Тікелей эфир

Биржа базары: 2022 жылы қандай компанияларға инвестиция салған тиімді?

Қаржыгерлермен бірге бағалы қағаз сатып алу жолдарын түсіндіреміз.

Отандық қаржыгерлер 2022 жылдың II жарты жылдығында инвестиция салуға тиімді компанияларды атады. Айтуларынша, дәл қазір циклдік тауарлар немесе ұзақ мерзімді тұтыну тауарлар секторларына ақша салмаған дұрыс. Керісінше Microsoft пен Apple компаниялары қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанына қарамастан, ұзақ мерзімге инвестиция жасағысы келетіндер үшін барынша тиімді. 

Сондай-ақ, мамандар биржада құнды қағаз сатып алу жолын түсіндірді.

Брокер деген кім?

Биржада кез келген құнды қағазды сатып алу үшін сізге делдал қажет. Делдал – брокерлік қызметті жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар брокерлік компания. Брокер инвесторға биржаға кіруге мүмкіндік береді және ол үшін комиссия алады. Сіз брокерлік шотты ашасыз, оны қажетті валютада толтырасыз және брокерге қандай бағалы қағаздарды сатып алу керегі туралы тапсырма бересіз. Яғни инвестиция салу брокерді таңдау, шот ашу, шотты толтыру, бағалы қағаз таңдау және мәміле жүргізу тәртібінде жүзеге асады. 

"Кей адам несие алып, соған бағалы қағаз сатып алғысы келеді. Мұндайда іске кіріспейміз, инвестицияны артық қаражат болған кезде ғана жасаған дұрыс. Клиенттің қарапайым тұрмыс-тіршілігіне жететін қаражатының болуы маңызды. Басында бірнеше несиесі бар азаматтар да қор нарығына келмес бұрын ойлануы керек. Көбінесе Қазақстанда көп адам пәтер сатып алып, оны жалға беру немесе қымбатқа сату арқылы табыс тапқысы келеді. Бұл да жақсы. алайда әлемде басқа да қаржы көздері бар. Мысалы, АҚШ-та әрбір үшінші адам, Скандинав елдерінде әрбір екінші адам биржада сауда-саттық жасайды. Қор нарығында тек байлар болады деп қателеспеңіз. Мысалы, Уоррен Баффет секілді инвесторлардың өзі инвестиция салуды 100-300 доллардан бастаған. Оның үстіне Қазақстанда "Бірден 10-20 мың доллардан бастауың керек" деген талап жоқ. KASE мен AIX-те мың теңгеден бастай беруге болады", – деп түсіндірді Jusan инвест ірі клиенттермен жұмыс департаментінің вице-президенті Айгерім Молдабекова.

Мұнымен қатар, департаментің вице-президенті Қазақстанда клиенттерді қорғау мақсатында брокерлерге белгілі бір шектеулер бар екенін атап өтті. Шетелде брокерлер клиенттің банк шотында жатқан қаражатын толық басқара алса, Қазақстанда керісінше. Сондықтан брокерлік компания жабылғанның өзінде клиенттің активтері банкте сақталады. Брокер оны өз шотына аудара алмайды және қарыздарды өтеу үшін қолдана алмайды.


Оқи отырыңыз: Пандемия кезінде қаржы пирамидалары көбейе түскен. Алаяқтарға алданбаудың амалы қандай?


"Қор нарығы мен банк депозиттерін өзара салыстырдық. Қор нарығында табыс шектелмеген. Мысалы, акцияны арзан бағаға сатып алып, кейін қымбатырақ етіп сата аласыз. Осылай 100-500 пайызға дейін пайда көрген азаматтар бар. Сондай-ақ, дәл қазіргідей "аю тренді" болып жатқанда портфельдер төмендейді. Бірақ, табыс жоғары болса да, үлкен тәуекел бар екенін жоқ шығара алмаймыз", – деп қосты Айгерім Молдабекова. 

Брокерді қалай таңдаймыз?

Қазіргі заманда бағалы қағаздармен жасалатын барлық операция брокердің сауда платформасы арқылы онлайн режимде жүзеге асады. Бағалы қағаздардың қағаз түріндегі нұсқасы бұрыннан жоқ. Олардың барлығы электронды форматқа көшірілген. Сенімді компанияны табу үшін ресми ресурстарды пайдалану керек. Мысалы, KASE брокерлер туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді. 

