Үндістанда эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. Мәйіттерді өртеуге автотұрақтардан орындар бөлінді. Коронавирустан қаза тапқандар саны 200 мыңнан асқан Үндістанға күллі әлем көз тікті. Соңғы тәулікте елде тағы 3 293 адам көз жұмды, коронавирус жұқтырған 360 мың адам анықталды. Бұл туралы BBC әлемнің әр түкпіріндегі эпидемиологиялық жағдай туралы шолуында жазды.
Алайда сарапшылардың пайымдауынша, шын мәнінде қайтыс болғандар мен инфекция жұқтырғандар саны бұдан да көп, өйткені 1,3 миллиард халқы бар және әкімшілік ресурстары шектеулі елде нақты статистиканы жүргізу мүмкін емес.
Крематорийлер үшін қалалық автотұрақтарды бөле бастады. Халықаралық қоғамдастық Нарендра Моди бастаған Үндістан үкіметін жеткіліксіз қатаң шектеу шаралары үшін сынға алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 300 мыңнан асты
Мәселен, Үндістанда наурыз айында 150 миллионға жуық қажының басын қосқан ең үлкен діни мереке – Кумбха Меланы өткізуге тыйым салынбаған. Елдегі эпидемиялық ахуал қорқынышты болса да, фестивальдің соңғы күнінде де мерекені тойлауға 25 мыңға жуық адам қатысқан.
Үндістан үкіметі ең көп зардап шеккен 150 аймаққа локдаун енгізуді талқылап жатыр. Сондай-ақ, елде әлемдегі ең ірі вакциналау науқанын бастады. Маусымға дейін билік 250 миллион адамға вакцина егіледі деп күтеді, бірақ осы уақытқа дейін вакцинаның екі дозасын халықтың 1,6%-ы ғана алған. Ең ірі дәрі-дәрмек өндіруші ел болғанына қарамастан билік дәрі тапшылығы туралы мәлімдеді.
Ұлыбритания, Ирландия, Германия, Сингапур және Австралия Үндістанға гуманитарлық көмек жіберді, оның ішінде респираторлар, жасанды тыныс алу аппараттары, концентрацияланған оттегі қорлары мен жеке қорғану құралдары бар. АҚШ Үндістанға миллиондаған доза AstraZeneca вакцинасын сатып алуға дайын екенін мәлімдеді.
Біршама елде жағдай жақсарып келе жатқанына қарамастан, әлемде жалпы өлім-жітім саны артты. Джонс Хопкинс Университетінің мәліметтері бойынша инфекция жұқтырғандар саны 149 миллионға жақындаса, 3 миллионнан астам адам қайтыс болды.