Тікелей эфир

АЕК, ЕТЖ және ең төменгі күнкөріс деңгейі артады. 2022 жылы әлеуметтік төлемдер қалай өзгереді?

Ашық үкімет порталында 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы жобасы жаияланды.

Құжатқа сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері және ең төменгі зейнетақының көлемі өзгереді.

  1. жалақының ең төмен мөлшерi – 60 мың теңге (ескерту: жобада 42 500 теңге деп көрсетілген, алайда президент 1 қыркүйектегі жолдауында жалақының ең төмен мөлшерi артатынын мәлімдеді);
  2. мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 19 450 теңге;
  3. зейнетақының ең төмен мөлшерi – 46 302 теңге;
  4. жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңге;
  5. базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 36 018 теңге.

Оқи отырыңыз: 2022 жылы республикалық бюджеттің үштен біріне жуығы ел өңірлерін дамытуға бөлінеді


АЕК 5 пайыз артады

2022 жылы АЕК-ті әдеттегідей 5 пайызға өсіру жоспарланып отыр. Яғни, қазір ол 2 917 теңге болса, 2022 жылдан бастап, егер заң қабылданса, 3063 теңгеге болады. Демек  өсім оған байланысты төлемдерде де болмақ.

Балалар жәрдемақысы айлық есептік көрсеткішпен байланысты. Мысалы, алғашқы үш баланың туылуына байланысты мемлекеттік төлем 38 АЕК, қазіргі уақытта 110 846 теңге, ал 2022 жылдан бастап оның мөлшері 116 394 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Сондай-ақ, бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы артады:

  • Бірінші балаға жұмыс істемейтін ана 5,76 АЕК алады. 2021 жылдың сәуірінен бастап ол 16 802 теңге еді, ал 2022 жылдан бастап 17 642 теңге болады.
  • Екінші балаға 6,81 АЕК тағайындалады. Қазіргі уақытта ол 19 865 теңге, ал жаңа жылдан бастап 20 859 теңгеге жетеді.
  • Үшінші балаға 7,85 АЕК, 22 899 теңге еді, жаңа жылдан бастап 24 044 теңге болады.
  • Төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін - 8,9 АЕК немесе айына 25 962 теңге болса, 2022 жылдан бастап бұл төлем 27 260 теңгеге дейін өседі.

Жұмыс істейтін аналар үшін ештеңе өзгермейді, өйткені бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер әйелдің орташа жалақысына байланысты. Ең жоғары жалақы елде белгіленген жеті ең төменгі жалақыға тең. Ал ең төменгі жалақы өзгерген жоқ – 42 500 теңге.


Оқи отырыңыз: Мемлекеттен – 2,5 млн теңгеге дейін. Ана мен балаға берілетін әлеуметтік көмектер қандай?


Айыппұл, салық, және өзге бюджеттік төлемдер

Мемлекеттік қызметтерді пайдаланған жағдайда төлеуге тиіс сомалар да айлық есептік көрсеткішпен анықталады.

Мысалы, сағатына 10-20 шақырым жылдамдықты асырып жүргені үшін айыппұл 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалайсыз.Ол биыл 14 585 теңгеге , ал 2022 жылдан бастап айыппұл 15 315 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Жылдамдығын сағатына 40 шақырымға дейін немесе одан жоғары асырғаны үшін салынатын айыппұл (20 АЕК ) 58 340-тан 61 260 теңгеге артады.

Келер жылдан бастап Қазақстанда АЕК-пен бірге көлік салығы мен міндетті сақтандыру полисінің бағасы да өседі.

Ал төлқұжат алу үшін төленетін мемлекеттік баж 8 АЕК-ке тең.  Қазір бұл 23 336 теңге, ал келер жылдан бастап 24 504 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін де 5 пайызға арттыру жоспарлануда. Егер 2021 жылы ол 34 302 теңгені болса, Келер жылы көрсеткіштер мөлшері қабылданған жағдайда 36 018 теңгеге дейін артады. Осыған байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты төлемдер де өсуі мүмкін.

Мысалы, асырауындағы екі адам үшін асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 1,49 ТК немесе 51 109,98 теңгені болса, ал 2022 жылы бұл төлем 53 666,82 теңгеге дейін артуы мүмкін.


Оқи отырыңыз: Маңғыстауда ең төмен күнкөріс деңгейі 44 мың теңгеге жетіп, республикадағы орташа көрсеткіштен 14,3% асып түсті 


Зейнетақы төлемдері

Зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі де мемлекеттік бюджеттен төленетін ең төменгі базалық зейнетақымен тығыз байланысты, атап айтқанда, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. 2021 жылы бұл 18 524 теңге. Ал 2022 жылы ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты 5 пайызға артып, 19 450 теңге болады деп жоспарлануда.

Бұл ретте базалық құрамдас бөлікпен бірге 1998 жылға дейін ерлер үшін 25 жыл және әйелдер үшін 20 жыл жұмыс өтілі бар қазақстандықтар толық көлемде алатын ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері 7 пайызға өседі деп жоспарлануда. Егер 2021 жылы ең төменгі зейнетақы 43 272 теңгеге тең болса, 2022 жылы ол 46 302 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі де Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемдеріне ықпал етеді. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы. Қазіргі уақытта бұл 24 012 теңге, ал 2022 жылдан бастап 25 213 теңге болады деп жоспарлануда.

Ең төменгі жалақы

2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге көбейеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты. 

Мемлекет басшысы айтып өткендей,  бүгінде республикадағы ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарау қажеттігі туындаған. Оның айтуынша, бұл бір жағынан –  ең маңызды макроиндикатор болса, екінші жағынан, елдің  түсінікті көрсеткіш. 

Бұл бастама 1 миллионнан астам адамды қамтиды. Жанама түрде барлық жұмысшының  айлығына өз әсерін тигізіп, жалақы көлемін де азайтуға мүмкіндік береді.

Елімізде жалдамалы қызметкерлердің ең төменгі еңбекақысы осы көрсеткішке байланысты. Сондай-ақ, ЕТЖ есебінен Қазақстандықтардың жалақысының салық салынатын бөлігі және әлеуметтік аударымдар жүргізілетін табыстың ең жоғары мөлшері реттеледі. Нәтижесінде, әлеуметтік төлемдер жеті ең төменгі жалақыдан немесе ағымдағы жылы 297 500 теңгеден аспайды. Келер жылы бұл сумма 420 мың болады.


Жоба қабылданғаннан кейін жаңа бекітілген көрсеткіштер 2022 жылдан бастап қолданылуы тиіс.

Серіктестер жаңалықтары