Оларды таңдау кезінде мынандай критерийлерге қарау керек:

  • реттеушіден қолданыстағы лицензияның болуы – ҚР ұлттық банкінің лицензиясы;
  • ыңғайлы онлайн платформаның болуы;
  • қолжетімді құралдар мен нарықтар;
  • не үшін төлеу керегін біліңіз: комиссия түрлері, ең төменгі шектер, тіркелген төлемдер;
  • қызметтің қашықтан көрсетілуі;
  • есіңізде болсын брокер ешқашан шотты дереу толтыруды талап етпейді, жоғары кірістер мен төлемдерге уәде бермейді. 

"Қаржы операцияларының барлығы ашық өтеді. Қазақстанда ұлттық банк брокерлердің әр қадамын тексеріп отырады.  Жалпы бағалы қағаз сатып алу үшін бес қадамды жүзеге асыру қажет. Бірінші – қаржы жағдайыңызды бағалау. Екінші – ақшаңыздың бір бөлігін, дәлірек кемінде үш айлық жалақыңызды "қаржы жастығы" ретінде сақтап қою. Үшінші – брокерді дұрыс таңдау. KASE сайтына кірсеңіз, сол жерде жиырмадан астам брокердің тізімі бар. Олардың қайсысының лицензиясы бары көрсетілген. Төртінші – инвестиция туралы базалық білім. Бесінші – бағалы қағазды таңдау", – деді Jusan инвест корпоративтік қаржы департаментінің вице-президенті Ая Алдабергенова.


Оқи отырыңыз: Несиені уақытылы төлей алмасаңыз, не істеуге болады?


Департамент өкілінің айтуынша, жеке тұлғаның өзі биржаға келіп бағалы қағаз сатып ала алмайды. Сондай-ақ, AIX пен KASE-де бағалы қағаз сатып алған қазақстандықтар салық төлемейді. Ал шетелде азаматтар мемлекетке 10% салық төлейді. Сондай-ақ, дивиденттер үшін салық төлеу қажет болады.

"Дәл қазір Қазақстан азаматтарына отандық брокерлермен жұмыс істеуге ғана кеңес беремін. Өйткені, қандай да бір қиындыққа тап болса, ұлттық банк көмегіне жүгіне алады. Ал шетелдік брокермен қиындық туындаса, Лондондағы халықаралық сотқа жүгіну қажет. Бірақ бұл шетелдік брокелердің барлығы тиімсіз деген сөз емес", – деп қосты Ая Алдабергенова. 

Бағалы қағаздардың қандай түрлері бар?

  1. Акция – құнды қағаз, бизнестің үлесіне құқығыңызды растайтын құжат. Үлестік бағалы қағаз болып саналады.
  2. Облигациялар – қарыз қағазы. Облигацияны сатып алғанда сіз компанияға қарызға пайызбен ақша бересіз.
  3. Биржалық қорлар немесе ETF – үлестерін биржада сатып алуға немесе сатуға болатын қорлар. Яғни жалғыз бір бағалы қағаз емес, олардың жиынтығы. Бұл кәсіби қаржыгерлер қадағалайтын дайын және теңдестірілген портфель.
  4. ПАЙ қоры немесе ИПҚ – кәсіпқойлардың стратегиясына сәйкес басқарылатын бағалы қағаздардан тұратын дайын портфель. 

Әрқайсысы қандай мүмкіндік береді?

  • акция – ағымдағы пайданың үлесін дивиденд түрінде алу құқығы, компания таратылған кезде мүліктің бір бөлігін алу мүмкіндігі, ұйымды басқаруға қатысу мүмкіндігі;
  • облигация – компания дамуға немесе кеңеюге ақша жетпеген кезде облигациялар шығарады. Инвестор, өз кезегінде, тұрақты купондық төлемдер алып отырады. Облигациялардың мерзімі аяқталғанда инвестор барлық ақшасын қайта алады.
  • ETF – әртүрлі сала мен елдерді қамтып, жаһандық индекстерге негізделеді. Үлесті сатып ала отырып сіз бірден барлық бағалы қағазға немесе активке инвестициялайсыз. Сондай-ақ ETF дивидендтер төлейді. Биржалық индекс бағалы қағаздар немесе басқа активтердің белгілі бір жиынтығынан тұрады. Мысалы, S&P 500 – америкалық қор индексі. Бұл АҚШ-тың 500 жетекші компаниясының акциялары құны қалай өзгеретінін көрсетеді.
  • Пай қоры немесе ИПҚ – түрлі инвестордың ақшасын қандай да бір қаржы құралдарына салу үшін оларды біріктіреді: акциялар, облигациялар, жылжымайтын мүлік, биржада сатылатын қорлар. ИПҚ стратегиясы индекстерге байланысты емес. Оның үлестерін алғашқы шығарылымда сатып алуға болады. 

Оқи отырыңыз: Несие алудың тиімді жолдары немесе банкке алданбау үшін нені білу керек


"Брокерден өзінің қызметі үшін алатын сомадан бөлек банк пен биржадағы операциялар үшін комиссия қанша екенін алдын ала сұрап алыңыз. Ал шот ашу және оны жүргізу тегін. Барлығы онлайн түрде ұялы қосымшада жүзеге асады. Кеңсеге келуді талап еткен брокерлердің көбінесе технологиясы дамымаған. Ең бастысы нарыққа кірмес бұрын стратегияның болуы", – деді Ая Алдабергенова.

IPO мен SPO айырмашылығы неде?

IPO – компанияның өз акциясын биржада алғаш рет сатуы, оны алғаш рет жариялауы. Көптеген инвестор IPO-ны күтеді. Өйткені, олар акция өскенде жақсы табыс таба аламын және бірінші күні акцияны төмен бағамен сатып аламын деп үміттенеді. Компанияның акцияларды биржада қосымша орналастыруы немесе акцияларды екінші рет орналастыруы деп SPO-ны айтады. SPO көбіне компанияның өз ақшасының жоғын білдіреді. 

Сондай-ақ, қаржыгерлер 2022 жылдың II жарты жылдығында қазақстандық эмитенттерден "Халық банк", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақтелеком", "ҚазТрансОйл" (дәл осы тәртіппен) акцияларын қарастыруды ұсынды.

"Шетелдік эмитенттерге келетін болсақ, бизнес үшін әрдайым тартымды болған, қаржы балансы тұрақты, борыштық жүктемесі аз және осы күнге дейін үздіксіз дивиденд төлеп келген нарық мастодондарына инвестиция салған дұрыс. Олар – Microsoft (MSFT), Apple (AAPL) Johnson & Johnson (JNJ), Merck & Co (MRK). Біз бұл акцияларды ұзақ мерзімге қарастыруды ұсынамыз. Microsoft пен Apple технологиялық секторының өкілдері болғандықтан, қазіргі уақытта рецессияны күтуіне байланысты қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатыр. Десе де, ұзақ мерзімді инвесторлар үшін қазір акцияларының бағасы тиімді болып отыр. Мұнымен қатар, бұл компаниялар KASE Global тізіміне енген және олардың акциясын KASE-де жеңілдетілген комиссиямен сатып алуға болады. Бұдан өзге рецессия кезінде бағасы өсетін "қорғаныс акцияларына" назар аударған жөн. "Қорғаныс акциялары" қатарына денсаулық сақтау және коммуналдық қызметтер секторларының, сондай-ақ, циклдік емес тауарлар немесе күнделікті сұраныстағы тұтыну тауарлар секторларының қағаздары кіреді. Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайға байланысты қорғаныс секторының акциялары мен бағалы металдар (алтын) да инвестициялауға тартымды болып отыр. Мысалы, Newmont (NEM), Barrick Gold (GOLD), Boeing (BA), Lockheed Martin (LMT)", – деді банк өкілдері. 

Сондай-ақ, керісінше туризм, әуе тасымалы салалары секілді циклдік тауарлар немесе ұзақ мерзімді тұтыну тауарлар секторларына ақша салмаған дұрыс екенін айтты. 

"Біріншіден – оның өсуі нарықтың бастапқыда айтарлықтай құлдырауына байланысты, ал екіншіден – дивидендтік кірісі аз. Сонымен қатар, біз қаржы секторына да кіруге кеңес бермейміз", – деді банктегілер. 

Бағалы қағаздар туралы ресми ақпаратты қайдан көруге болады?

Серіктестер жаңалықтары