Тікелей эфир

Түркістан, Ташкент, Дубай. Бес күн Наурызда қайда барып демалуға болады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Бұл материалда арзан саяхаттауға болатын маршруттар туралы әңгімелейміз.

Наурыз мейрамында Қазақстан халқы 21-25 наурыз аралығында қатарынан бес күн демалады. Осы орайда Информбюро порталы көктемгі демалыстарда баруға болатын орындарға шолу жасады.

Түркістан

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі / Фото: depositphotos.com

Алдымен өз елімізден бастайық. Түркі әлемінің астанасы саналатын Түркістан жыл санап туристер ағылатын қалаға айналды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп келетіндер де, тарихи ғимараттың сәулеті үшін ат басын бұратындар да көп. Ескі қалаға көрік қосқан "Керуен Сарай" кешенінде туристердің демалуына бар жағдай жасалған: мұнда тамақтанатын орындар, киім дүкендері, "Алтын самұрық" театры, қайық жүзетін канал, биші субұрқақтар, балалар ойнайтын алаң бар. Кешке судағы "қайық шеруі" – театрландырылған шоуы тамашалаған әр жанды өткен заманға елітіп әкетеді.

Алматыдан Түркістанға екі күндік экскурсиялық турлар бағасы 27 мың теңгеден басталады. Екі күнде тур қатысушылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен-Сарай, Арыстан баб, Ақмешіт үңгірі, Домалақ Ана, Айша бибі және Бабаджа Хатун кесенелерін көре алады. Тур бағдарламасына трансфер, жатын орын, таңғы ас, гид қызметі, экскурсия, кіру билеттері кіреді. 

Түркістанға пойызбен, автобуспен, Алматы, Астана, Ақтау, Орал және Қостанайдан тікелей ұшақпен жетуге болады. 


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында туристердің баруына ұсынылатын 10 нысан. Фоторепортаж


Алматы облысы

Көлсай көлі / Фото: depositphotos.com

Алматы облысында туристер ең көп баратын Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері орналасқан. Алматы қаласынан туристік аймаққа көптеген тур ұйымдастырылады. Тур бағдарламалары бағасы мен уақытына қарай әртүрлі. Тек Көлсай мен Қайыңды көлдеріне не болмаса Шарынмен қоса Қара, Айлы каньондарына, Шарын өзеніне апаратын турлар бар. Бір күндік тур бағасы 12 мың теңгеден, ал екі күндік турлар 25 мың теңгеден басталады. Тур ақысына көлікпен барып-келу, жатын орын, тамақ, экоалым, гид қызметі кіреді. 


Шымкент

Ақмешіт үңгірі / Фото: Informburo.kz

Шымкент те туристік қалаға айналды. Түркістанға бар-жоғы екі сағаттық жерде орналасқан бұл қалаға қонақтар дәмді тамағы мен қонақжайлығы үшін барады. Алматы қаласынан Шымкентке тур компаниялар арқылы баруға болады. Турлар 40 мың теңгеден басталады. Оған трансфер (ыңғайлы автобус), үш мезгіл тамақ, жатын орын, экоалымдар, гид қызметі кіреді. Тур бағдарламасында Шымкент қана емес, Ақсу каньоны, Ақмешіт үңгірі, Қазығұрт тауы бар. 

Шымкентке пойызбен, көлікпен, сондай-ақ Қазақстанның бірнеше қаласынан ұшақпен жетуге болады. 

Маңғыстау

Бозжыра / Фото: depositphotos.com

Жердегі Марс аталып кеткен Маңғыстау өңірінің табиғи және киелі орындарын тамашалауға бес күн жетпейді. Десе де Наурыз мейрамында қарт Каспи теңізін, Тетис мұхитының табаны болған әйгілі Бозжыраны, Қызылкүп пен Ыбықты сай шатқалын, Шерқала, Айрақты тауларын, домалақ тастарымен көздің жауын алатын Торыш алқабын, Шақпақ ата секілді жерасты мешіттерін, Бекат ата мешітін, жыл сайын көрісу мейрамы тойланатын Отпантауға барып үлгересіз. Ақтау қаласында турагенттіктер мен операторлар аталған орындарға турлар ұйымдастырады. Бағасы жолдың алыс-жақындығына қарай 7 мың теңгеден басталады. Тур бағасына трансфер, экскурсия, экоалымдар, гид қызметі кіреді. Бір күнде бірнеше орынға барамын десеңіз тур бағасы қымбаттай береді. Ал джип турлар кәдімгі автобус турлардан қымбатырақ.

