8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – әйелдер қауымының асыға күтетін көктем мерекелерінің бірі. Бұл күнге орай, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаладарында түрлі іс-шаралар жоспарланған.
Нұр-Сұлтан
Табиғат аясындағы серуен. 8 наурызды басқа бір жерде атап өту – ерекше идея.
Отандық түрлі туристік операторлар 8 наурыз қарсаңындағы үш күндік демалыс кезінде Бурабайға бір, екі, үш күндік сапар ұйымдастырады. Оның бағдарламасына Шортанды, Бурабай көлдерін, Абылай хан алаңын, Бөлектау, Жұмбақтас, Оқжетпес тауларын, Санта Клаус резиденциясын тамашалау кіреді.
Сонымен қатар Зерендіге бір немесе екі күндік сапармен барып қайтуға болады. Онда шаңғы, сноуборд, шана, коньки теуіп, көбелек музейін тамашалай аласыз. Музейде жергілікті ғана емес, басқа елдерде де тіршілік ететін 2 мыңдай көбелек түрі бар.
Баянауылға барып, Қоңыр-Әулие үңгірін көріп, Жасыбай мен Торайғыр көлінің тамаша табиғатын тамашалап, таза ауада серуендеуге болады.
Оқи отырыңыз: Наурыз мерекелерінде отырыс өткізуге рұқсат па?
Концерттер. 8 наурыз күні "Астана" концерт залында "Шымкент шоу" театрының әзіл кеші, Тұңғыш президент музейінде үлкен Stand Up концерті, конгресс орталықта Раим мен Садраддиннің, Qazaqstan орталық концерт залында Мейрамбек Беспаев пен Ғазизхан Шекербековтің ән кеші өтеді.
Сондай-ақ осы күні Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрының артистері мен симфониялық оркестрі "Тыңда" музыкалық кешін ұсынады. Сахнада Еркеғали Рахмадиев, Шәмші Қалдаяқов, Абай, Нұрғиса Тілендиев, Құрманғазы қалдырған музыкалық туындылар орындалады.
Билеттерді мына сайттан қарай аласыз.
Алматы
Табиғат аясына серуен. Алматы тұрғындарының да осы мерекелік демалыс күндерін табиғат аясында өткізуіне болады. Қала маңында табиғатының сұлулығы таңдай қақтыратын Көлсай, Қайыңды, Шарын, Таңбалы тас сынды туристік жерлерге бір, екі немесе үш күндік туристік сапарлар бар. Көлігіңіз болса, отбасыңызбен таза ауада саяхат жасаудың таптырмас мүмкіндігі.
Белсенді демалыс. Медеу шатқалына саяхат жасап, мұз айдынында коньки тебуге болады. Сонымен қатар, Шымбұлақ шаңғы курортында шаңғы, сноуборд тебе аласыз. Ал отырғышы бар көтермелермен теңіз деңгейінен 3163 метр биіктіктегі Талғар асуына шығуға болады. Сондай-ақ бұл жерде қонақ-үй, мейрамхана, боулинг және сауна моншасы да бар. Сондай-ақ Талғар тауларының етегінде орналасқан "Ақ Бұлақ" таушаңғы курортында да белсенді демалыс ұйымдастыра аласыз.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Қазақстан ғалымдарының жартысынан астамы – әйелдер
Концерттер. Халықаралық әйелдер мекересіне орай Республика сарайында Роза Әлқожаның ән кеші, La Bohême театрында Women in Jazz джаз кеші өтеді.
Одан бөлек осы театрда этникалық барабанда ойнау бойынша шеберлік сағатын өткізу жоспарланған. Оны этникалық барабандардың шебері, халықаралық Еуразиялық шығармашылық одағының мүшесі Юрий Леонов жүргізеді. Бұл көктем мерекесінде музыка тыңдап қана қоймай, музыкалық инструментте ойнап үйрену үшін таптырмас мүмкіндік.
Билеттерді мына сайттан қарай аласыз.
Театр. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры "Махаббат қызық мол жылдар" қойылымын ұсынады. Ал, Наталия Сац атындағы балалар мен жасөпірімдер театрында "Слишком женатый таксист" комедиясы, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында "Мастер и Маргарита" қойылымы, "Жас Сахна" театрында "Не пара" лирикалық комедиясы көрермен назарына ұсынылады.
Қойылымдарға билетті алдын ала алуға болады.
Оқи отырыңыз: "Өнер күйзелістен емдейді". Құм терапиясы деген не және ол кімдерге арналған?
Арт-кездесу. Екі қалада да көркем сурет, керамика шеберханалары осы күні сыйлық ретінде ұсынуға болатын сертификаттар әзірлейді. Бұл шеберлік сағаттарын құрбы-құрдастармен, отбасымен, сүйікті адамыңызбен бірге өткізуге де болады. Психологтардың айтуынша, мұндай шығармашылық жұмыстар адамдардың өзін тануына жол ашып, айналасындағы адамдармен жақындастыра түседі.
Мерекелік кешкі ас немесе кино кеші. Барлық мереке күндері сияқты бұл күні де мерекелік дастархан жайып, кино кешін ұйымдастыруға болады.