Тікелей эфир

Балаға ақша жинау мен жұмсауды қалай үйреткен дұрыс? Психолог кеңесі

Психоаналитик бұл материалда балалардың қаржылық сауатын арттыруға арналған бірнеше ойын түрін ұсынады.

Қазақстандық психоаналитик Жанар Оспан баланың жасөспірімдік шаққа дейін ақшадан тарықпауы маңызды екенін айтады. Өйткені, бұл оның алдағы өміріндегі қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді. Осы орайда, маман балалардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған ойындар ұсынды. 

"Қазақ отбасында ақша биліктің эквиваленті. Бұл міндетті түрде қаталдық, отбасы мүшелерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау деген сөз емес. Бар болғаны отбасын қаржымен қамтамасыз ететін адам басты шешімдерді өзі қабылдайды деген сөз. Алайда осы қолда бар ақшаны баласына билік жүргізу құралы ретінде қолданғысы келетін ата-аналар бар. "Мен сені бағып жатырмын, неге осылай жасамайсың?!" деген сияқты. Бұған қарсы жауап ретінде жасөспірімдер әке-шешесінің ақшаға алып бергенінен бас тартуға тырысады. Сондай-ақ, "Сен өзіңді жақсы ұстасаң не ҰБТ-да жоғары балл жинасаң, көлік алып беремін" деген ұсыныстар да болады. Бұл да қате. Өйткені, баланың жақсы-жаман екенін ақша шешпейді", – деді Жанар Оспан. 

Мұнымен қатар, психоаналитик жасөспірім шаққа дейін баланың қаржыға бола алаңдамауы маңызды екеніне тоқталды. Айтуынша, бұл жасөспірімнің болашақ өміріне тікелей әсер етеді. 

"Баланы туғаныңыздың өзі оны аяғынан нық тұрып кеткенше қажетімен қамтамасыз етуге келіскеніңізді білдіреді. Әрине, қымбат көлік, қымбат бренд киімдерін алып беруге міндетті емессіз. Десе де, баланы жеке бөлме, ас, киіммен қамтамасыз ету міндетіңіз. Оның үстіне осы қорғаныш сезімі оларда базалық модель болып қалыптасады. Ал тиісті деңгейде қамқорлық пен махаббатты сезінбеген балалар үнемі бірнәрсе сатып алып беруді талап етеді немесе тамақты шектен тыс мөлшерде ішеді. Олардың моделі дефицитке негізделіп тұр. Сондықтан жасөспірімдік шаққа дейін балаңыздың ақша үшін алаңдамауына жағдай жасаңыз", – деп түсіндірді психоаналитик. 


Оқи отырыңыз: Биржа базары: 2022 жылы қандай компанияларға инвестиция салған тиімді


Осы орайда, Жанар Оспан балалардың қаржылық сауатын арттыруға немесе оларда ақша туралы түсініктің пайда болуына көмектесетін бірнеше ойынды ұсынды. 

Ақшаны ажырата білу

Үш жасқа дейін балалар заттың сапасын, оның бағасына қаншалықты лайын екенін ажырата алмайды. Сондықтан бастапқыда оларға ақша түрін ажыратып үйретуге болады. Бірнеше ыдыс қойып, балаңыздың қолына әртүрлі тиын ұстатыңыз. Кейін 50 теңгені – бір ыдысқа, 100 теңгені – екінші, 200 теңгені үшінші ыдысқа салып шығуын сұраңыз. Сондай-ақ, қағазға тиындардың көлеміне сай келетін шеңбер сызып, тиындарды шеңбердің ішіне көлеміне сай ұйымдастыруды өтініңіз. 

Ақшаны бірден жаратып тастамау

4 жастан асқан балаға саудаласуды, ақша үнемдеуді үйрете беруге болады. Қаржылық жағдайыңызға байланысты бір аптаға 500 немесе 2500 теңге беріңіз. Кейін осыны бір аптаға жеткізуді тапсырып, күнделікті осы тақырыпта сөйлесуге тырысыңыз. Басты мақсат – балаға ақшаны бірден жаратып тастамауды үйрету. 

Мақсат қою

6 жастан асқан баламен бірге мақсат қойып, соған ақша жинауға болады. Бала жалығып кетпес үшін екі мақсат таңдаңыз. Біріншісі бірнеше күнде жететін, екіншісі бірнеше аптаға созылатын. Өзіңіз берген ақшаның қанша бөлігін сақтап отырса, мақсатына жететінін түсіндіріңіз. Ақша жинайтын ыдыстың сыртына датасына дейін жазып қоюға болады. Балаға көп жағдайда сөзбен айтып үйрету бекер. Сондықтан жұмыс орныңызбен таныстырып, ақшаның қай бөлігі қайда кетіп жатқанын көрсеткен артық болмайды. 


Оқи отырыңыз: Психолог Айғаным Қуатқызы: Іште бұққан жағымсыз сезім түбі баладан шығу жолын табады


Баланс сақтай білу

Кейде мақсатымызға жету үшін кей заттардан тыйыла тұруымызға тура келеді. Мұны балаңызға қолына 1 000 теңге беріп, алдына бес жүз теңгенің үш затын қою арқылы түсіндіріп көріңіз. Ішінен ұнатқан екеуін таңдасын. Екінші жағынан бұл қаржы жинауға мотивация болады. 

Бюджет туралы жалпы түсінік қалыптастыру

Мұны кішігірім модель арқылы түсіндіруге болады. Мысалы, қолына 5 000 теңге беріп, отбасы мүшелерінің барлығына мерекеге сыйлық алуын өтініңіз. Алдымен бірге дүкен аралап, алғысы келген заттардың бағасын қағазға жазып, үйге келіп есеп жүргізуді үйретіңіз. Яғни ақшасы жеткенін ғана алуы керек. 

Серіктестер жаңалықтары