Тікелей эфир

Тоқаев Үндістанға Covid-19 эпидахуалының нашарлауына байланысты гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Үндістанға 6 млн маска, 400 мың респиратор, 50 мың обаға қарсы костюм, 105 өкпені жасанды желдету аппараты жіберіледі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Ақорда сайты.

Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндады.

"Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын айтты. Ол Covid-19 індетінің таралу қарқыны бойынша Қазақстанның "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа өткенін атап өтті. Азаматтарды вакциналау қарқыны артып келеді. 1 миллион 565 мың адамға бірінші компонент салынса, 460 мың адамға екінші компонент егілген. 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында тәуліктік вакцина салу қарқыны 12,6 есе өскен. Кеше Қазақстанда 140 мыңға жуық адам вакцина салдырған", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар коронавирусқа қарсы қандай вакцинаны салдырғанды жөн көреді? 


Премьер-министр Президентке бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Ол қызмет көрсету саласында "Ashyq" қосымшасын пайдалану белсенді түрде артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта жүйе үш мыңнан астам бизнес субъектілерін және елдің 720 мың тұрғынын қамтиды.

"Үндістандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке аталған елге 6 миллион медициналық маска, 400 мың респиратор, 50 мың обаға қарсы арнайы киім және елімізде өндірілген 105 жасанды жолмен дем беру аппараттарын гуманитарлық көмек ретінде жіберуді тапсырды", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Үндістанда коронавирустан қаза тапқандар саны 200 мыңнан асты


Премьер-министр сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың және нәтижелі жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері, азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі шараларды іске асыру туралы баяндады. Монополияға қарсы шаралар шеңберінде Үкімет бизнес субъектілерінің арасындағы бағаға сөз байласуға жол бермеу жөнінде жұмыс жүргізуде.

"Негізгі 29 азық-түлік тауарының 23-і бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі қамтамасыз етілгенін, қалған түрлері бойынша нарықтың ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу көрсеткіші 80 пайыздан төмен екенін атап өтті. Ұлттық экономиканың өзін-өзі қамту шаралары шеңберінде биыл 35 сүт-тауар фермасы, 2200 гектар бақ, үш ет комбинаты, бес құс фабрикасы, балық өндіретін төрт шаруашылық іске қосылады", – деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар азық-түлікті тұрақтандыру қорлары құрылды, айналымға қажетті қаражат бөлінді, оларға азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ету үшін алдын ала сатып алу жүзеге асырылды.

Кездесу соңында Президент халыққа вакцина салу жұмысының қарқынын төмендетпеуді, азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауды тапсырды. Мемлекет басшысы өте қысқа уақытта коронавирусқа қарсы вакцина жасап, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеген қазақстандық мамандардың еңбегін оң бағалады.

Серіктестер жаңалықтары