Тікелей эфир

Еліміздегі тегін медициналық тексеру. Ақысыз емделудің жолы қандай?

Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ақысыз емделуге болады.

ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтерді ел азаматтары, оралмандар мен Қазақстанда тұруға рұқсаты бар шетелдіктер пайдалана алады. 2020 жылдан бастап тегін медициналық қызметті ел аумағында тұрақты тұратын, бірақ азаматтығы жоқ адамдар да пайдалануға құқылы. Оған алғашқы көмек, жедел және шұғыл жәрдем, диагностика, бірқатар ауруларды емдеу, дәрі-дәрмекпен қамту кіреді.

Емхана таңдау

Ең алдымен базалық медициналық қызмет көрсететін емхананы таңдаңыз. Емхана сіздің уақытша немесе тұрақты тұратын жеріңізге жақын маңда орналасуы тиіс. Сіз емхананы ғана емес, жалпы практика дәрігерін, учаскелік терапевт пен учаскелік педиатрды да таңдай аласыз.

Емханалар тізімі Медициналық сақтандыру қорының сайтында жарияланған.

Емханаға тіркелудің үш жолы бар:

  1. Жеке басты куәландыратын құжатты (жеке куәлік немесе төлқұжат) алып, емханадағы тіркеу орнына барып, өтініш жазу  қажет.
  2. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш жазу. Тіркелу үшін жеке басты куәландыратын құжат болуға тиіс (жеке куәлік немесе төлқұжат). Өтініш бір жұмыс күнінде өңделеді.
  3. Egov.kz сайтына кіріп, поликлиникаға тіркелуге өтініш қалдырасыз. Ол үшін сайттың басты бетіндегі "Денсаулық сақтау" бөлімін таңдайсыз. "Медициналық көмек" бөлімі ашылады. Сол жерден "Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметін басыңыз. "Онлайн сұрау" қызметіне тапсырыс беріңіз. Өтініш беру қадамдары шығады, оған өз дерегіңізді енгізесіз. Сосын "Сұраныс өңделуде" мәртебесі шығады. Өтініш бір жұмыс күнінде өңделеді.

Емханадағы қай терапевтіге тіркелетініңзді тіркеу бөліміне хабарласып білуіңізге болады. 

Қабылдауға жазылу және ЖПД, учаскелік терапевт немесе педиатрдың кеңесі – кез-келген адамға тегін көрсетілетін нгізгі медициналық қызметтердің бірі.

 


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың электронды денсаулық паспорты eGov порталында. Жүйе қалай жұмыс істейді?


Учаскелік дәрігер мынадай жағдайда үйге барады:

  • Шақыру кезінде дене температурасы 38 градусқа дейін көтерілсе;
  • Пациенттің жағдайы бір қалыпты бола тұра, қан қысымы жоғарыласа;
  • Медициналық көмекті және үйде кеңес беруді талап ететін жарақаттар. 

Учаскелік дәрігер мынадай жағдайда үйдегі шақыртуларға барады:

  • Айналасындағыларға қауіп төндіретін жай-күй (жұқпалы ауруға шалдыққан науқастармен қарым-қатынас жасау. Пациент денесінің бөртуі);
  • Инкубациялық кезең аяқталғанға дейін пайда болған инфекциялық аурулар);
  • Екпе алғаннан кейін денсаулығының нашарлауы;
  • Шақыруға барған кезде БМСК тіркеушісі, үйде қызмет көрсеткен учаскелік медбике немесе фельдшер дәрігер қарауы қажет деп қорытынды шығарған жағдайда.

 

Дәрігерлер пациент үйге шақырған күні жұмыс уақытында баруға міндетті. Төртінші санаттағы жедел медициналық жәрдем шақырудан басқа, денсаулығына байланысты қабылдауға келе алмайтын пациенттер дәрігерді үйге шақыра алады.

Дәрігерді жұмыс күні аяқталмастан кемінде 2 сағат бұрын шақыруға болады. Әйтпесе ол сізге қызмет көрсетіп үлгермейді. 

Үйде қызмет көрсету туралы өтініш түскеннен кейін 2 сағат ішінде учаскелік медбике пациентке телефон шалып, алдын ала кеңес береді. Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырады

Біле жүріңіз:

  • Егер тіркелген емхананы ауыстырғыңыз келсе, бұрынғы МСАК көрсететін мекеме сізді тіркеуден автоматты түрде шығарып тастайды.
  • Егер сіз еркін таңдау құқығын пайдаланбасаңыз, жаппай тіркеу кезінде сіз автоматты түрде алдыңғы жылдары емделген емханаға тіркелесіз.
  • Егер сіз емханаға алғаш рет жүгінген болсаңыз, онда тіркеу орнында амбулаторлық карта, баланың даму картасы немесе электрондық денсаулық паспорты рәсімделеді. Есепке алу кезінде толтырылған құжаттар қағаз және электронды түрде емханада сақталады. 

