Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерді қалай жалға алуға болады? Мемлекеттен баспана алуға кімнің құқығы бар? Қандай баспана беріледі? Информбюро порталы Krisha.kz материалына сүйене отырып түсіндіреді.
№1. Әкімдікте кезекте тұрғандардың сатып алу құқығынсыз жалға алуы
Кімдер қатыса алады:
- ҰОС ардагерлері;
- жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- табысын отбасы мүшелеріне шаққанда бір адамға 125,8 мың теңгеден аспайтын көп балалы аналар және көп балалы отбасылар (биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (40 567 теңге) 3,1-іне балама);
- жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, I, II топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер, қандастар, толық емес отбасылар және халықтың тағы басқа әлеуметтік жағынан осал топтары;
- мемлекеттік қызметшілер, бюджет қызметкерлері, әскерилер, ғарышкерлер және тағы басқа;
- жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған ҚР азаматтары.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
- соңғы 5 жылда жеке баспанасының болмауы;
- әкімдікте кезекте тұру;
- тиісті елді мекенде тұрақты тұратын, ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында – кемінде 3 жыл тұру керек.
Пәтерді тек өзіңіз кезекте тұрған аймақтан ғана ала аласыз. Бағдарламаның негізгі кемшілігі – кезек ұзақ жылдарға созылуы мүмкін.
Пәтерді ай сайынғы жалдау ақысы – 5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін. Төлем мөлшерін әкімдік белгілейді. Коммуналдық және шаруашылық қызметтердің ақысы қосымша төленеді.
Жалға алу мерзімі – 5 жыл, алайда бес жылдан кейін жалдау мерзімін ұзартуға болады.
Өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыруларды қалалар мен аудандардың тұрғын үй басқармасы жасайды.
Бағдарлама туралы толығырақ мына жерден оқыңыз.
№2. Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға беру
Бұған тек Астана, Алматы, Шымкент қаласындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Астана, Алматы және Шымкент қалаларында соңғы 2 жылдан кем емес тұрақты тіркелу;
- өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің апатты тұрғын үйді қоспағанда, соңғы 2 жыл ішінде жеке баспанасы болмауы;
- аяқталған орта, орта арнаулы, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім;
- ресми жұмыс;
- өтініш берушінің соңғы 6 айдағы табысы кемінде 40 АЕК (138 мың теңге) болуы керек.
Жыл сайын бағдарламаға 1 мың жаңа пәтер беріледі. Пәтерді үлестіру кезінде жұмысшы мамандығына сұраныс, депозиттегі жинағы, отбасы, бала-шағасы, біліміна қарай жинаған ұпай саны ескеріледі.
Пәтерді ай сайынғы жалдау ақысы – 5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін.
Жалдау мерзімі – 5 жыл. Бес жылдан кейін пәтерді босату керек. Осы уақыт ішінде пәтер сатып алу үшін бастапқы жарнаны жинақтау ұсынылады.
Бағдарлама 2025 жылға дейін жұмыс істейді. Өтінім беру мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Айта кетейік, бағдарламаның шарттары өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда:
- қатысушылардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту;
- баспанасыз болу мерзімін 5 жылға дейін ұлғайту;
- тұрғылықты жері бойынша тіркеу мерзімін 3 жылға дейін ұлғайту көзделген.
Өзгерістерді мемлекеттік органдар қарастырып жатыр.
Бағдарлама туралы толығырақ мына жерден оқыңыз.
Оқи отырыңыз:
- Пәтерді жалға аларда не білу керек? Маңызды 9 сұраққа жауап
- 35 жасқа дейінгі жұмысшылар қалай арзан пәтер жалдай алады? 7 сұраққа жауап
- Пәтерді жалға берушілер мемлекетке қанша салық төлейді?
№3. Субсидияланған жалдау ақысы
Пәтерді жалдау ақысының 50 пайызын – мемлекет, 50 пайызын жалға алушы азамат төлейді. Бағдарлама Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды. Биыл кезекте тұрған 70 мың адамға 50 млрд теңге субсидия бөлінеді.
Бағдарламаға тек төрт санатқа жататын адамдар қатыса алады:
- I және II топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетімдер;
- көп балалы отбасылар.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
- тұрғын үй кезегіне тұру және көрсетілген санаттардың біріне жату;
- соңғы 6 айдағы табыс отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Ол 2023 жылы 40 567 теңгені құрайды.
Мысалы, үш адамнан тұратын отбасының жалпы табысы 121,7 мың теңгеден аспауы керек.
Субсидиялау шарттары:
1 шаршы метрді жалға алу бағасы белгілі бір шектен аспауы керек. Ол үшін 1 АЕК-ті (2023 жылы 1 АЕК – 3450 теңге) қаланың, облыстың коэффициентіне бөлу керек.
Мысалы, Астана мен Алматы қалаларының коэффициенті – 1,11-ге бөлінген. Сонда 3 450 теңгені 1,11-ге бөлсек, 3 108 теңге шығады. Яғни, Астана мен Алматыда жалға алынатын пәтердің 1 шаршы метрінің бағасы 3108 теңгеден аспауы керек.
Басқа қалалардағы бағалар мен коэффициенттерді мына жерден табуға болады.
Тұрғын үй көлеміне қатысты талаптар:
- 1-3 адамы бар отбасы ауданы – 40 шаршы метрден аспайтын;
- 4-5 адамы бар отбасы ауданы – 60 шаршы метрден аспайтын;
- 6 немесе одан да көп адамы бар отбасы – 80 шаршы метрден аспайтын тұрғын үйді жалға ала алады.
- Талапта көрсетілгенінен үлкенірек аумақты пәтерді жалға алуға болады, бірақ бағадағы айырмашылықты жалға алушы өзі төлейді.
Мысалы, Астана мен Алматыда үш адамнан тұратын отбасы 40 шаршы метрлік пәтерді 124 мың теңге көлемінде жалға ала алады. Оның 62 мың теңгесін (50%) мемлекет төлесе, екінші жартысын жалға алушы өзі төлеуі тиіс.
Баспананы жалға алушы өзі іздеп табады. Алайда оны жақын туыстардан, бұрынғы жұбайлардан, олардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайтадан жалға беруге болмайды.
Өтінішті otbasybank.kz платформасында кез келген уақытта беруге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет.
- Платформа автоматты түрде тұрғын үйдің ауданын, субсидиялаудың максималды мөлшерін анықтайды, сондай-ақ келісім-шарт жасайды, содан кейін меншік иесі мен жалға алушы ЭЦҚ арқылы оған қол қояды.
- Субсидия жалға алушының шотында жалға алу құнының 50 пайызы болған жағдайда ғана алынады.
№4. Сатып алу құқығымен жалға беру
Қазір бұл бағдарлама тек Астана қаласында ғана қолжетімді. Оны "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ қадағалайды.
Оған әкімдікте кезекте тұрған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, полиция, төтенше жағдайлар және тағы басқа салаларда жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Әлеуетті қатысушылардың тізімін тиісті министрліктер мен әкімдіктер жасайды. Олар өңірдің қажеттілігі мен тұрғын үйдің бар-жоғына қарай анықтайды.
Сатып алумен жалға беру шарттары:
- бастапқы жарнасыз;
- 1 шаршы метрді жалға алу құны — айына 1455 теңге;
- сатып алу құқығымен жалға алудың ең ұзақ мерзімі – 20 жыл.
Бұл ретте Қазақстанда қазіргі уақытта сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға берудің бірыңғай тетігі әзірленіп жатыр.
Толығырақ мына жерден оқи аласыз.