Қазақстанда сәби сүйе алмай жүрген жас отбасылардың саны жыл санап өсіп келеді. Дәл осы себеппен ажырасып жатқандардың да үлесі артқан. Дәрігерлер бедеулікке әкелетін бірнеше фактор барын (олар туралы осы материалдан оқи аласыздар) айтады. Олардың қай-қайсысы да – дер уақытында алдын алмаса, асқынып кететін ауру түрлері. Бұл орайда іnformburo.kz тілшісі "Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма?" деген сауалға жауап іздеп көрді.
Шетел тәжірибесі қандай?
Бүгінде әлемнің бірқатар елі жастарды некеге тұрар алдында толық денсаулық тексеруінен өтуге заң жүзінде міндеттейді. Отау құрғысы келетін екі жас дәрігерге қаралып, қандай да бір сырқатының бар-жоғын анықтайтын анализдер тапсыруы тиіс. Әр елде талап әртүрлі, тиісінше, тексерілетін сырқат түрлері де бірдей емес. Дегенмен, олардың негізін венерологиялық аурулар құрайды. Медициналық тексеру нәтижесінде жастардың екеуі де некені тіркейтін органға медициналық анықтама өткізуі тиіс. Олар бұл ережеге бағынбаса, некелерін қия алмайды.
Өзбекстанда мұндай заң 2004 жылдан бастап қолданысқа енген. Оған сәйкес, үйленуге ниет қылған жұптар психикалық, наркологиялық, соз ауруларына (гонорея), туберкулезге, АИТВ (ВИЧ) және ЖИТС-қа тексеріледі. Бұған қоса, бір-біріне туыстық қатысы жоғын растайтын анықтама өткізуі шарт. Өзбекстан билігі мұндай қадамға елде туабітті ауруларға шалдыққан сәбилер санының артуынан кейін барған. Жақын туыстардың бір-біріне үйленуі себепті өмірге генетикалық ауытқуы бар ұрпақ келуі көбейген. Тексеруден соң анықтама қағаз емделушінің өзіне табысталады. Ал некені тіркеу органына жалпы медициналық тексеруден өткені және оның нәтижесінен хабардар болғаны туралы анықтама өткізіледі. Өйткені, тексеру қорытындысы – дәрігерлік құпия. Бірақ, некеге тұрушылар – ер мен әйел неке тіркелмес бұрын бір-бірінен бұл құпияны жасырмауға тиіс. Өйткені, заң бойынша, кейін біреуінен жұқпалы ауру белгілері анықталып жатса, екіншісі оны жасырғаны үшін сотқа тартуға құқылы.
Тәжікстанда да туыс адамдардың өзара некелесуінен туған мүгедек балалар саны жоғары. Сондықтан, бұл елде жақын туыс адамдардың өзара үйленуіне және жыныстық ауруы бар жастардың некесін қиюға тыйым салатын заң 2016 жылы қабылданған.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың электронды денсаулық паспорты eGov порталында. Жүйе қалай жұмыс істейді?
Болашақ жас жұбайлардың денсаулығында қандай кінәрат барын алдын ала анықтап, жыныстық жолмен берілетін сырқаттардан сақтау үшін Әзербайжан да 2015 жылы неке туралы заңына өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, шаңырақ көтергісі келетін екі жас міндетті түрде медициналық тексерістен өтіп, бірқатар анализдер тапсырады. Тізімге қан мен зәр талдауы, инфекцияға, гепатит жұқпасына және мерез вирустарына анализ жасау кіреді. Сондай-ақ, рентген мен ультрадыбыстық зерттеулер енгізілді.
Мұндай заң 2016 жылдан бері Түрікменстанда қолданыста. Бұл елде күйеу жігіт пен қалыңдық ВИЧ инфекциясына анализ жасатуға міндетті. Ал Болгарияда некеге тұруға ниет білдірушілер арнайы декларация мен неке қиюға кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық куәлік беруге тиіс. Сол сияқты АҚШ-тың кейбір штаттарында мерезбен ауырған кезде неке қию мүмкін емес. Украинада отбасын құратын адамдар медициналық бақылаудан өтуге міндетті болса да, тексеріс нәтижесі тек өздеріне ғана белгілі болады. Тараптардың бірі денсаулығындағы кінәраты туралы жасырып қалса, кейін некені жарамсыз деп тануға мүмкіндік бар.
Молдавия мемлекеті де әуелде осындай заңды қабылдап, кейіннен бас тартты. Қазір бұл елде үйлену алдында дәрігерге қаралу міндетті емес. Себебі, билік бұл норманы халықаралық заңнама аясында, адам құқықтары мен бостандықтарын шектейді және жеке өмірге қол сұғушылық деп есептейді. Десе де, Молдавияда медициналық тексеру тегін болып қалды. Некеге тұратындар тексерістен өз еркімен тегін өте алады. Жаңа заңға сәйкес, тексеру кезінде ауру немесе генетикалық ауытқулар анықталған жағдайда, дәрігер екі жасқа ұрпақ өрбітпеуге кеңес береді. Ал талдау нәтижелері екі тарапқа емес, тексеруден өткен адамның жеке өзіне ғана мәлім болады.