Емханаға тіркелу тәртібі

  • Емханаға бір қала, аудан орталығы немесе сіз тұратын шаһарда ғана тіркелуге болады.
  • Тіркелген емханада дәрігерді де таңдауға болады. Бірақ таңдау барысында учаскеде тіркелген адамдардың саны есепке алынатынын ұмытпаңыз.
  • Балаларды емханаға заңды өкілдері ғана тіркей алады.

Медициналық тексерудің екі түрі бар:  

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы кодексі  86-бабы бойынша, медицина тексеруінен өтудің міндетті және профилактикалық деген екі түрі бар.

Міндетті медициналық қарап-тексерулер алдын ала, мерзімді, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) болып бөлінеді.

  • Алдын ала міндетті медицина тексеруі жұмысқа орналасарда, оқуға түсерде адамның кәсіпті қаншалық атқара алатынын немесе оқуға қаншалық жарамды екенін анықтау үшін өтіледі. Кәсіпке қатысты аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.
  • Мерзімді міндетті медициналық қарап-тексеру жұмыс істейтіндердің денсаулығын бақылау үшін өтіледі.
  • Ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медицина қарауы жеке тұлғаның еңбекке уақытша жарамсыз/жарамды екенін, оның ішінде алкогольді, есірткіні немесе басқа да мастықты анықтау үшін жүргізіледі.
  • Ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) медицина қарауы жұмыс ортасында немесе аяқталған соң қызметкердің денсаулығын бақылау үшін керек.

Профилактикалық медицина тексеруінен кімдер өтеді?

  1. Мектеп жасына дейінгі балалар:
  • бала 1 жасқа дейін ай сайын салмағы, бас көлемі өлшенеді, рефлексі тексеріледі;
  • 3 және 5 айлығында вакцина салынады;
  • 2 жастан бастап офтальмолог (көз дәрігері) пен неврапотолог, лорға қаралу қосылады;
  • 4 жастан бастап окулиске тексерілу қосылады;
  • 5-6 жаста баланы эндокринолог та қарайды. Ол баланың қант диабетіне, семіздікке шалдықпауының алдын алады, бала өспесе, себебін анықтайды және тағы басқа қызмет көрсетеді.
  • 7-8 жаста баланы урологқа көрсетуге болады. Оны балалар гинекологы қарауы қажет. Баланың анасы міндетті түрде жанында болуға тиіс.
  1. Мектеп жасындағы балалар;техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі студенттер;
  2. Жоғары білім беру ұйымдарының білім алушылары (бакалавр, магистратура, докторантура студенттері;
  3. Халықтың белгілі бір тобы (созылмалы аурулары бар азаматтар).

Профилактикалық медицина тексеруінен өту – тегін. Оны мемлекет Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен төлейді. 


Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі


Медицина тексеруінен қалай тегін өтуге болады?

Емхана өзіне тіркелген азаматтарды тексерілетін ауру түрі мен жасына байланысты жылына, 2 жылда, 3 жылда бір рет тексеруден өтуге шақырады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы кез келген азаматы өз бетімен медицина тексеруінен өте алады. Тегін болуы үшін өзі тіркелген аурухандан өтуі керек. Азаматтың тексерілуге кететін ақысы Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және Медициналық сақтандыру есебінен төленеді.


Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікті емдеу қиын, алдын алу оңай. Скринингтен кімдер және қандай жиілікпен өтуі тиіс?


Қандай скрининг тексерулер бар?

Скринингтік тексерулер де кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізіледі.

  • әйелдер – 30-70 жас - сүт безі қатерлі ісігі; жатыр мойны ісігі;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – жүрек-қан тамыры аурулары;
  • ерлер – 40-70 жас – қуықасты безі қатерлі ісігі;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – глаукома (суқараңғы) ауруы;
  • ерлер және әйелдер – 40-70 жас – қант диабеті.

Мектеп жасына дейінгі балаларды, оқушыларды және орта арнайы және жоғары оқу орындарындағы 18 жасқа дейінгі балаларды скринингтік тексерулерді емхана мамандарды балабақшаларда және мектептерде жүргізіледі.


Оқи отырыңыз: "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары