан кейін қатысушының ұялы телефонына өтінім мәртебесі жазылған хабарлама жіберіледі. Жолдама электронды поштаға келіп түседі. 10 күн ішінде жолдаманы Отбасы банкктің кез келген қызмет көрсету орталығына апарып, төлем қабілеттілігін бағалаудан өту қажет. Осы уақыт ішінде банкке жүгінбесе немесе банк рәсімінен өтпеген жағдайда жолдама тізімдегі келесі қатысушыға беріледі. 

Банк біліктілігін өткеннен кейін хабарлама алған күннен, 60 күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді таңдап, құжаттарды "Отбасы банкке" ұсынуға міндетті. Қатысушы белгіленген мерзімде баспана ала алмаса келесі қатысушыға жолдама береді.

№7. Төлем қабілеттілігін бағалау үшін қандай құжаттар қажет?

  • Клиенттің және клиенттің жұбайының жеке басын куәландыратын құжат;
  • Некеге тұру (бұзу) туралы, қайтыс болу туралы куәлік;
  • ЖАО-дан жолдама;

Қарыз алушының/қосалқы қарыз алушының қосымша құжаттары:

  • Зейнетақы аударымдарынан босатылған адамдардың табыстары расталса: барлық ұстап қалуларды көрсете отырып, жалақы туралы анықтама (соңғы 7-13 ай үшін);
  • Зейнеткерлер табыстарын растаса: зейнетақы кітапшасы немесе зейнетақы куәлігі, зейнетақы мөлшері туралы екінші деңгейлі банктердегі карта шотынан үзінді көшірме немесе зейнетақы мөлшері туралы анықтама;
  • Стипендия алушылар табыстарын растаса: оқу орнынан алты айлық кезең үшін стипендияның ай сайынғы төлемдері туралы немесе стипендияны алушыға тағайындалған мөлшері жазылған анықтама;
  • Тұрғын үй төлемдерін алушылар табыстарын растаса: қарыз алуға өтініш берген күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша соңғы 6 айдағы тұрғын үй төлемдері туралы деректерді қамтитын қызмет орнынан анықтама;
  • Жеке кәсіпкерлер табыстарын растаса: жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу туралы куәлік не жеке кәсіпкер ретінде қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама не кәсіпкер ретінде есепке қойылғанын растайтын құжат не қызметті кәсіпкер ретінде есепке қойылған күнін растайтын анықтама/талон беріледі.

Банк қосымша құжаттар талап ете алады.

№8. Сатып алатын тұрғын үйге қандай талаптар қойылады?

Астана қаласында бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Ол не пайдалануға берілген, не салынып жатқан үй болса  "ҚТК" АҚ (бұрынғы ТҚКҚ) кепілдігі бар пайдалануға берілген не үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан бастапқы тұрғын үйден ала алады. Тұрғын үй құрылысына қойылатын жалпы талаптарға, белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық, техникалық және басқа да міндетті талаптарға сәйкес келуі керек.

№9. Жоғары немесе орта арнаулы білім міндетті ме?

Денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлерінде тиісті жоғары немесе орта білім болуы тиіс. Мысалы, егер мұғалім балабақшада педагогикалық білімсіз жұмыс істесе, ол осы бағдарламаға қатыса алмайды. Қызметтің басқа салалары үшін тиісті жоғары білімнің болуы міндетті емес.

Cондай-ақ, бұл бағдарламаға декреттік демалыстағы үміткерлер қатыса алмайды. Тек ресми түрде жұмысқа орналасқан жастар қатыса алады.


Оқи отырыңыз: Табысы төмен қазақстандықтар қалай баспаналы бола алады?


№10. Ерлі-зайыптының екеуінде де депозитінде 1,8 млн теңге болуы қажет пе?

Жоқ, қажет емес. Ерлі-зайыптыларда бөлек депозит болса, онда екі депозиттің жалпы сомасы ескеріледі. Мысалы, әйелінде депозитте 1 млн теңге, ал күйеуінде 800 мың теңге болса, онда жалпы сомасы 1,8 млн теңге деп есептеледі. Құжат тапсырғанда Отбасы банкінде шоттың болуы туралы екі бөлек анықтама ұсына аласыз. Оларды кейінірек біріктіруге болады. 

Сұрақтарыңыз болса келесі нөмірлерге хабаралсыңыз:

  • Тұрғын үй орталығы – Астана қаласы, Республика даңғылы, 32;
  • 8 771-396-29-95 (WhatsApp) – "Елорда Жастары" бағдарламасы бойынша кеңес алу үшін;
  • 109 (ұялы телефондар үшін) - iKomek;
  • 300 (ұялы телефондар үшін) - "Отбасы банк" АҚ.
Серіктестер жаңалықтары