Оқи отырыңыз: Ата-ананың рұқсатынсыз түсік жасатуды заңдастыру қажеттілік пе әлде қамқорлық па?
Қазақстандағы жағдай қандай?
Қазақстанда некеге тұрар алдында медициналық тексеруден өту міндеттелмеген. Алайда, осыған ұқсас бастама 2013 жылы отандық дәрігерлер тарапынан көтерілген болатын. Дәрігерлер ұрпақ саулығы үшін мұндай заңның тиімді екенін алға тартып, отбасын құрғалы жүрген азаматтарға шаңырақ көтерер алдында ВИЧ инфекциясына анализ тапсыруды міндеттеуді ұсынған. Бірақ, бұл бастама қолдау таппады. Дегенмен, қазір аталмыш жұқпалы дертке ерікті түрде анализ тапсыратындар көбейіпті. Мәселен, Алматы қаласы "ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығы" биыл 350 мың адамды инфекцияға тексерсе, оның 500-нің талдамасы ВИЧ жұқтырғанын растаған.
"Отбасын құрмас бұрын екі жастың денсаулығын тексерткені дұрыс. Бірақ оны міндеттегеннен гөрі, саналы түрде өз еркімен келуге үгіттеген жөн. Сонда жұбайлар өздерімен қоса болашақ ұрпағының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, медициналық тексерістен өтуді өмір бойы әдетке айналдырады. Біз АИТВ алдын алу үшін ашық есік күндерін өткізіп, ақпараттандыру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Соның нәтижесінде жыл сайын жұқпалы инфекцияға тексерілетіндердің саны 5-7 пайызға көбейіп отыр", – деді Алматы қалалық ЖИТС алдына алу және оған қарсы күрес орталығының бөлім меңгерушісі Айнұр Жандыбаева.
Оқи отырыңыз: АИТВ жұқтырған балаларға арналған оқу модулі әзірленді
Еліміздің "Неке және отбасы туралы" заңында некеге тұратын адамдарды медициналық тексеру туралы жазылған. Бірақ, екі тармақты 12-бап азаматтарды дәрігердің қарауына баруға міндеттемейді. Онда былай көрсетілген:- Некеге тұруға тілек білдіруші адамдарға медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық мәселелер және репродукциялық денсаулық қорғау мәселелері бойынша кеңес беру мен тексеруді мамандандырылған денсаулық сақтау мекемелері және некеге тұратын адамдардың екеуінің келісімімен ғана жүргізеді.
- Некеге тұратын адамдарды тексерудің нәтижелері медициналық құпия болып табылады және ол некеге тұруға ниеттенген адамға тексеруден өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін.
Есесіне, біздің заңда қауіпті ауруын жасырып, өзгелерге жұқтырған адамға қылмыстық жаза көзделген. Мәселен, Қылмыстық Кодекстің 117-бабы бойынша, өзiнде соз ауруы бар екенiн бiле тұра, басқа адамға жұқтырған адам екі жылға дейiн бас бостандығынан айрылады. Сол сияқты, өзінде иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) барын біле тұра, өзгеге жұқтырған адам Қылмыстық Кодекстің 118-бабына сәйкес сотталып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Ал қауіпті ауруды екi немесе одан да көп адамға және кәмелетке толмаған жасқа жұқтырған адам сегiз жылға дейiн түрмеге қамалуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Балалардың денсаулығын бір жастан бастап бес жасқа дейін нығайту керек"Шет мемлекеттерде неке алдындағы медициналық тексеру мәселесі заң жүзінде бекітілгендіктен, ерлі-зайыптылардың одан кейінгі әрекеті де заң аясында қарастырылады. Яғни, екеуінің бірі некеге тұрып жатқанда денсаулығындағы қауіпті дертін жасырып қалса, бұл неке болмаған болып есептеледі. Бұл ажырасу емес, бұл "неке жарамсыз" деген сөз. Бұл екі жаққа ешқандай құқықтық зардап әкелмейді. Ал біздің заңда некеге тұруға тілек білдіруші адамдарға медициналық-генетикалық тексеріс "тегін жүргізіледі" деп көрсетілсе, ерікті түрде дәрігерге көрінетіндер көбейер еді. Жалпы мұндай тексерісті заң жүзінде міндеттеу ешкімнің құқығын бұзбайды. Қайта екі жастың бір-біріне деген сенімін күшейтеді", – деді заңгер Айыпхан Мұхамадиев.
Неке алдында дәрігерге қаралатын жастар аз
Неке алдында медициналық тексерістен өту заң жүзінде міндеттелмегендіктен, ерікті түрде дәрігердің алдына баратындар тым аз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың тек 10-20 пайызы ғана отбасын құрар алдында денсаулығына мән берсе, қалғаны (әйелдер) жүктілік кезінде ғана медициналық мекеменің есігін қағады. Ер-азаматтар медициналық тексеруден өтуге мүлде құлықты емес.
Дәрігерлер жүктілікті алдын ала жоспарлаған дұрыс екенін айтады. Себебі, бұл жағдайда жас жұбайлар бір-бірінің денсаулығы жайлы алдын ала біліп, жыныстық жолмен берілетін сырқаттардан сақтанады. Бұл өз кезегінде дені сау ұрпақтың келуіне септік етеді.
"Бұрын 30-40 жастан асқан кезде, яғни, егде жастағы ерлі-зайыптыларда генетикалық ауруы бар балалар көп туылатын. Қазіргі статистика бойынша, жас әйелдердің сәбилері де түрлі ақаулармен туылып жатыр. Дүниеге мүгедек болып келетін сәбилер көбейді. Сол үшін жас жұбайлар уақытылы тексеріліп, дәрігердің кеңесіне жүгінгені жөн", – деді "Салауатты Астана" медициналық орталығының акушер-гинекологы Нұржамал Өтемұратова.
Дәрігерлер медициналық тексерісті алдын-ала жоспарлау арқылы сәби сүйе алмай жүрген жас отбасылардың ұрықтандыру қабілетін анықтап, бедеулікке алып келетін ауру түрлеріне ерте және тиімді ем жүргізуге болатынын айтады. Бұл арқылы ажырасу деректерінің санын азайтуға да болады. Өйткені, жас отбасылар арасында бедеулікпен қоса ажырасу саны да артқан.
Оқи отырыңыз: Ауыл жастарының ажырасу көрсеткіші 17 пайызға артты
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әйелдер мен ерлерде бедеуліктің пайда болуына әкелетін жиырмадан астам фактор бар. Соның ішінде жастардың арасында жыныс мүшелерінің қабыну процестері және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар алдыңғы қатарда. Салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбау, темекі шегіп, ішімдік тұтыну да сәби сүю бақытынан айырады. Жыныстық серіктердің жиі ауысуы да бедеулікке әкеледі.
Бір жыл ішінде балалы болмаған ерлі-зайыптылар ресми түрде бедеу саналады
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, үйленген жас жұбайлар 1 жыл ішінде балалы болмаса, оларға ресми түрде бедеулік диагнозы қойылады. Оның себебі – жұптың біреуінде не екеуінде де репродуктивті қызметтің бұзылуы. Бұрын бала сүюге тек әйелдер бедеулігі кедергі болса, қазіргі ерлер арасында да бедеуліктің өсуі байқалады. Оған алып келетін ауру түрлері: жыныс бездерінің инфекциясы мен варикоцеле болса, себебі – жыныстық серіктердің жиі ауысуы саналады. Ал әйелдерде эндометриоз, жатыр түтігінің зақымы және тағы басқа аурулар жиі кездеседі.
"Инфекциялық аурулардың жасөспірімдер арасында да кездесетіні алаңдатып отыр. Оның үстіне, күннің суығына қарамастан жеңіл киіну де бедеулікке әкеліп жатыр. Артық салмақ пен йод жетіспеушілігі де әсер етеді. Сондықтан қыздарды гинекологқа, ұлдарды урологқа ерте жастан көрсеткен жөн. Сонда ғана гормондарды қалыпқа келтіруге болады", – деді Нұржамал Өтемұратова.
Ел тұрғындарының пікірі қандай?
Дәрігерлер Қазақстанда некеге тұратын жастарды медициналық тексеруден өтеуге міндеттеу туралы заң қабылданса, бедеуліктің алдын алып, өмірге дені сау ұрпақ әкелуден бөлек, ажырасуды азайтуға болатынын айтады. Ал ел тұрғындары не дейді?
Оқи отырыңыз: Атырау және Алматы облыстары бала өлімі бойынша көш басында
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда жастарды некеге тұрар алдында толық денсаулық тексеруінен өтуге міндеттеу бағытында жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Дегенмен, елімізде профилактикалық медициналық тексерістер Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 10 қарашадағы № 685 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Елімізде репродуктивтік денсаулықты жақсарту аясында аймақтарда перинаталдық орталықтар жұмыс жасайды. Бұл мекемелерде әйелдер мен ерлерге денсаулық репродукциясын қорғау мәселелері бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар, еліміздің емханаларында отбасын жоспарлау бойынша 300-ден аса кабинет, сондай-ақ жастарға бедеулікке соқтыратын себептер бойынша ақпарат беретін 80-нен астам Жастардың денсаулығын сақтау орталықтары қызмет атқарады.