Ақтауға пойызбен, ұшақпен, жақын облыстардан автобуспен жетуге болады. Қалауыңызға қарай қонақ үй таңдап, пәтер жалдай аласыз.

Өзбекстан 

Регистан / Фото: depositphotos.com

Өзбекстан – Наурыз мейрамы әлі күнге дейін дүркіреп тойланатын түркі елдерінің бірі. Әрі бұл ел Қазақстанның оңтүстігіне жап-жақын. 

Көрші өзбек еліне бару үшін Қазақстан паспорты болуы қажет. Өзбекстанға пойызбен, жеңіл көлікпен, ұшақпен жетуге болады. "Жібек жолы" кеден бекетінен өтсеңіз Ташкент қаласы бар-жоғы 15 шақырым жерде орналасқан. Air Astana мен Uzbekistan Airways әуе компанияларының ұшақтары Алматы және Астанадан Ташкентке ұшады. Ал FlyArystan тек Астана мен Ташкент арасында ұшады. 

Әдетте саяхатшылар Өзбекстанға барғанда бірден Ташкент, Самарқанд және Бұхара қалаларын аралап шығады. Қала арасында жеңіл көліктен гөрі пойызбен жүрген ыңғайлы әрі жылдам. Алайда билет ерте алып қоймасаңыз, мейрам кезінде пойызда орын қалмайды. Десе де Өзбекстан туристер үшін арзан ел. Қонақ үй, тамақ қымбат емес. 

Алматы мен Шымкент қалаларынан Өзбекстанға турлар ұйымдастырылады. Турлар локациялар мен уақытқа қарай 70 мың теңгеден басталып, 150 мың теңгеге дейін барады. Әдетте тур бағасына Өзбекстан шекарасына дейін барып қайтатын автобус, қалалар арасындағы көлік (пойыз немесе автобус), қала ішіндегі трансфер, жатын орын, таңғы ас, туристік алымдар мен салықтар, тарихи орындарға кіру билеттері, экскурсиялар, гид қызметі кіреді. Өзбекстанға ұшақпен жететін турлар бұл бағадан қымбат болуы мүмкін. 

Біріккен Араб Әмірліктері

Дубай / Фото: depositphotos.com

Бірікке Араб Әмірліктері қазақстандықтар демалуға баратын басты туристік ел деуге болады. Әсіресе, туристер зәулім ғимараттары көз қарықтыратын Дубайды таңдайды. Мұнайға бай Парсы шығанағы саяхатшылар үшін құмды жағажайымен танымал. Құмды шөлді көргіңіз келсе, сафари-тур алсаңыз болады. Бұл елге туристер демалып қана қоймай, шопинг жасауға барады. Өйткені атақты брендтердің бәрін Дубайдың сауда орталықтарынан таба аласыз. 

Туристер демалыс үшін Дубаймен қоса Абу-Даби, Шарджа, Рас әл Хайманың бірін таңдайды. Бюджетіңізге қарай әмірлікте қонақ үйдің түр-түрі бар.

Абу-Дабиге Түркістаннан, Алматыдан және Астанадан тікелей ұшып баруға болады. Ал Дубайға ұшақпен Алматы мен Астанадан жете аласыз. 

Ал Наурыз мейрамында Біріккен Араб Әмірліктеріне 3-5 күндік турлар бір адамға 250 мың теңгеден басталады. Тур бағасына ұшып бару және қайту билеттері, жатын орын мен таңғы ас кіреді. 

Бұл елге виза қажет емес, дегенмен қолыңызда Қазақстан төлқұжаты болуы қажет.

Серіктестер жаңалықтары